• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

Экспортқа ет те дайын

283 рет
көрсетілді

Мәлім болып отырған бір жа­ғымды жаңалық Қарағанды мал етімен өзін-өзі толық қамтама­сыз ететін аймаққа айналды. Осыған байланысты ендігі мақ­сат ішкі тұтынудан артылған бұл өнімді сыртқы рынокқа шыға­руға қол жеткізу саналады. Ке­ше­­ге дейін елестей болып келген осы мәсе­лені мамандардың бол­жамы бойын­ша жүзеге  асыруға  мүм­кіндік жоқ емес. Соны жетілдіріп, кеңейту  үшін мал тұқы­мын асылдандыруға берік бет­бұру алға қойылды. Экспортқа арна­ла­тын ет семіз әрі дәмді болуы­мен ғана өтімдірек екені белгілі. Сондықтан осындай деңгейге теңелу негізгі талап. Ал экспорттық қарым-қабілет баршылық. Атап айтқанда , 16 мың бас ірі қара  соған ыңғайлы. Бұлардың басым бөлігі тез қоң­да­на­тын тұқым түрі.  «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 326 ша­ғын шаруа қожалығы жеңілде­тілген несие алуға және аталған жобаға қатысуға құлшыныс білдірді. Алды  етке өткізілетін өгіз­шелерді іріктеп, бордақылауға кірісіп кетті. Қазір үш шаруашылықтың негізінде әрқайсысы 1 мың басқа арналған мал семірту орындары жұмыс істеуде. Таяудағы төрт жыл­да санын 10-ға жеткізу көз­делген. Аталған міндетке байланыс­ты мал сою мен   етін өңдеуді халықаралық стандарттарға сай   атқаруды қайтадан құрылатын ет комбинаттары қолға алмақ. Бұл күнде Қарағандыда болгарлық мамандардың көмегімен соның біріне  қажетті құрал-жабдықтар, қондырғылар орнату аяқталып келеді. Осы жазда ет тиісті та­лап­тарға сәйкес өндіріле бас­тайды. Дайындалған өнімді өт­кізу туралы алдын-ала келісім-шарттар жасалып та жатыр. Мүйізді ірі қарамен бірге қой етін экспортқа жөнелтуге де жағдай бар. Былтыр облыста болған ирандық экономикалық делегация  бұл түліктің өнімін сатып алуға қызығушылық білдірсе, қытайлық тұтынушылар тарапынан да іскерлік қатынас нығайтуға ынталылар табылуда. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осындайда ойға оралар болар. Иә, енді бұрынғысынша тар­тыншақтай берудің кезі өткен. Өзгелерге теңесіп қоймай,  озу­дың  дер шағы. Әр сала осылай­ша алға ұмтылудың оңтайын тауып жатса, әлбетте ортақ мақ­сатқа қосылған зор үлес. Әдетте өндірісі басымырақ өңірдің ауыл шаруашылығының бетін экс­порт­тық бағытқа түзеуі сенімділік пен серпіндіктің нақты ай­ғағы болмақ. Сонымен әзірге ірі қара, қой, шошқа еті  сыртқы рынокта бә­се­келесуге дайындалуда. Алайда, ауызға алынбаса жөнсіз, неге екені белгісіз экспорттық санатта жылқы жарықтық жоқ. Көріп жүргендей, шеттен келіп-кетушілер алдымен соның қазысы мен қартасы, жаясы мен жалының дәмін татуға құштар. Артық жарна­малаудың қажеттігі де ша­малы. Тарихи отандарына қоныс ауда­рушылар арқылы алыстағы біраз жұрт  оның қадіріне де қанық. Ендеше, ол да ұмытыл­мауы керек-ақ. Мал өнімін пұлдап өткізу арқасында табыс көзін молынан құраған елдер жеткілікті. Елбасы тапсырмасы соған діттейді. Міне, облыстағы жаңа бір ұмтылыс мақсаты да сол. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.