• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

Мақсат – білім сапасын арттыру

540 рет
көрсетілді

Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төр­аға­лығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық ко­миссияның мәжілісі өтті. Отырысты ашқан комиссия төр­ағасы өз сөзінде «Болашақ» президенттік бағдарламасының көп жылдан бері тәуелсіз Қазақ­станға қажетті халықаралық дең­гейдегі мамандардың алғашқы буы­нын  дайындауда маңызды мін­деттер атқарғанын атап өтті. «Бүгінде Мемлекет басшысының отандық білімнің сапасы мен деңгейін арттыру бағытындағы саясатының арқасында, әсіресе, «Назарбаев Университетінің» ашы­луына байланысты «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде бакалаврларды оқыту тоқтатылып, негізгі назар магистрлер мен PhD докторларын даярлауға бағытталатын болады. Бұл тапсырманы Елбасы жа­қын­да өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында бергені белгілі. Осы­ған байланысты біз «Бола­шақ» бағдарламасының 2011-2015 жылдарға арналған даму жоспарын бекітуіміз қажет»,– деді Қанат Саудабаев. Оның айтуынша, мұндағы басты мақсат – ауқымды мемлекеттік даму бағдарламалары бой­ынша кадрлық қажеттілікті анық­тау, мамандарды мақсатты түрде оқыту және даярланған маман­дар­ды жұмысқа орналастыру. Тағы бір атап өтерлігі, ендігі кезекте мамандардың шетелдердің белді оқу орындарында тәжіри­бе­ден өтуі үшін бөлінетін орын­дардың саны артатын болады. Бұл күнгі комиссия отырысы аясында магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша шетелдердің жетекші оқу орын­дарында оқу, сондай-ақ, ғылыми тағылымдамадан өту үшін «Бо­ла­шақ» президенттік стипендиясын алу құқығына ие үміткерлер са­наты анықталды. Бұған қоса, 2011 жылда басымдыққа ие маман­дық­тардың тізбесі бекітілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.