Сәрсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Экономикалық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
«Нұр Отан» ХДП еліміздегі құқықтық жүйені жетілдіру, қылмыстық жазаны ізгілендіру және қылмысты азайтуға бағытталған Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын іске асыру мақсатында белсенді қызметтер атқарып келеді. Аталған отырыс та осы мақсаттың үдесінен туындаған-тын.
Отырыс барысында Президент Н.Назарбаевтың қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Талқылауға Парламент депутаттары, әлеуетті құрылымдар мен басқа да мемлекеттік органдар, бизнес-қауымдастықтар өкілдері, құқықтанушы ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сөз сөйлеп, аталған заң жобасы Елбасының тапсырмасына сәйкес әзірленіп отырғанын, ендігі мақсат осы заңның жедел қабылдануын қамтамасыз ету екенін атап өтті. «Қазіргі қылмыстық заңнамада көрсетілген кейбір көзқарастар мен принциптер ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында негізі қаланған қағидаттармен үндес. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында және қоғамды ізгілендіру қажеттілігі кезінде олардың ескіргендігі көзге ұрып тұрады. Сондықтан бізге жаза кесу институтының жаңа алгоритмі қажет», деді ол өзінің сөзінде.
Жаңа заң жобасы мемлекет пен қоғамға үлкен ауыртпалық түсірмейтін немесе ауырлығы орташа экономикалық қылмыстардың жауапкершілігін ырықтандыруға, сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жоба қылмыстық заңнаманы ізгілендіру үрдісін дамытады. Соның ішінде экономикалық қылмыс жасаған адам келтірілген зиянды өз еркімен қалпына келтірсе және мүліктік шығынды өтесе, бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылатын болады. Жаза түрінде экономикалық санкцияларды қолдану тәжірибесі артады.
Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкімет пен Парламентке ұсыныстар әзірленіп жіберілетін болды. Сонымен қатар, заңның жедел қабылдануын қамтамасыз ету үшін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясына да заң жобасын Парламенттің қарауына тезірек ұсыну туралы тапсырыс берілетіні айтылды.
Жақсыбай САМРАТ.