• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Ғарышқа қадам – алысқа қадам

1147 рет
көрсетілді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы және Үкіметке берген стра­тегиялық мақсаттағы тапсырмалары не­гізінде тәуелсіз еліміздің ғарыш саласы мен оның инфрақұрылымдары және кадр­лық құрамы қарқынды түрде қалыптасу үстінде. Сол инфрақұрылымдардың бірі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлт­тық компаниясы» акционерлік қоғамының   Жерүсті кешендері бас орталығы болып табылады. Осы орталықтың директоры  биология ғы­лымдарының докторы, профессор, ҚазҰТҒА академигі Оңғарбек ӘЛІПБЕКИГЕ  жолығып,  ел дамуындағы ғарыш саласының маңызы мен өзі басқарып отырған орталықтың қызметі туралы әңгімелескен едік. – Құрметті Оңғарбек Әліпбекұлы, елімізде шешуі табылмай жатқан проблемалар баршылық, соған қарамай ғарыштық инфрақұрылымды және технологияларды дамыту не үшін керек? – Қазіргі кезде Елбасымыздың эко­но­микалық бәсекелестікке төтеп бере алатын, тіптен ол сайыста жеңіп шыға ала­тын өркениетті мемлекет қалып­тас­тыруға кіріскенін көзі ашық азамат­тар­дың бәрі біледі. Бұл идеяны жүзеге асыру ғылыми үлесі ауқымды технологияларды меңгеру, оларды халық шаруашылығында кеңінен пайдалану және дамыту арқылы шешілмек. Сондай озық технология­лар­дың бірі – ғарыштық технологиялар. Оларды біз өзімізде дамытпасақ дамыған елдер біздерге осы технологиялардың тек нәтижесін ғана аса қымбат бағаға беріп, өркениет көшінің соңында қала беретініміз анық. Осыны түсінген Үкіметіміздің ғарыштық индустрияны қарышты өркендетуге кірісіп кеткеніне алты жыл болды. Қазір біз осы бағытта едәуір алға жылжыдық. – «Байқоңыр» ғарыш айлағының Қазақ жерінде орналасқаны демесек, еліміздің өзіндік ғарыштық индустрия кешені болмағаны белгілі. Ендеше, осы бір салиқалы істің қалай ұйым­дас­тырылып жатқанына тоқтала кет­сеңіз? – Ғарыштық саланы басқару ісі  оны жақсы білетін, ғарышқа Құранды, Қа­зақстан Туын және киелі қазақ жерінің бір уыс топырағын апарып келген  ға­рыш­керіміз Талғат  Амангелдіұлы Мұса­баев­қа жүктелген. Ол кісі басқаратын Ұлттық ғарыштық агенттігінің (Қаз­ғарыш) аясында  қазіргі кезде алты ірі ме­кемеден тұратын толыққанды ға­рыш­тық кешен құрылып, олардың әрқай­сы­сының басына өз міндеттерін жақсы білетін тәжірибелі де ынталы атқарушылар тағайындалды. Солардың бірі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. – Өзіңіз қызмет істеп жүрген осы ком­панияның жұмысына сәл тоқ­та­лып өтсеңіз. – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (ҚҒС) ғарыштық инфрақұрылымның маңызды бөлшегі. Бұл компания бар болғаны алты жаста, ал оған жүктелген міндеттер аса ауқымды. Соның ішінде негізгілері – неше түрлі ғарыштық аппараттар, кемелер жасап ғарыштық технологияларды іске қосу және оларды үздіксіз дамытып отыру. Бұл мекемені отыз екі жасынан бастап қорғаныс саласындағы ірі өндіріс орындарына жетекшілік жасап келе жатқан тәжірибелі азамат Габдуллатиф Мурзакулов басқарады. ҚҒС қазіргі уақыта бірнеше ірі істерді жүзеге асыру үстінде. Олар – ұлттық ғарыш орталығы­ның инфрақұрылымын салу, ғарыштық аппараттарды жобалау және сынау кешенін құру, жерді қашықтықтан зондтаудың (ЖҚЗ) ғарыштық жүйесін жасау, жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигациялық жүйе құру және осы жұмыстарды алға жыл­жытатын мамандарды дайындау. Компанияда атқарылып жатқан істердің барлығы мемлекет тарапынан әріден ой­лас­тырылып жоспарланған жүйелі шара­лардың нақты жүзеге асу үстіндегі прак­тикалық көрінісі болып табылады. Мысалы, Ұлттық ғарыш орталығынсыз ғарыш саласында белгілі бір табысқа жетемін деу күмәнді болар еді. Ғарыштық аппараттар болмаса ғарышты меңгере алмайсыз. Ал ғарышқа ұшудың мақсаты – жаңа технологиялар арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, ел экономикасын әртараптандыру ісіне үлес қоса отырып, болашақ үшін аса маңызды рөл атқара­тын инновациялық мәндегі ең алдыңғы қатарлы жоғары технологиялық саланы жетілдіру. Жалпы, бұл істің еліміз үшін сан-салалы маңызы бар деуге болады. – Жаңа технологиялар демекші, Жер­ді қашықтықтан зондтау  деп жүр­геніміз не нәрсе? Осы туралы оқыр­ман­дарға түсініктеме бере кетсеңіз. – Жерді қашықтықтан зондтау екі құ­рылымнан тұратын Жер бетіндегі өз­герістерді бақылауға бағытталған осы заманғы жүйе немесе технологиялар жи­ынтығы. Оның бірінші сегменті ғарышта белгілі бір орбитада ұшып жүрген ғарыштық кеме, не олардың тобы. Ол кеме Жер суретін түсіретін аппаратуралармен, бағдарламалармен және кеменің қыз­мет етуіне қажет басқа да құралдары­мен жабдықталады. Кеменің жұмысы жерден белгілі бір каналда орналасқан жоғары жиіліктегі радиотолқындар ар­қылы басқарылады және Жер беті туралы жинаған ақпараттары басқа бір жоғары жиіліктегі радиотолқындар арқылы алы­нып отырады. ЖҚЗ-ның екінші бөлігі жер сегменті деп аталатын күрделі жүйе. Жер сегменті өз кезегінде екі орталықтан тұрады: ұшу­ды басқару орталығы және  кемеден ақпараттар алу, оларды өңдеу, сақтау және тарату орталығы. Бұл екі орталықта да істің қыр-сырын терең меңгерген білікті мамандар ғана тиімді жұмыс істей алады. Мысалы, жеткілікті дәрежеде дай­ындалмаған маманның ғарыштағы ап­партты жоғалтып алуы да әбден мүмкін. Жалпы, ғарыштағы ЖҚЗ аппаратынан келетін ақпаратты бей-берекет жатқан цифрлар жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Ол мәліметтерді өңдеудің бірнеше сатыларынан өткізіп барып, пайда­ла­нушыға жеткізу үлкен интеллектуалдық және материалдық ресурстарды талап етеді. Мысалы, түсірілімдердің саны жыл­дам көбейіп кетеді де, тек бір ғана аппараттан алынатын суреттер мыңдап, тіптен миллиондап саналады. Оларды әр түрлі дәрежеде өңдеу және сақтау арнайы аппараттарды, арнаулы кәсіптік бағдар­ламаларды  және білікті кәсіпқой маман­дарды талап етеді. Ал енді сол суреттерді соңғы пайдаланушыға жеткізу негізінен ғаламтор арқылы жүргізілетінін айтсақ, бұл істің де оңайға соқпайтындығын түсінуге болады. Сіз бен біз әңгімелесіп отырған қазіргі сәтте ғарышта жүзге тарта ЖҚЗ-мен айналысатын кемелер жұ­мыс істеуде. Әрине олардың ешқайсысы бірін бірі дәлме-дәл қайталамайды, әр­қайсысының өзіндік конструкциялық ерекшеліктері және жеке мақсаттары мен міндеттері, бағдарламаланған қызметтері бар. Сондықтан олардан алынатын суреттер де өзіндік ерекшеліктерімен сипат­талады. Ғарыштық түсірілімдерді жүргізетін аппаратураларды негізінен екі үлкен топқа бөледі: электронды-оптикалық және радарлық. Бүгінгі күнде орташа есеп­пен он ЖҚЗ аппаратының тоғызы электронды-оптикалы аппараттар. Себебі, оптикалық аппараттар жер бетін адам көзі көре алатын, не соған өте жақын спектр аясында бақылайды. Көбіне бұл сәулелер кәдімгі ақ сәулені құрайтын өзі­мізге таныс көк, жасыл, қызыл (0,4-0,75 мкм) және де әр ұзындықтағы инфра­қызыл диапазондық каналдары (0,76-1,30 мкм). Әр сәулелер жиынтығы (мысалы көк, жасыл, қызыл) белгілі бір нысан­дардың қасиеттерін тереңнен ашып көр­сете алады, ал олардың қосындылары (мы­салы: көк+қызыл, көк+жасыл, жа­сыл+қызыл және т.б.) адам көзі байқай бермейтін фактілерді нақтылай түседі. Тағы бір анықтай кететін нәрсе, ол Жер бетіндегі кез келген құбылыс белгілі бір оптикалық спектрдің сипаттамасының өзгеруі аясында жүретіні. Мысалы, егістіктегі өсіп келе жатқан өсімдіктер пісіп-жетілгенше талай спектралдық өзгеріс­терге душар болады. Осының арқасында, арнайы дайындалған маман миллион­даған шаршы километрді алып жатқан егістіктердің қасиеттеріне, жұмыс ор­нында отырып-ақ талдау жасап, ондағы өзгерістерге баға бере алады. Жалғыз талап – атмосфера, яғни ауа қабаты үнемі мөлдір болып тұруы керек. Электронды-оптикалы аппараттардан алынатын суреттер өз кезегінде үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа тек ақ пен қара­дан тұратын түсірілімдер жатады да, оларды панхромдық түсірілімдер деп атайды. Панхромдық түсірілімдердің жер бетіндегі өзгерістерді байқау қабілеті жо­ғары болып келеді, бірақ назардағы ны­сандарды түстерге бөле алмайды. Екінші топқа үштен жетіге дейін оптикалық каналдары бар мультиспектрлі түсірі­лім­дер жатады. Бұл түсірілімдер Жер бетіндегі үдерістерді талдауға арналған аса құн­ды ғарыштық материалдар болып саналады. Мультиспектрлі түсірілім­дер­дің Жердегі нысандарды байқау жітілігі панхромнан төмен келеді. Ал гиперспектральді түсірілімдерде 220 каналға дейін болады. Мұндай ғарыштық суреттердің Жердегі өзгерістерді талдау мүмкін­діктері аса зор. Бірақ олар тәжірибе жү­зінде әлі кеңінен қолданылмай жүр. Себебі, бұл мәселеде ғылыми-әдістемелік жұмыстардың қазіргі қолданылып жүр­ген деңгейі әлі де болса жеткілісіз. Дегенмен ғылым мен техниканың қазіргі даму деңгейімен бұл мәселені игеру ісі де ұзаққа созылмайтындығы анық. Айтылған құндылықтарына қарамай, электронды-оптикалы аппараттармен жаб­дықталған ғарыштық кемелер тек Жерден қайтатын сәулелерді тіркейтін бол­ғандықтан, оларды пассивті немесе енжар ЖҚЗ аппараттар тобына жатқы­зады. Мысалы, электронды-оптикалы түсірілімдер атмосфераны бұлт қаптап тұрған жағдайда Жер бетін бақылауға жарамсыз болып қалады. Радарлық ға­рыш­тық аппараттар өз борттарынан Жерге радиотолқындар жіберіп, олардың қайтқандарын тіркеп, ауа райы қалай өзгерсе де, күндіз де, түнде де Жер беті туралы объективті деректер беріп оты­рады. Сондықтан оларды белсенді ға­рыш­тық аппараттар қатарына жатқыза­ды. Радарлық ғарыштық аппараттар электронды-оптикалы ғарыштық аппара­тарға қарағанда ұтымды болғанымен олардың түсірілімдерінің бағасы әлде­қайда қымбат. Қазақстанның ЖҚЗ ғарыштық жүйе­сін жасау 2006 жылдан басталған жұмыс. Ол екі ғарыштық аппараттар тобынан тұрады деп жоспарланған. Олардың бірі жоғары (1 м), екіншісі орта жітіліктегі (6,5 м) электронды-оптикалық аппараттар болмақ. Олардың орбитаға шығатын уақыты – 2013-2014 жылдар аралығы. Бұларға қосымша жақын арада радарлық аппаратымыздың да жоспарлануы баста­лады деген үміттеміз. Ал ЖҚЗ жерүсті сегментінің жоспары арнаулы сараптамадан өтті, жақын арада құрылысы да басталады. Қазіргі кезде болашақ ЖҚЗ жерүсті сегментінде жұмыс істейтін 21 маманды Францияда оқыту үшін іріктеу жұмыстары өткізілуде. – Осы ЖҚЗ аппараттарынан алы­натын түсірілімдер мемлекетімізге қан­дай пайда береді? – Өзіңізге белгілі, ата-бабала­ры­мыздың біздерге қалдырған негізгі мұ­ралары – кең-байтақ  жеріміз бен еліміз. Игеріп, ұрпақ кәдесіне жарататындай жеріміз бен сол жердің ашылмаған қасиет­терін ашып, оларды тиімді пайдалана алатын интеллектуалды әлеуетке ие еліміз бар болған соң Елбасымыздың алға аса зор мақсаттар қойып, еліміздің әлем­де алар орнын нақы белгілей отырып, жалпақ жұртты іске жұмылдырып жат­қандығы анық. Әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын алып аума­ғымызды тиімді пайдалануға жеткізетін даңғыл жолдың бірі осы  ЖҚЗ ғарыштық жүйесі. Егер жіліктей айтатын болсақ, ЖҚЗ ғарыштық жүйесінсіз мемлекеттік стратегиялық басымдықтар болып табы­латын ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, энер­гетика, жердің қойнауы мен бетіндегі байлықтарын пайдалану мәселелерін толыққанды, заман ағымына сай шешу қиын. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, мемлекетімізде әлі күнге дейін әлемдік дәрежеге сай электронды түрдегі ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы (ҰКДИ) жасалмаған. Тіптен, ҰКДИ-ды бастардан бұрын дайындалатын Қазақ­станның Ұлттық картографиялық геосервисі (ҰКГС) туралы ұсыныстың өзін ерте деп санаушылар кездесетініне қайран қа­ласыз. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі ең алды­мен осы ұлттық ауқымдағы проблема­лар­ды шешуге себепкер болатынына Қаз­ғарыш және ҚҒС жетешіліктері сенімді. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі экономикалық жағынан аса тиімді болатыны қазірдің өзінде анық болып отыр. Мысалы, ұлан-ғайыр жерімізде үлкенді-кішілі жиі-жиі болып тұратын табиғи және адам қолы­мен пайда болатын апаттардың алдын алып, реттеп отыруда ЖҚЗ жүйесіне сенім өте мол. Ғылымның соңғы жетістіктері ЖҚЗ жүйесін жер қойнауындағы байлықтарды анықтауға пайдалануға бо­латынын дәлелдеп шықты. ЖҚЗ ғарыш­тық жүйесін навигациялық жүйемен қоса пайдалану ауыл шаруашылығына қыруар пайда әкелетіні күмәнсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі елімізде қордаланып қалған көп­теген экологиялық проблемаларды шешуге себебін тигізетініне зерделі жұрт берік сенімде. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі жер, орман, су ресурстарын қадағалауда, кадастр, картография, мониторинг және т.б. салалардағы еңбек өнімділігін аса тиім­ді ете алады. – Бұрын ғарыш саласында тәжіри­бесі жоқ қай мемлекетке болса да ұлт­тық ЖҚЗ ғарыштық жүйесін дамыған елдердің көмегінсіз құруы өте күрделі. Сіздер кімдермен бірігудесіздер? – Дұрыс айтасыз. ҚҒС ЖҚЗ ғарыш­тық жүйесін ғарыштық саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі, ЖҚЗ саласында ширек ғасырлық тәжірибесі бар Фран­цияның EADS ASTRIUM компания­сымен бірігіп жүзеге асырмақ. Бұл бірлескен жобаның барлық құқықтық және қаржылық негіздері дайын. Біздің бо­лашақ мамандарымызды да осы компания дайындап бермек. – Оңғарбек Әліпбекұлы, елімізде соңғы кезде ғана қарқынды игеру ісі басталған, ал көптеген елдер үшін әлі де бейтаныс күйінде келе жатқан ға­рыш саласында қызмет ету өте абы­ройлы іс. Сондықтан оқырмандары­мыз­ға осы салада қызмет етіп жүрген өзіңізді де таныстыра кетсек, артық болмас. – Еліміздің оңтүстік өңіріндегі киелі Аспара жерінде 1951 жылы мамыр айында дүниеге келіппін. Ұзақ жылдар ғылым және білім, ал соның ішінде жеті жыл жоғарғы білім саласында қызмет еттім. Бір монография, алты оқулық, жүз­ден аса ғылыми еңбектер мен өнерта­быстарым бар. Соңғы он жыл ғарыштық технологиялар арқылы жер ресурстарын басқару саласын жетілдіруге атсалысып келемін. Төрт іргелі және қолданбалы ғылыми жобалардың жетекшісімін. ҚР жоғары оқу орындарының «Үздік оқыту­шысы» деген атағым бар. Голландияда (2008), Ұлыбританияда (2009-2010), Ресейде (2008-2010) және Францияда (2011) ғарыштық технологиялар тағы­лым­дарынан өттім. Сіз жаңа ғарыш саласын көптеген елдер үшін әлі де бейтаныс деп орынды айттыңыз. Егер еліміз өз тәуелсіздігіне ие болмаса, бұл сала өз аумағында Бай­қоңыр ғарыш айлағы орналасқанына қа­рамастан, біздің еліміз үшін де бейтаныс күйінде қала берер еді. Экономика мен халық тұрмысының көптеген салалары үшін маңызы зор нақ осы ғарыш саласын игеруді бастауымыздың өзі, менің ойым­ша, биыл тойланғалы отырған тәуелсіз­дігіміздің жиырма жылдық торқалы тойына үлкен тарту. «Елдің дұрыс дамуы үшін ең алдымен оның басына азаттық керек» деп кезінде Шоқан Уәлиханов қандай орынды айтқан. Біз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ғана көп мәселеге өз қолымызды жеткізіп, жан-жақты, кең арналы даму жолына түсіп, өзіміздің табиғи байлықтарымызды өзіміз игеру ісіне шын мәнінде кірісіп отырмыз. Міне, осы тәуелсіздіктің арқасында елімізде ғарыш саласының алдыңғы ілектегі мамандар қатары шоғырлана бастады. Мен де өзімді солардың бірімін деп ойлаймын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кембридж университетінде ғарыш саласында ар­найы дайындықтан өтіп келіп, осы қыз­метті атқарып жатырмын. Қызметтегі тағы бір табысым жақында Қазақстан Ұлттық табиғи ғылымдар академия­сының мүшелігіне сайландым. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.