• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2011

Көш осылай басталған еді

1020 рет
көрсетілді

Осыдан тура 20 жыл бұрын, Қазақстан тәуел­сіз­дігін алған алғашқы жылдың өзінде-ақ атажұртты аңса­ған алыс шеттегі ағайынның көш басын елге қарай бұруы табиғи заңдылық­тан туында­ған әрекет еді. Сол жылдары алыстағы ағайын­ның елге оралуына Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­масы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Ол кісі егемендіктің ал­ғашқы жылдарында-ақ тарих­тың қи­лы кезеңдерінде тағдыр тау­қыметін арқалап, тарыдай шашырап кеткен туған хал­қын атамекенге оралуға ша­қырды. Ал атамекенде өмір сүріп жат­қан ел алыстан келер ағайынға ыстық құшағын айқара ашты. Осының барлығы да сол бір етек-жеңімізді жисақ, еңсемізді көтеріп, егемен ел болсақ деген ортақ мүдденің қамы еді. Алғашқы көшті Моңғолияда тұратын қазақтар бастады. Сәл шегініс жасай отырып, тарихқа көз жүгіртсек, Моң­ғолия жеріне қазақтар алғаш XIX ғасырдың екінші жар­ты­сынан бастап қоныстана бас­таған екен. Сол кездері Моңғо­лия­ның Қы­таймен шекаралас батыс өлке­сіне (қазіргі Баян-Өлгий айма­ғы­ның жері) қоныс­танған қазақ­тардың саны біртіндеп көбейеді де, сол жерге біржола тұрақтап қалуды мақсат еткен қазақтар ХХ ғасырдың басында моңғолдың Богд ха­нына өтініш білдіріп, ресми келісімін алады. Сөйтіп, Моң­ғо­лияның батыс өлкесіне қоныс тепкен қазақтардың со­ңы­нан Өр Алтайдағы ағайын­дардың көші біртіндеп жалғаса береді. 1920-1940 жылдары сол кездегі Қы­тайдың Гоминдан үкі­метінің қыспағынан зобалаң көр­ген жұрт­­тың бір бөлігі тұтас­тай ауа көшіп, Моңғолияның батыс өл­кесіне біржола орнала­сып қа­лады. Кейінірек, 1940 жылы моң­ғол мемлекеті қазақ ұлты өкілдерінің өтініші бойын­ша ресми түрде қазақ ұлттық аймағын құрып, олардың ұлт­тық мәдениеті мен салт дәс­түрінің, тілі мен дінінің сақ­талып қалуына, әрі қарай дамып өркендеуіне үлкен мүм­кін­дік жасап берді. Сонысы үшін де бүгінгі ұрпақ моңғол мемлекетіне дән риза. Себебі, ол кезде Қытайдан қыспақ көрген қазақтарда атамекенге келетін мүмкіндік болмады. Ол кезең бәрімізге белгілі, қызыл импе­рия­ның қылышынан қан тамып, шеттегіні қойып, атамекенде отырған халықтың өзі төңкеріс пен аш­тықтың кесірінен қыры­лып жат­қан кез еді. Ал Моңғолияға қоныс тепкен қазақтар сол елде бір жарым ғасыр уақыт бойы дерлік бейбіт өмір кешті деуге болады (1937-1940 жылдарғы сталиндік репрессия ұшқыны және сол кездегі жапон басқыншыларының шабуылы халыққа жаппай қан­төгіс әкелген жоқ еді). Сондық­тан да Моң­ғолияны мекен еткен қазақтардың саны әжептәуір өсті. Әл-ауқаты да жақсара түсті. Қазақстанмен рухани қа­рым-қатынаста болды. Соның арқасында ұлттық ділін жоғалт­паған, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да білімді ұрпақ өсіп-өнді. Сонымен қатар халық саны көбейе келе, бір Баян-Өл­гийде жұмыс орнының жетіс­пеу­шілігі пайда бола бастады. Сол себепті өткен ғасырдың 60-70-жыл­дары­нан бастап қазақ­тардың Моңғо­лия­ның ішкі өлке­леріне қоныс аудару үрдісі қар­қын алды. Ал олай көшкен қазақтарға бір жерге шоғырлана орналасу мүм­кіндігі болмаған­дық­тан, кілең моңғолдар тұратын елді мекендерге тарай орналасты. Сондық­тан ендігі жер­де қазақ балалары моңғол балабақша, мек­тептеріне баруға тура келді. Сөйтіп, өз ана тілін білмеу, ұлт­тық құндылық­тарды ұмыту, мәң­гүрттену, біртіндеп моңғол ұл­тына сіңіп кету (ассимиляция) қаупі туындады. Яғни, бір ғасыр­ға жуық моңғол жерінде жайба­рақат өмір кешкен қазақ­тарды осылайша болашақ ұрпақ тағды­ры алаңдата бастады. Дәл осы кезде (1985-1990 жж.) Моң­ғо­лия­да белең алған қоғам­дық-саяси өзге­рістер (экономи­калық тоқы­рау мен демократия­лық қоз­ға­лыс), сонымен қатар Қазақ­стан­ның егемендігін жария­лауы (1990 жылғы 25 қазан) Ұлан­­батырда тұратын қазақ ин­тел­­лигенция­сы­ның бір топ өкіл­деріне ой салды. Сөйтіп, оларды бұрыннан тол­ғантып жүр­ген атамекенге біржола қоныс аудару мәселесі алға шықты. Сол кездегі моңғол үкіметі мен Моңғолия еңбек минис­трлігінің ұйғарымын алу арқылы Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрыс­бекұлы және осы жолдардың ав­торы бастаған Ұланбатырда тұра­тын қазақ интеллигенция­сының өкілдері 1990 жылдың соңына қарай Алматыға келіп, тиісті мекеме басшыларымен кездесіп, Қа­зақстанға Моңғолиядан еңбек шарты бойынша жұмыс күшін келтіру туралы келісім жасап қайтты. Алайда «еңбек шар­ты­ның» астарында атамекенге біржола қоныстанып қалу мақса­ты тұрған-ды. Сондықтан да келісімге пәлендей кедергі болған жоқ. Қайта сол кездегі Н.­Ә.Назарбаев бастаған Қазақстан бас­шылығы­нан қолдау тауып тиісті министрлік, мекемелер мен жергілікті әкімшілік, шаруашылықтар­ды басқарып отырған қазақ аза­маттарының шын ниетпен атса­лы­суының арқасында бірден сәтті қадамдар жасалды. Атап айт­қанда, сол кездегі «Отан» қоға­мының төрағасы Шәңгерей Жә­ні­беков, жауапты қызмет­кер­лер Маман Жүнісов, Әбен Омаров, Саят Бейсенов қатарлы аза­мат­тардың тікелей қолдауымен Талдықорған облысының Кербұ­лақ ауданына Моңғолиядан жұ­мыс күшін әкелу туралы келісім-шарт түзілді. Келісім-шартты ойдағыдай жасап, оның нақтылы жүзеге асуына аудан басшысы Тілеужан Садық­ұлов, ауыл шаруа­шылығы бас­қармасының бастығы Нұрбай Жан­тілеуов үлкен ыж­дағаттық пен белсенділік танытты. Сонымен араға ғасырлар са­лып атамекенге қарай қайта бет түзеген ағайын көші алғаш 1991 жылы наурыз айының 12-сі күні Ұланбатыр қаласынан шықты. Пойызға отырған 96 адамның бар­лығы да нағыз еңбек жасын­дағы қазақ азаматтары еді. Пойыз Ресей жері арқылы араға 5 күн салып, Кербұлақ ау­данының орталығы Сарыөзек стансасына келіп жетті. Келген азаматтарды аудан басшылығы болып, тұрғылықты ағайындар үлкен құрмет, ыстық ықыласпен құшақ жайып қарсы алды. Елге келген азаматтар келесі күндері еңбек шартында көрсетіл­гендей, ауданның жекелеген ша­руа­­шылықтарында жүріп жат­қан мал төлдету науқанына кірісіп кетті. Науқанды жұмыс аяқ­талған соң жаз шыға отба­сыларын алып келуге Моңғо­лияға қайтып, іле мамыр айының басында Ұлан­батырдан үлкен көштің алғашқы легі Қазақ­станға келіп жетті. Алыстан аңсап келген қандас­тарын елдегі ағайын зор қуа­нышпен құшақ жая қарсы алып, жергілікті басшылар әр отбасына баспана беріп, жұмыс­пен қам­тамасыз ету, мал-мүлік, тұрмыс­тық заттар бөлу сияқты іс-шара­ларды жү­зеге асыра отырып, қол­дан келген қамқор­лықтарын аямады. Халқымызда «Елге ел келсе  – құт, елден ел кетсе – жұт» деген ұлағатты сөз бар. Шынын­да, алыс­тан келген ағайын елге құт болып қосылды. Олай дейтініміз, қазақ­қа қазақ келіп қосылғалы еліміз­дің тәуелсізді­гі нығайып, эко­номи­калық күш-қуаты артты. Елбасымыз­дың көреген бас­шы­лы­ғы мен халқымыздың береке-бірлігінің арқасында елде бейбіт өмір сақталып, Қазақстан әлемдік өркениеттің даңғыл жолына қарыш­тай қадам басты. Сондай-ақ тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары Моңғолиядан басталған алаш көші үздіксіз жалғасын тауып, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Пәкстан, Иран және т.б. елдерде тұрып жатқан қазақтардың елге оралу көшіне ұласты. Содан бері елге оралған ағайынның саны сегіз жүз мыңға жеткен екен. Енді олардың елге келгеннен кейінгі өсімін ескерсек, кеткеніміз келіп, кемшілігіміз толды деген осы емес пе? Бүгінгі таңда шет елдерден біржола көшіп келген мыңдаған білікті мамандар, ғалымдар мен ұстаздар, инженерлер мен дәрі­герлер, әскери қызметкерлер, құ­ры­лысшылар мен кеншілер, малшы, диқандар, ақын-жазу­­­шылар, журналистер, музы­­кант­­тар, спортшылар мен су­рет­шілер сияқты сан қилы ма­мандық иелері еліміздің ер­теңі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуде. Бұл дегеніңіз, ең әуелі ата-баба­лары­мыздың ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіз­дік­тің арқасы және де сол тәуел­сіздігімізді баянды ету жолын­да тынымсыз күресіп, елімізді жарқын болашаққа, өр­кениет өріне бастап келе жатқан хал­қымыздың біртуар ұлы, дана Көшбасшымыз Н.­Ә.Назарбаев­тың арқасы деп білеміз. Сайт ЗАХАНҰЛЫ, ғылым кандидаты, доцент.