Осы күні ел тұрғындарын Каспий теңізіндегі экологиялық жағдай қатты алаңдатуда. Қазір ондағы балықтар мен итбалықтар үлесі азайып келеді. Антропогенді әсерлердің күштілігінен теңіз өз күшімен табиғи түрде тазалана алмай, экологиялық тепе-теңдік бұзылуда және ол инфекциялық, инвазиялық ауруларды тудырып, теңіз жәндіктерінің, соның ішінде балықтар мен итбалықтардың қырылуына әкеліп отыр. Бүкіләлемдік қордың 90 пайызын құрайтын, Каспийдің мақтанышы болған бекіре балық үлесі қазір азайып бара жатыр және бұл құлдырау жалғаса беретін түрі бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қараша айында Каспий мәртебесін анықтауға арналған Баку саммитінде бекіре тұқымдастарды аулауға бес жылға дейін бесжақты мораторий енгізуді ұсынып, оның қолдау табуы бұл мәселеде оң қадам болды деп санаймыз.
Каспий теңізі жер бетінде балық өндірілетін аса ірі су қоймасының бірі. Оның жануарлар әлемі 1809 түрден құралған, соның ішінде 415-і омыртқалыларға жатады. Теңізде балықтардың 124 түрі, сүт қоректілердің 1 түрі, зоопланктонның 100-ден аса түрлері және су құстарының 278 түрі тіркелген. Қаракөз, сазан, көксерке, табан, балпан, тұқы, мөңке және т.б. тұщы су балықтары мұнда молынан кездеседі.
Каспий теңізі жер шарындағы ең үлкен тұйық су қоймасы, оның аумағы 341 мың шаршы шақырым. Бұл көлем Еуропадағы халқының саны жағынан ең үлкен мемлекет болып табылатын Германияның жеріне барабар. Аумағы осындай болғанда суының көлемі 78 мың текше шақырым болып отыр. Ең терең жері – 1025, ал орташа тереңдігі 180 метр болып есептеледі. Каспий теңізі Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Иран және Әзірбайжан мемлекеттерінің жағасын шаяды. Теңізге үлкенді-кішілі 130-ға жуық өзен құяды, солардың ішіндегі ең үлкені Еділ өзені. Каспийге сырттан құйылатын судың 75 пайызын сол әкеледі.
Жоғарыда айтылған және басқа да себептердің кесірінен, әртүрлі дерек көздеріне қарағанда 1987 жылдан бері Каспий теңізінде балықтар мен итбалықтар 17 рет қырылып, ондаған мың балықтардың бағалы түрлері шығын болған. Сондықтан жағдайды ғылыми тұрғыдан тексеріп, балықтар мен итбалықтардың қырылуының нақты себебі неде және оны тоқтатуға бола ма деген мақсатты алға қойып, біз үш жыл бойы PTR-50 кемесімен зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ашық теңізге шықтық. Антропогенді әсерлердің кесірі балықтың инвазиялық ауруларын тудырып, оның өсімін тежейді және қырылуға жол беретіні белгілі. Инвазиялық ауру дегеніміз түрлі паразиттер бойға еніп алуынан пайда болатын паразитарлық оба. Ендеше сол ауруларды тудыратын көздер қайда болады, негізгі таратушылары нелер және оларға қарсы қандай күрес ұйымдастыруға болады. Олардың адамға жұғып, кесірін келтіру дәрежесі қандай? Негізінен міне, осы мақсаттар ғылыми экспедицияның алдында тұрды.
Біздің экспедиция «2008-2010 жылдары Каспий акваториясы биоценозын экологиялық-эпидемиологиялық кешенді зерттеу және оны сауықтыру бойынша шаралар әзірлеу» атты мемлекеттік тапсырыстың негізінде қаржыландырылып, оның құрамына бізден басқа «Микробиология және вирусология институты» РМК, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» МК, «Балық шаруашылығының ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС сияқты мекеме-кәсіпорындар мамандары қатыстырылды. Жалпы басшылық «Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-ға жүктелген еді. Зерттеу жүргізуге шыққан мамандар саны 10 адам болды. Осы экспедиция бес рет ашық теңізге шығып, жалпы ұзақтығы 90 күнде зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Біздің жұмыстарымыз көктем және күз айларында жүргізіліп, әр сапарда 15-20 күннен ашық теңізде болдық.
Алдын-ала белгіленген координаттардан ауытқымай, 70 рет балық ауланып, соның ішінде Жайық пен Қиғаш өзендерінің теңізге құйылатын аумағында кездесетін балықтарды органолептикалық тексерістерден өткізіп, жарып-сойып, іштерінен сынамалар алып, зерттеулер жасадық. Теңіздегі балықтың 30 түрі ұсталынып, олардың 3133 данасы ихтиопатологиялық зерттеуден өтті. Кемеде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық құрал-жабдықтар болды. Соның ішінде компрессорийлерге салынған балықтарды микроскоптың ең жетілдірілген түрлері арқылы зерттеу мүмкіндігіне қол жеткізілді.
Барлық қызметтердің зерттеу нәтижелері топтастырылып, Үкіметке тапсырылды. Олардың бәрінің не анықтағаны және түрлі залалдарға қарсы қандай ұсыныстар жасағаны туралы біз айта алмаймыз, өйткені ол әзірге жариялауға жатпайды. Итбалықтарды қырылудан сақтау үшін емдеу жолдары әлі табылған жоқ. Ең қиыны, оларды дәріленген өлі балықпен де қоректендіре алмайсың, өйткені олар өлісін жемей, теңізден тірілерін ғана ұстап жейді екен. Бәрін ұстап алып, екпе жасау да мүмкін емес екені белгілі.
Біз теңіздегі және Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі балықтардың арасында паразиттердің 28 түрімен залалданғандары жүргенін анықтадық. Соның ішінде адамдар денсаулығына аса қауіпті анизакис, порроцекум, контрацекум, эустронгилидес және описторхис балаңқұрттарымен (личинкаларымен) зақымданған балықтар табылды. Бұлардың бәрін ғылым тілімен анизакидоздар деп атайды. Осы анизакидоздар қоздырғышының балаңқұрттары каспийлік майшабақта, долгиндік майшабақта, үлкен көзді майшабақта, беріште, көксеркеде, ақмарқада, қылышта, жайында, теңіз көксеркесінде, парсы бекіресінде, орыс бекіресінде, шоқырда, табанда, балпанда, қаракөзде, шабақта, тікенді балықта, айнакөзде, көктыранда және алабұғада табылды. Осы паразиттердің ақтық иелері итбалықтар мен балық жейтін құстар, ал аралық иелері шаянтәрізділер болып табылады. Балықтар аралық иелерімен қоректенгенде залалданып, қосымша иесіне айналады. Анизакид балаңқұрттары балықтың ағзасын жауып тұратын сірі қабықтарында орналасады. Сондай-ақ ағзаның ішкі бетінде, бұлшық етіндегі жартылай мөлдір қабықта оралған спираль күйінде кездеседі. Түстері ақ сары кейде қызыл-қоңыр болып келеді. Ұзындығы 1 см-ден 4 см-ге дейін, ені 0,2-0,5 мм-ге дейін болады.
Жайық пен Қиғаш өзендерінің теңізге қосылатын аймақтарында зерттелген қаракөз, балпан, табан, қызыл қанат, айнакөз, аққайран сияқты балықтар арасынан описторхиспен залалданғандары да анықталды. Адамдар осындай балықтарды тұздалған күйінде шикідей немесе шала пісірілген күйінде жесе, описторхоз ауруына шалдығады. Балық етімен асқазанға түскен құрттар адамның бауырына, өт қабына және ұйқы безіне еніп, өсе бастайды. Олар адам ағзасында 20 жылдай тіршілік етеді. Описторхистер бауырдың өт жолдарын зақымдап, қабындырады. Осы описторхозбен елімізде жыл сайын 1,6-2.0 мың, ал Астана қаласында 300-400 адам емделуден өтеді.
Осы аталған аурулардан адамдарды қорғау мақсатында жуырда «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК облыстардағы инвазиялық ауруларды болдырмауға жауапты ветеринарлық дәрігерлерді шақырып, балықтан жұғатын аурулар және оның алдын-алу шаралары жайында семинар өткізді. Соның арқасында облыстарда да бұл науқастардың таралуына қарсы шаралар жасалатын шығар деген үміттеміз.
Сәдібек ТОҚПАН, «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК қызметкері,
ветеринария ғылымдарының кандидаты.