Қазақстандық парламентшілер Нюрнберг процесінің 65 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты. Санкт-Петербургте болған шарада Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов сөз сөйледі.
Адамзатқа қарсы жасалған фашизм идеологиясын айыптауда Нюрнберг процесінің тарихи маңызын атап өте келіп, сенатор екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын қайта қарауға талпыныстардың қажетсіздігін атап өтті. Қ.Сұлтанов атап өткендей, Ұлы Отан соғысында миллионнан астам қазақстандықтар жауға қарсы жанқиярлықпен соғысты. Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар Мәскеуді, Ленинградты, Брест қамалын қорғауға, Курск доғасына, Харьков бағытындағы және басқа да майдандардағы шайқастарға қатысты. Санкт-Петербург пен Берлинде Кеңес Одағының Батырлары С.Баймағамбетов, Ә.Молдағұлова, Қазақстанның Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаев есімдері берілген көшелер бар. Сондықтан ұлтшылдық пен неофашизмге қарсы тұруға ықпал ететін жаңа құқықтық тетіктер қалыптастыру қажет.