• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2011

Тәлімі жоғары туынды

318 рет
көрсетілді

Елдің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңдерін таразылайтын тың туынды дү­ниеге келді. Шығыс данышпандары шын­дық­тан ешкім қашып құтыла алмайды және оны жасыру да мүмкін емес деген екен. Ендеше, осы біздің әңгімелегелі отырған «Жо­ғар­ғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» атты еңбекте қазіргі күнгі қуатты әскерлеріміздің қалай құрылғаны және сын сағатта талапқа сай қандай дәрмен мен пәр­мен көрсете алатыны шынайы түрде ашық айтылып және соған сәйкес айбарлы Қарулы Күшіміздің мұндай дәре­жеге қалай жете алғаны нақты әрі жан-жақ­ты баяндалады. Бәріміздің тәтті ұйықтап, тыныш еңбек етіп жатқан өміріміздің ең басты негізі қауіпсіздік қалай жасалғаны ай­шықты айқындалып, түрлі мысалдармен жеткізіледі. Сөйтіп, жоғарыда айтқаны­мыз­дай, оқырман қауым қолына тілі шұрайлы, қызықты оқылатын, мазмұны терең шы­ғар­ма тиді. Ал оның авторы осы саланың әбден ыс­тық-суығын бастан өткерген, әскери өнердің тарихын жатқа білетін, әскери істің қыр-сырына қаныққан кәсіби маман, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов. Аталған ең­бек­тің ерекшелігі ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шығуында болып отыр. Демек, осыған орай кітапта тәуел­­сіздік жылдарында Қарулы Күштері­міз, басқа да әскерлер мен әскери құры­лым­дар қатардан қалмай қатар дамып, көптеген өзгерістерді бастан кешіргені баяндалады. Бүгінде бұл құрылымдар  жоғары деңгейде жабдықталған, ықтимал қатерлерге төтеп бере алатын заманауи армия. Бұл жетістік – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, яғни, мемлекетіміздің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, ел тыныштығын қорғауға ба­ғыт­талған сындарлы саясатының жемісі. Өйт­кені Президент Қарулы Күштер және басқа да әскерлер мен әскери құрылым­дар­дың даму бығытын заман ағымына, ел өмі­ріндегі негізгі кезеңдерге сай айқындап отырды, оларды жетілдіру жолында көп­теген өмір­шең шешімдер қабылдады. Мұ­ның бәрі тәуелсіздік алғаннан кейін іс жү­зіне асқаны белгілі. Оған дейін қазақ­стан­дық әскері­міздің аты бар да заты жоқ еді. Бұл туралы автордың өзі сонау 1992 жылы наурызда Алматы қаласындағы И. Конев атындағы жоғары әскери училищеге Елбасының ұсынысымен Мәскеу арқылы басшы болып тағайындалған едім дейді. Өйт­кені, ол кезде еліміз егемендік алғаны­мен Қарулы Күштер бір орталықтан бас­қарылатын. Көп ұзамай 7 мамыр күні Президент Жарлығымен өзіміздің төл Қарулы Күштеріміз құрылды. Содан кейінгі табаны күректей он жылда ол осы әскери училищеге жетекшілік еткенде Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасуына қомақты еңбек сіңіріп, өзіндік үлес қосқаны анық. Міне, солардың бәрі осы кітапта кө­рініс тауып отыр. Әрине, бұл тұрғыдан ал­ғанда өзіміздің Қарулы Күштеріміз бен бас­қа да әскерлер мен әскери құры­лым­дарды құруда, оны жаңа заман талабына сай қа­лып­тастыруда Елбасының еңбегі өте зор екені белгілі. Олар Қорғаныс министрлігі, ІІМ ішкі әскерлері, шекара әскері, ТЖМ, рес­публикалық Ұлан және т.б. Осының бәрін жазуда негізгі деректер Мемлекет басшы­сы­ның көптеген кітаптарынан және өзге де тәуелсіздік жылдарында еліміздің қалыпта­суы туралы жазып жүрген бірқатар белгілі қоғам қайраткерлерінің шығармаларынан алынды. Мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген мақалалар сараланды. Оның бәрі тал­данып, зерттелініп, сосын бір жүйеге түсірілді. Елбасының әскери қауіпсіздікті қам­тамасыз етудегі айрықша рөлі айқын­далды. Сондықтан бұл кітап, ең алдымен, әскери адамдарға керек. Онан әрі әскери зерт­теушілерге қажет. Сосын академия тыңдаушыларына, курсанттарға, студенттерге және әскери іспен жақынырақ танысқысы келетін жалпы көпшілік қауымға арналады. Бұл кітапты оқи отырып үш мәселеге назар аудардық. Жалпы, мұндай кітапта автор­лар өздерін көрсетуге, суреттерін тықпа­лауға тырысады. Мұнда ондай жоқ. Мен сондаймын, мен солай жасадым деген де жоқ. Автордың ғалымдығы да осы тақы­рыпты егжей-тегжейлі зерттеп, жазуына көмек берген. Оның бұл саланы жақсы білетіні, оған өзі де тікелей араласып еңбек етіп жүргені кітапты оқып отырғанда айқын аң­ғарылып, автордың қарапайымдылық қа­сиеті ерекше байқалады. Бұл жаңа тұрпатты әскерилеріміздің қазіргі бейнесі деп білеміз. Сонымен, бұл еңбектің екі ерекшелігі айқын аңғарылады: біріншіден, мұнда білімнің көзі бар, өйткені, көптеген тарихи деректер жи­нақталған. Екіншіден, жастарға отаншыл­дықты тәрбиелеуде шығарманы Қазақ батыр­лары­на сілтеме жасай отырып бастауының аса әсері бар. Үшіншіден, тілі өте жатық. Оның сыры автордың осы кітапты әуелі қа­зақ тілінде жазып, сосын басқа тілге аударамын дегенінде жатыр деп ойлаймыз, дейді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орын­басары Ербол Шаймерден. «Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіп­сіздік кепілі» атты шығарманы оқи отырып, Елбасының мемлекет әскерінің әлеуетін арттыру үшін әлемнің озық елдері армия­лары­мен терезесі тең деңгейге жетуіне ба­ғыт­талған ерен еңбегі нақты деректер кө­мегімен жүйеленген. Демек, еліміздің Қа­рулы Күштерін, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарды құрып, қалыптастырып, қуат­ты күшке айналдыра білген Елбасының әскери саладағы қызметін егжей-тегжейлі баяндайтын кітап әскери қызмет етуге ынтасы бар жастарға, әскери тарихты зерттеушілерге, көпшілікке қажетті құнды­лы­ғы­мен қатар, ел қауіпсіздігін сақтауда әскери­лердің патриоттық сезімін тудыруға үлкен көмек болары сөзсіз. Ал әскерге алынатын жастар үшін бұл оларға әуелі бағыт-бағдар беретін болса, екіншіден, Елбасыдан үлгі алуға, Елбасыдай жұмыс істеуге және Елбасы секілді Отан, халық үшін аянбай еңбек ете білуге тәлім береді. Аталған тың туынды сонысымен де қымбат деп ой­лаймыз. Александр ТАСБОЛАТОВ.