Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытқан кемеңгер ойдың иесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ұлы жырау, әрі шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген дарыныңызға дән ризамын», деп бағалаған Кенен Әзірбаев туралы баяндайтын «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өткен жұма күні елордада өтті. Мұндай тұсаукесер рәсім бұдан бұрын Алматыда да өткен еді.
Деректі фильмнің алдында осы дүниені түсірген халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының режиссері Доқтырхан Тұрлыбек пен «Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де» деп жырлаған жыраудың ұлы Бахытжан Әзірбаев туынды туралы ойларын ортаға салды. Режиссер бұған дейін екі деректі фильмнің түсірілгенін, бірақ олардың ақын өмірін толық қамти алмағанын айта келіп, осындай құнды еңбекті қаржыландырған Кененнің немересі Мұхит Бақытжанұлына дән ризалығын білдірді. Ал өз кезегінде Бақытжан, «шалдың баласы» болудың оңай еместігін, қазаққа бір Әзірбаевтың да жететінін айтып, әкесінің абыройын асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Фильмді көріп отырғанда Кененнің ғасырға таяу өмірі көз алдыңнан өтеді. Туған табиғатымен ұштасқан, соның аясында жүрген сәттегі келбетімен көмкерілген ақ күміс сақалы, жер шарындай дөп-дөңгелек бөркі, келісті сырма шапаны, керме белдігі өзіне жарасып тұр. Деректі фильмнен ақынға деген елдің ілтипатын, замандастарының құрметін, інілерінің ілтипатын көруге болады. Осы еңбекте ерекше бір көрініс есте қалды. Ол өзін ұлы жырау деп бағалаған Мұхтар Әуезов өмірден өткенде «... Атағы дүние жаһанға тараған бауырым-ау!» деп айтқан жоқтауы еді. Оның үнінен қара домбырамен астасқан өкінішті діріл айқын естіледі. Ғабит Мүсірепов «Бүкіл Еуропалық мәдениетте соңғы могикан деген қағида бар. Сол айтқандай, Кенен сонау Біржан сал, Ақан сері сияқты әрі әнші, әрі ақын адамдардың ең соңғы тұяғы деуге болады. Талай әнші, талай домбырамен айтушы болар әлі, дегенмен бір дәуірдің, бір ғасырдағы қазақ халқының ән-күйін, ақындығын, соның ішінде ең асылын мына бізге мұра етіп қалдырған ұлы адам, ұлы таланттардың бірі осы – Кенен» дейді. Ал Шыңғыс Айтматов ұлы жыраудың зор шалқар шабытына, ұстаздық ұлағатына тәнтілігін айтып, «Кенен – ұлы ақын» деп бағалайды. Ғабиден Мұстафин: «Кенен – композитор, композитор ғана емес, әнші», дейді. Ал қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткері Сәбит Мұқанов Отар стансасында жатқан Әзірбаевты іздеп барып, жадау тірлігіне жанашырлық жасап, Қордайдан үкімет есебінен үй салып беруге, кітабын шығаруға ұйытқы болғаны ұлылықтың, талантты бағалаудың белгісі деп білеміз. Ондай үрдіс ол кезде аз болмағанын фильмдегі сөйлеушілердің сөзінен де көп естідік. Қазақтың арда ұлы Д.Қонаевтың, Елбасы Н.Назарбаевтың ілтипаттары да ерекше естілді. Сол секілді деректі фильмдегі көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза Кенен шығармаларын миды қазып, қолмен жазып әуре болмағанын, оған шабыт төтеннен келгенде нөсердей төгетінін айтса, қазақ әнінің қазіргі көш басында жүрген Бибігүл Төлегенова Кененнің әндеріндегі ұлттық рухтың мықты екенін жеткізеді. Бауырында өскен баласындай болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков Кененнің құдіретті өнерін сөз еткенде, оның жыраулығына ерекше мән береді. Сол секілді Өмірбек Байгелди, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Серік Үмбетов секілді азаматтар да ақын жайлы ағынан жарылады. Деректі фильмдегі тағы бір есте қалған дүние, ақын өміріне ерекше із қалдырған екі адам Ораз Жандосов пен Мұхамеджан Қаратаев туралы деректерден көп нәрсені аңғаруға болады. Қилы кезеңдердегі қияс тірлікке төтеп беріп, ақынды арызқойлардан арашалап қалған бұл азаматтарға Кененнің де өмір бойы адал болып өткені әдемі көрініс тапқан. Тағдыр тауқыметін де, жақсылығын да ғасырға жуық өмірінде бірге көрген «Насиқаға» деген өлеңді Бақытжан ана қабірінің басында тұрып айтады. Ердің жарын, жардың ерін сыйлау үлгісін осы өлең жолдарынан ұққандай болдық. «Он алты жастан қосылып, Көңілімді тапқаны-ай! Қайда барам десем де, Шаужайымнан қақпады-ай. Туысқан тату, жекжат мәз, Мінезімен жаққаны-ай, Алақаны ашық ақ пейіл, Абысын мен ағайынға, көрсетпеген бір зейіл. Бұл сөзімде желеу жоқ, Насиқаға теңеу жоқ. Қабағы ашық жазығым, Насиқа алтын қазығым» депті.
Фильмнен алар тағылым да, тәлім де аз емес. Аз уақыттың ішінде ұлы жырауды, ұлы тұлғаларды, олардың айналасын қаумалай жүрген қалың жұртты көріп, өткен ғасырдың біраз жылы көз алдыңнан жылыстайды. Фильм аяқталғаннан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Астана бөлімшесінің төрағасы, көрнекті жазушы Әкім Тарази сөз алып, деректі фильмдегі деректердің көбі өзіне таныс екенін, 74 жасқа дейін елеусіз жүргенін, осыны аңғарған Асанбай Асқаров Жамбылдан ат арылтып келіп, 75 жылдық тойын елдік деңгейде өткізетінін айтқанын, содан кейінгі өмірінің жарқын өткеніне нақты дәлел-дәйектер келтірді.
Сүлеймен МӘМЕТ.