Сырнайлатып-кернейлетіп күні кеше қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен оның 70 жылдық мерейтойы ұғынған ұрпаққа бір күндік ішім-жемнің думаны емес, көп жылдық рухани азыққа айналар ғибраты, тағылымы мол өнер кеші ретінде тарихта қалары хақ. Рухани өсіп-өркендеп, ой-өрістің кемелденуіне кино өнерінің айтарлықтай септігі тиген дейтін болсақ, онда осы тұрған тұтас бір буын Нұржұман Ықтымбаев сомдаған бейнелермен өмір белестерін бірге өткізіп келеді. «Мазасыз таң» (1966), «Ел басына күн туса» (1967), «Балалық шаққа саяхат» (1968 ), «Мәншүк туралы ән» (1969), «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» (1970), «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» (1971), «Шоқ пен Шер» (1972), «Балалық шағымның аспаны» (2011) деп тағысын-тағы арасын жалғастыра тізгенде, ол ойнаған фильмдердің ұзын-ырғасы жетпіске таяп қалады екен. Жетпістің желмаясымен жетпістен астам рөлді көрерменнің көңіл көгіне қондырып үлгерген актер жайында шертілмеген сыр қалмаған да шығар, бәлкім. Әйтсе де, тағдыр кейде тау тақылеттес. Бұралаң-бұлтарысы, құз-жартасы, ұялы ұшар шыңы мен баурайындағы шалғыны ғажайып әсердің теңізінде тербетіп, көңіл тұнығына ай бейнесін қондыратын әдеті. «Адам жаны ашылмаған жұмбақ әуенге толы» деп көптің көрмеген, қиял желкенін кермеген құз құпияларына құштарлана көз тігіп жататыны сондықтан шығар, сірә. Ол егер актер әлемінің кереметтері болса ше? Сандаған тағдырды экран таспасына басып жатқандағы актердің жанталасқан өміріне қарап-ақ түрлі ойлар жетегіне еріп кетер кісің. Қызық үшін, оның 1966 жылы түскен «Мазасыз таң» фильмінен бермен қарайғы киношежірені шолып өттік. Содан бері жеміс бермей қалған жыл жоқтың қасы. Кей жылдары екі-үш, тіпті төрт фильмнің басын қайырып тастағанына қарағанда, оның 1980 жылы «Нанның дәмі» фильмі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі рөлі үшін «Адал жүрек» фестивалінде бас жүлдемен, 2009 жылы қатарынан үш бірдей – «Шәкен жұлдыздары» фестивалінде ең үздік актер, Чебоксары кинофестивалінде – «Сталинге сыйлық» фильмінде «ең үздік ер адам рөлі үшін» сыйлығы мен Қасым рөліне Бүкіламерикалық өнерді қолдау ассоциациясының арнайы жүлдесімен марапатталуы оңай келе салған олжа емес, қилы-қилы тағдырды, түрлі кезеңдегі адамдардың психологиялық бет-бейнесі мен философиялық ой-пайымын шымырлатар шымқай бояулармен бере білуі арқылы қанжығасына байланғанын аңғартады. «Сталинге сыйлық» кинотуындысының Мәскеудегі Адам құқы жөніндегі фильмдердің халықаралық «Сталкер» фестивалінде «ең үздік шетелдік туынды» деп танылуы өз алдына бір төбе. Орынбордағы «Восток-Запад» фестивалінде бұл фильм жұртшылық назарын аудартып, актер кезекті жүлдесіне қол жеткізіп қайтады. Былтыр француздың танымал актері Жерар Депардьемен бірге «Кеш оянған махаббат» фильміне түсіп, тағы бір тың дүниеге жұртты тағатсыздандырып қойды. «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Мемлекет басшысының әкесі Әбіштің бейнесін тұшымды сомдады. ... «Стоп кадр!» Осы жерден бастап ойымызды Нұржұман Ықтымбаевпен болған сұхбатпен жалғастырсақ.
– Нұржұман Байжұманұлы, өнер жолын әдетте бастау, өсу-өркендеу, кемелдену кезеңі деп үшке бөліп жатамыз. Бастауыңыз тұнық болған көрінеді – өйткені, қазақ кино өнеріндегі айтулы тұлғалармен қатар тұрып, өнер көрсеткен бақытты жансыз. Сол балғын бастауларда қалған бала Нұржұманның ізін көз алдымызға келтіргіміз келеді.
– Өнер деген не әке, не шеше жақтан, әйтеуір түпкі тамыр арқылы келетін нәрсе екеніне еш күмәнім жоқ. Не болмаса арғы бір аталардан даритын қасиет. Әншілік өнер маған нағашыларымнан келген. Ал актерлік өнер – әкемнен, өйткені, әкем ойынпаз, бет-аузын құбылтып, айналадағыларды қыран-топан күлкіге көмдіріп жүретін. Ол ауылда зоотехник, басқарушы болып істеді, кейін науқастанып, денсаулығына байланысты жұмыстан ерте қол үзді. Шешем үй шаруасындағы қарапайым ауыл әйелі. Отбасында он үш бала болғанбыз. Осыдан екеу ғана қалдық. Ағаларым мен апаларым безгектен көз жұмған.
Жалпы, ауылда екінің бірі әнші, домбырашы болып келеді ғой. Мен сондай адамдардың ортасында өскен адаммын. Біздің балалық шағымыз соншалық жарқын болды деп айта алмаймын. Ауылдан майданға аттанғандар соғыс біткеннен кейін, яғни 1948-49-шы жылдары ғана елге қайтып орала бастады. Біреуінің әкесі, біреуінің бауыры қайтпай қалған үйлерді жұбату үшін ауылдың біз сияқты балалары қиссаларды жатқа айтуға көштік. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс» сияқты батырлар жыры мен дастандарды бір таңнан екінші таңға жеткізіп айта беруге бармыз. Ағаларымыз бастайды, біз қоштаймыз дегендей. Солардың жанында жүріп, осының бәрін біз де құлағымызға құя беріппіз. Шаршаған кездерінде бізге қарап, «жалғастырыңдар» деп нұсқау береді. Біз үзілген жерінен әрмен қарай қағып ала жөнелеміз. Қалғып отырсақ та, сөзден жаңылмаймыз. Сөйтіп, біз жесір қалған апа-жеңгелерге жұбаныш болған ұрпақпыз. Содан қалған дүние болуы мүмкін, өнерге келгенім.
– Актерлік өнерге келудің өзі оңай болмаған шығар?
– Мен шәкірттеріме актерлік өнерді қадірлеңдер деп айтамын. Әйтпесе, ұшып кетеді, тастап кетеді деймін. Мұны өмірдің өзінен көрдім. Іштері босап, құр кеудеге айналған әріптестерімнің күйін кешіп қалмауы үшін осылай қауіптене айтамын. Мұндай ақыл-кеңесті ұстаздарымнан көп естідім. 1957 жылы мен алғашында музыкалық училищеге түстім де, отбасылық жағдайыма байланысты әкем қайтыс болғаннан кейін ауылға қайтып кетіп қалдым. Бауырым оқысын дедім. Шындап келгенде, Ғарифолла Құрманғалиевтің ең алғашқы шәкірті менмін. Ол кезде арнайы студия деген атымен жоқ, Ғарекең мені 200-300 адамның ішінен таңдап алған болатын. Ұлықпан Мұхитов ағамыз өнерімді бағалады. Сол кісінің жанында жүріп, Ғарифолла ағамен жақынырақ таныстым. Ол кісінің шәкірті болғанымды мақтаныш етемін. Кейін ауылға кетіп қалдым. Қой бақтым. Тракторшы, шопыр болдым. Әкемнің досы Шаяхмет Құсайынов деген мұғалім маған бір күні: «Сен қашанғы жүре бересің бұлай? Тез арада бұл жерден кетуің керек» деді. Ауылымызда немістер, чешендер, түрлі ұлттың өкілдері тұратын. Олардың өзімізбен жасты жігіттерінің білек күштерін байқау үшін өзара жекпе-жекке шығамыз. Күндердің күнінде осындай сотқарлығым әкемнің досының құлағына жетіп, сырттай қылығыма әбден қанық болып жүргенін білдім. Үш жігітпіз, Бекен, Бәкір және мен. Ауылдан асып, атымызды аудан таныды. Тентектіктен. Күшіміз ішімізге сыймай бара жатыр. Бекен керемет ән салады. Ал Бәкір Абайдың қара сөздерінің қаймағын қайырып оқиды. Бір жағынан өнеріміз тасып, екінші жағынан жастық оты бойда қайнап тұрған кезде ойға небір тәтті қиялдар келмей ме? Кішкентай театрымызды құрып алдық, өлең оқимыз, ән шырқаймыз. Бұл аз десеңіз, көрші ауылдың балаларымен жаға жыртысып қалатын төбелеске үйірсектігіміз тағы бар. Шаяхмет аға осы білетіндерін бауырыма айтып беріпті. «Сені әкең бұлай болады деп ойлаған жоқ, үлкен азамат болып ер жетеді» деген үмітпен қараған» деп ақыл айтты бір күні мені көргенде. Расында, әкем маған ешқашан бір қатты дауыс көтеріп, көзін алартып көрген адам емес. Еркелететін. Осыдан бірдеңе шығады дейтін. Сонымен әлгі бос сенделістің бәрін ысырып тастап, 1965 жылы Жаркентке тартып кеттім. Ондағы ауыл мұғалімдерін даярлайтын училищеге оқуға түстім. Сонда да өте жақсы адамдармен кездестім. Нұрмақ Серкебаев деген директорымыз, тамаша адам. Құжаттарыма қарап отырып: «Мынау не деген құжат?» деп таңдана қарады. Мен ән саламын деймін шімірікпей. «Жарайды, қане, мықтылығыңды байқап көрейік» деп залға шығарды да, домбыраны қолыма ұстатты. «Ал, енді баста!» деді. Бастадым. Бір жарым сағаттай концерт бердім сол жерде. Студенттердің бәрі ауыздарын ашып қалған, мұғалімдер де таң-тамаша. Бас-аяғы 500 адамдай тегіс тыңдап тұр екен. «Шаршадым, концерт осымен аяқталды» дедім. Нұрмақ аға өзінің кабинетіне алып барды. Құжаттарымды сұрады. Мен бердім. «Енді бұл құжаттарды оқу бітірмей бізден алмайсың» деді. «Оқуға түстім деп есептей бер» деді. Қолымнан жетектеп барып барлық мұғалімдерге көрсетіп шықты. «Мына жігіт өте білімді жігіт екен. Оқуға жақсы дайындалып келіпті. Мен емтиханды алдым. Бағаларыңызды қоя беріңіздер» деді. Училищеге осылай бір емтихан тапсырмай түсіп кеттім. Үрмелі аспаптар оркестрінде кларнетте, трубада, ішекті аспаптарда ойнадым. Екі оркестр ұйымдастырдым. Театр құрдық. Сөйтіп, мен ағалар сенімін ақтау үшін сабақты жанымды сала оқыдым. Қызыл дипломмен бітірдім. Училищеге мені оқытушы етіп қалдырды. Нұрмақ ағамыз қайтыс болды. Оның орнына Клара Жұмағұлова деген кісі директор болып келді. Алты айдай мұғалім болып жұмыс істедім. Бір күні мені «шақырып жатыр» деді. Киностудияның адамдары біздің жаққа фильм түсіруге келгенін білдім. Соған мен сияқты жігіттер керек болып жатыр екен. Мені алып барды. Оның алдында бір оқиға болған. 1967 жылы филармонияда конкурс болды. Мұнда жеңген адам Москваға барады. Одақ көлемінде өтіп жатқан байқау. Мен сол жарыстан озып келгенде филармонияның алдында есеп беру концертім болды. Сол концертке дайындалып отырған болатынмын. Осы кезде бір әдемі келіншек кіріп келді. Кейіннен білдім, ол Сара Жорабаева деген апамыз екен. Келіп менімен танысып: «Киноға түсесің бе?» деді. «Кино деген не?» деймін түсінбей. Мені өзі жұмыс істейтін жерге алып барған. Ол уақытта киноның адамдарын танымаймын ғой. Бұл менің дүнием емес сияқтанып көрінген сонда. Кешке қарай пойызға отырып, қашып кеткенім есімде. Содан Сара апай менен ойда-жоқта айырылып қала берген. Автобустан түсе бергенімде, баяғы Сара апам шығып келе жатыр алдымнан. Мені көре салысымен: «Ал енді бұл жолы сенен айырылмаспыз» деп нықтанды. Осы жолы Ыдырыс ағамен таныстым. Сол күні кешке таман Құрманбек Жандарбеков ағамыздың туған күн кеші өтеді екен. Тойға мені де шақырды. Киностудияның адамдары ән айтып жатыр. Мен зорға шыдап тұрмын. Сара апам менің ән айтатынымды білетін. Ол кісі сәлден соң: «Ауылдың алты ауызын естиік енді. Мына жігітке берейік домбыраны» деді. Сол кезде мен 25 жастамын. Құрекеңнің «Бозжорға» деген әнін шырқап кеп бердім. Құрекең жамбастап жантайып жатыр екен, ән шырқала бергенде орнынан қарғып тұрмасы бар ма? Әлденеге шұқшиған қаршығадай маған қадалып қалыпты. Бір көздің тесіле қарап тұрғанын сездім. Бірақ тоқтамай, одан бетер арқаланып, өршеленіп барамын. Үзіліс кезінде Қанабек Байсейітов ағамыз: «Ей, Абдолла – деді, – екі-үш күн болды актер іздеп жүргеніңе, мына жігітті неге алмайсың, жанып тұрған жігіт екен ғой» деді. Бұрылып қарасам, оң жағымда қараторы жігіт отыр екен. «Иә, өзім де манадан бері соны ойлап отыр едім» деді. Абдолла Қарсақбаевпен алғаш осылай таныстым. Той бітті. Ертесіне шақырып жатыр деді. Бардым. «Атқа міне аласың ба?» деп сұрады. «Иә!» деп жауап бердім. Себебі, осыдан қалсам, бұл өнерден мүлде ат құйрығын үзіп алатын түрім бар. Оқиғаның қалай өрбитінін алдын-ала оқып алғанмын. Мен Қапан деген құлдың рөлін ойнауым керек болатын. «Аға, егер оның өзі құл болса, қайдағы ер-тоқым? Әдемі жүген қайда оған, жай ноқта салсақ жетпей ме?» дедім. «Дәл солай жүре аласың ба?» деп, бурыл құнанды алып келді. «Ал, байқа, бала!» деп біреулері сақтандырған болып жатыр. Сақтанатын несі бар, жастайымыздан аттың құлағында ойнап өспедік пе? Тоқымды салып, ноқтамды ұстап аттың үстіне қарғып міндім де, тағы ойландым. «Тоқым текке кедергі болып жүреді. Жалбаңдатып қайтемін» деп, сәлден соң тоқымды лақтырып жібердім. Атқа қамшымды басып, шаба жөнелдім. «Бар» деген жеріне барып, «кел» деген жеріне келдім. «Қилы кезең» атты Тоқаш Бокин туралы фильмде Тоқашты Ыдырыс Ноғайбаев ойнады. Қазақтың мықты актерлерінің дені осында. Сонда Әнуар Молдабеков, Байділда Қалтаев, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Мәкіл Құланбаев дейсің бе, кілең қайталанбас тұлғалар жиналыпты. Солардың бәрі мен жаққа қадалып қалған. Бітіріп келе жатқанымда, жағалай тұрған сол ағалар жамырлап қол соқты. Ол уақытта қол соғу деген нәрсе аса бір елеулі сәттің үстінде болмаса, мұндай жәйт жиі қайталанбайтын. Өйткені, Абдолла ағамыздың өзі бастап қол соғып тұрғанда, басқалар қалай қоштамайды. Материалды Алматыға алып кетті. 15-20 күннен кейін мені шақырып жатыр деді. Бардым. Абдолла құшақтап, құттықтап жатыр. Онда Камал аға (Смайылов) директор. Ол кісіні мен танымаймын. Жоғары жақтағы біраз адамдар мен туралы ойларын жазып жіберген екен. Тегіс риза болған көрінеді. Бір күні «Абдолла шақырып жатыр» деген соң, жетіп бардым. Камал ағаның ойын жеткізді. «Мына жігітті шамаларың жетсе, қалаға алып келіңдер» деп айтыпты.
– Содан кинодағы өмірім басталды да кеттті дейсіз бе?
– Жоқ-ә. Киностудияның адамдары фильмдерін түсіріп біткен соң бір сәт аялдасын ба, Жаркенттен аттанып кете барды. Көңілім жетімсіреп мен қалдым. Олармен бірге жүрегім бірге жұлынып кеткендей күйзелдім. Шыдай алмай, анда да, мұнда да сыймай кеттім. Дел-сал күйде жүргенде арада 3-4 ай өтпей жатып атыма жедел хат келді. Мені шақыртқан. Алматыға келдім. Камал аға, басқа да басшылар түгел Мәскеуге жиналысқа кетіп қалыпты. Не істеймін? Кері қайтып кететін екі орта қатынап жүре беретін жол емес. Директордың орынбасарына кірдім. «Мен сені шақырған жоқпын» деді ол. Көңілім су сепкендей басылды. «Менің қолымнан келетіні, сені анау кіре берістегі кезекшінің бөлмесіне уақытша тұрғызуыма болады» деген соң, сол жерде бір-екі күн түнедім. Бірде көк базарды аралап келе жатқанда бір жарнамаға көзім түсті. Мемлекеттік қуыршақ театрына әртістер қабылданады деген. Театрды іздеп таптым. Мекен-жайы ол уақытта өртеніп кеткен бұрынғы ТЮЗ-дің ғимараты болатын.
– Еңбек жолыңыз қуыршақ театрынан басталды ғой сонда?
– «Неге келдің?» деді ондағылар. Түріме қарап шошып кеткеннен айтқандары. Киімім мыж-мыж, сақал-мұртым өсіп кеткен. Шынымен түрім адам шошырлық. «Қолыңнан қандай өнер келеді?» деді мені жай жұбата салу мақсатымен. «Ән саламын» дедім. «Айт» деді. Аузымды аша бергенде дауысым қарлығып, үнім шықпай қалсын. Суық шырын ішкеннен еді. «Жоқ» деп ондағылар үзілді-кесілді қарсы шықты. Қалтарысқа шыға бере екеуара айтып жатқан әңгімесін құлағым шалып қалды. «Бұл жерде қаңғыбастар неге жүр?». Әлгі сөз өңменімнен өтіп кетті. Баяғыда Алматыда бір жақын апаларымыздың үйі болғанын естігенмін. Шарқ іздеп жүріп, соны тауып алғаным қандай жақсы болды. Жездемізді кішкентай кезімізде ипподромға көкпар тамашалауға келгенде талай мәрте көргенмін. Апайым егде тартыпты. Мені көрген бетте бас салып құшақтап жылап жатыр. Түрімнің өзгеріп, абыржыған халіме жаны ашығандығынан ғой. Жуындырып-шайындырып, ыстық тамақ берген соң кәдімгі адам қалпыма қайта келіп, көздерім жылтырап шыға келді. Таза киімдерімді ауыстырып киіп, мойныма бұзаудың тіліндей галстугімді тағып баяғы мені қорлаған қуыршақ театрының есігін қайта аштым. Бұл жолы өзіме нық сеніммен барып өршелене аштым. Сол күйі үн-түнсіз кетсем, өшім кетердей ыза-кегім қайнап барады. Барып едім, ешқайсысы танымады. Домбырамды қолыма ұстап, тегін концерт қойдым. Ақыр соңында олар «тағы айтшы, тағы айтшы» деумен діңкемді құртты. Жұрттың көңілін қалдырғым келмей тағы екіленемін. Уақыт біраз жерге жетті-ау дегенде «Мені қабылдайсыңдар ма, жоқ па? Неге жайдан-жай өнер көрсете беремін?» деп бағамды үстемелеп қоямын. «Қабылдаймыз» деп жамырады тегіс. Сөйтіп, бұл ағаң әуелі қуыршақ театрының әртісі атанған.
– Осында қанша уақыт жұмыс істедіңіз?
– Мені көп ұзамай «Балалық шаққа саяхат» фильмінің басты рөліне бекітті. Мұнда Болат Қалымбетов те ойнаған. Қуыршақ театры бізді киностудияның пайдаланғаны үшін олардан арнайы ақша алып тұрыпты. Екі мекеме арасындағы келісілген шарт бойынша. Ал бұл қыруар көп қаржы екен. Оған қуыршақ театры әбден дәндеп алыпты. Арада тағы біраз уақыт өткенде маған Камал аға шақырып жатыр деді. Бардым. «Мұншама ақшаны оларға төлегенше, оны неге өзіңе бермейміз? Сен бізге кел. Мұнда штат ашылып жатыр» деді. Сол кезден бастап менің киностудиядағы тынысым тікелей осы өнермен біте-қайнасып кетті деуіме болады. Камал аға айтты: «Сені бір ағаңмен таныстырайын. Сол кісімен бірге тұр, бірге жүр. Үйрен». Телефон шалып ар жақтағы кісіні өзіне шақырды. Ол 20-30 минөттен кейін келді. Сөйтсек, жарықтық, өзіміздің асқартаудай ағамыз Нұрмұхан Жантөрин екен ғой. Ол кісі штатқа бірінші актер болып кірді, ал мен екінші болып қабылдандым. Міне, мұны өзім тарихи оқиға санаймын. Және ешқашан өшпейтін, уақыт тамшысы жумайтын тарих. «Махаббат туралы аңызда» ол кісі Қодарды ойнады. Сол арқылы Қодар менің бір жаныма жақын адамға айналып кетті. Қодарды жақтаймын деп, өзімнің қасымда жүрген жолдастарымнан талай рет таяқ жедім. Осы жақындығымыз Нұрмұхан аға көз жұмғанша үзілмей өтті. Ағалы-інідей болып жүрдік. Менің өнердегі ұстазыма айналды. Қашанда кеудемдегі осы сезімді аялап өтемін. Маған ол өзінде бар нәрсенің бәрін түгел беріп кеткендей. Кейде телефон шалатын. Барамын. Бірге отырып, талай сыр тарқатысқан сәттер әсері естен кетпейді. Әңгімеміз таусылмайтын. Нұрмұхан ағаның қасынан екі айдай қалмай жүрдім. Бірде мені тағы да шақырып жатыр дейді. Кім? Шәкен аға. Ол кісіге не үшін керек болдым деп іштей аң-таң болып келемін. Шәкен ағамен де осылай таныстығымыз әрмен қарай жарасып, жалғасып кетті. Кім екенімді әлдекімнен сырттай сұрастырмай, барлығын өзімнен егжей-тегжейлі сұрап алды.
– Шәкен аға жайында да естіп-білу бір ғанибет.
– Мен түскен фильмдерді көріп шыққан екен. Нұрмұхан ағаны ол кісі «гүр» дейтін. Гүрілдеп сөйлейтін болғандықтан, солай атаса керек деп ойлаймын. «Нұрмұхан ағаңнан көп нәрсені үйрен. Ол кино тарихына аты үлкен әріппен жазылатын актер» деп ақыл-кеңесін айтты. Содан бастап студияға кірген бетте Шәкен ағамен амандаспай, іс бастамаймын. Тіпті бауыр басып кеттім. «Атаманның ақырындағы» Хакім рөліне бекіткенде мені алдын-ала «пробадан» өткізбей бірден өзі қабылдаған. Сол рөлді ойнап шыққаннан кейін Шәкен аға бүтіндей маған көңіл бөлді. Туған баласындай аялады мені. Үйіне дейін жаяу баратынбыз. Ол кісіде мәшине бар. Бірақ оны мінбейді. Мені қасына ертіп алып, жаяу тартып келеміз. Әңгімелесіп келе жатқанда қалай жетіп қалғанымызды аңғармаймыз. Неге өйтеді екен деп кейінге бүгін кеңейте көз тастаймын. Өзінің білетінін жас ұрпаққа тастап кету үшін осылай істейтінін жас болсақ та аздап сезетінмін. «Аға, неге мәшинемен бармаймыз» деп қоямын. «Жоқ» дейді. «Енді өзіңіз бара беріңізші, менің бір шаруаларым бар еді» деп ананы, мынаны бір желеу етіп, ақырында оған еркелей бастайтынды шығардым. «Әй, сен де өзі» деп сәл кейігендей қалып танытады да, «адасып кетемін» деп ол да қиқарлана қалады. Өмір осылай өнегелі жандармен бірге өріліп жатқанын ол уақытта бағалай алдық па екен деп кейде ойға батып кетемін. Үйіне барып, шай ішіп отырған сәттерім қандай қымбат еді. Мұны бірақ басқаларға мақтаныш етіп айта бермейтінмін. Қызғаныштың қызыл күшігі ол заманда да шәуілдеп тұратын. Шәкен мен Нұрмұхан ағалардың әкелік қамқорлығын көргенім бақытымның бастауы болып қала береді.
– Дүниеде өзінен басқа ешкімді ойламайтын адамнан қорқу керек екен. Өнерде кейінгі ізбасарын тәрбиелемеген кісі өте қауіпті көрінеді. Ұстаз ұлағаты туралы тағы не айтасыз?
– Жатағыма бара жатқан жолдың бойында жүгері алқабы болатын. Күнде соның жанынан өтуге тура келеді. Орыстың алпамсадай үш жігіті менің алдымды торуылдайды. Олай өтсем де, былай өтсем де аңдуларын қоймай қойды. Жас кезімде анау-мынау кісіге дес бермейтін қарулы болдым. Әлгілер бір күні маған жабылып кеп берсін. Үшеуінің сыбағасын тартқыздым. Үлесімді мен де алдым. Бір-екі күннен кейін студияға бардым. Көзімнің алды төбелестен көгеріп қалған. Соны Шәкен ағам байқап қалды. «Әй, бері кел, батыр» деді. «Мына бет-аузың кімдікі өзі?» деді. «Өзімдікі ғой, аға» деймін қипалақтап. «Сенің өзіңнің ешнәрсең жоқ, – деп сөзін салмақтады – Сенің мына бет-бітіміңнің бәрі – халықтыкі. Егер сен халықтың дүниесіне қол салсаң, сені ешкім аямайды. Енді мұнан былай ешқашан бетіңе дақ түсіруші болма» деді. «Таяқ жесең де, бетіңді жауып, қорғанып жатып же» деп аяқ жағын әзіл-қалжыңға айналдырды. Мұның астарында біле-білгенге өмірлік сабақ жатыр еді. «Аға, қойдым, қойдым» дедім сасқанымнан. Содан бастап мұндай әрекетке соқтықпайтын болдым. Осы күні өзімнің соңымнан ерген шәкірттеріме айтамын: «Беттерің – сендердің нандарың табатын» деп. «Жүректі таза ұстаңдар» деймін. Менің де бүгін рухани таза адамның ісі кіршіксіз мөлдір болатынын жастардың санасына шашаусыз құйғым келеді. Жағымды кейіпкер ме, жағымсыз кейіпкерді сомдай ма, мәселе оның кім екенінде емес, соны бейнелейтін актердің жан-дүниесінің қандайлығында.
– Кезінде «Мосфильмге» түсу дегеннің өзі кез келген актердің маңдайына бұйыра бермейтін. Ал сіздің бұл жағынан бағыңыз қалай жанып жүр?
– Дубляжда жүрген болатынмын. Аяқ астынан мені Камал аға шақырып жатыр деген хабар алдым. Барсам, адам қаптап отыр. Көркемдік кеңестің мүшелері. Ғабит Мүсірепов, Сахи Романов, Шәкен Айманов, кіл нарқасқалар тоғысқан. Шыға бергенімде, Камал аға көріп қалды. «Мұнда кел» деп бұйыра сөйлеген ол «Сені Москвадағы әйелің шақырып жатыр ғой» деді. Шошып кеттім. Қайдағы Москва, қайдағы әйел? Түсінсем бұйырмасын. 1962 жылы Мәскеуде болғаным рас. Бірақ... Отырғандар да аң-таң. Байқаймын, бәрі сеніп қалған секілді. Сәлден соң соны байқаған Камал аға: «Москвада мұның қандай әйелі болушы еді?» деп мырс етті де, «Московская жена» деген фильмге шақырып жатыр сені, – деді. Іле-шала «Жетінші аспанға» шақырды. Оған орыстың таңдаулы актрисалары түскен. Осылайша мен қазақтан «Мосфильмге» барып түскен тұңғыш актермін. Осы фильмнен кейін Свердловск, Одесса, «Мосфильм» киностудиялары бірінен соң бірі қолқа салып жатты. Міне, күні бүгінге, зейнеткерлікке шыққанға дейін кино атты әлеммен тыныстап келемін. Камал, Шәкен ағалардың батасы мен сенімін ақтаудан артық адамға тағы қандай бақыт керек. Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Байділда Қалтаев сияқты ағалардың маған тастаған эстафетасын қолымнан төмен түсірмеуге тырысып бағып келемін. Олардың маған қалдырған інжу-маржанын халыққа қайтарып беріп жатырмын. Біреулер менен кейде қызығып, осыны сұрайды. «Осынша байлықты қайдан алдың?» дейді. «Жайсаң ағалардан» деп кеудемді мақтаныш сезімі кернеп кетеді. Қазіргі көзі тірі ағалардан ұстазым Асанәлі Әшімов ағама ризашылығым шексіз. Мұндай тұлғалармен киноға бірге түсу тұрмақ, қатар жүрудің өзі бір ғанибет.
– Сізді Голливудтың фильміне түскен қазақ актері ретінде де біраз жұрттың танитынын білеміз.
– 90-шы жылдары Италияға кетіп қалдым. Онда «Шыңғыс хан» деген фильм түсірілді. Ағылшындар ақшасын төледі, итальяндықтар түсірді. Бірақ кейін екеуінің арасында түсінбеушілік орнығып, соның кесірінен фильм жарық көрмеді. Бірақ із-түзсіз кетпейтін шығар. Кейін Польшаға бардым. Италияда түстім. Францияда «Тыңдашы, жаңбыр жауып тұр ма?» фильмінде өзімді өзім сомдадым. Кезінде «Қан мен терді» аударған Юрий Казаковтың рөлін Алексей Петренко ойнады. Казаков Францияның құрметті азаматы атағын алған адам. Екеуміз сыйлас дос болдық. Ол да болса өмірімнің өшпес бір белесі болып қалған сәттер.
Бер жақта «Сталинге сыйлық» фильмі бар. Оған көп дайындықпен келдім. Негізі киноның қай жерінде қандай қате жібергенімді өзім ғана білемін. Сол қатені көргенде көпке дейін өзіме өзім келе алмай жүремін. Француздармен бірігіп түсірілген «Кеш оянған махаббаттағы» француздың белгілі актері Жерар Депардье, Болат Қалымбетов сомдаған бейнелерге жұрт разы болды. Үшеуіміздің ойынымыз көп көңілінен шыққанына сенімдімін. Мұнан басқа тағы да екі-үш фильм аяқталды. Ол туралы әзірге ештеңе айтқым келмейді.
– Елбасы жайында түсірілген «Балалық шағымның аспанындағы» Әбіш рөлі нанымды өрілді...
– Фильмді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп тамашалады. «Сіз енді менің екінші әкем болдыңыз» деп қолымды алып, ризашылық білдірді.
– Не нәрсеге қуанасыз?
– Қазақ болып туғаныма қуанамын.
– Нені жек көресіз?
– Арды аяқасты ететіндерді жек көремін.
– Қазақ киносы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Жоғары деңгейде деп есептеймін. Себебі, біздегі кино аппаратуралар ТМД аумағында, тіпті, Еуропаның өзінде жоқ.
– Отбасыңызда қанша адам бар?
– Сүйген жарым, үш қызым, үш немерем бар.
– Қай кейіпкеріңізді ұнатасыз?
– Бір апайдың он үш баласы бар еді. Ішінде түзуі де, бұзығы да аралас болатын. Сол кісіден бірде осылардың ішінде қайсысын өте жақсы көресіз, – деп сұрадым.
«Шырағым, бәрін де жақсы көремін. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бекер айтылған ба?» деді. Дәп сол сияқты, менің де кейіпкерлерім ішімді жарып шыққан. Әрбірінің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
– Арманыңыз бар ма?
– Мен ешқашан армандаған адам емеспін. Бірақ алдыма бір мақсатты қойған екенмін, соған қашан жеткенше тынбайтын адаммын.
– Досыңыз көп пе?
– Жауым жоқ екені ақиқат.
– Өзіңізді жұлдызбын деп есептейсіз бе?
– Жұлдыздар – аспанда. Біз – халықтың құлымыз. Жұлдыз деген ұғымды орыстар шығарған.
– Ақыл айтқанды жақсы көресіз бе?
– Қазір мен дәл сондай жастамын. Біреуге өнеге көрсететін кезге келдім. Құдай қаласа, маңайыма жас актерлерді жиюға тырысамын. Білгенімді үйретемін.
– Мақсатыңызға жетіңіз.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.