Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Шамалған ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектептің «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайында «Елбасы және тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел болып өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім алған алтын ұясында өткізілген жиынға оның сыныптастарымен қатар, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты. Қарасай батыр атындағы орта мектептің оқушылары бүгінгі көркейген, қанатын кеңге жайған мемлекеттің қол жеткен жетістіктері туралы ақындар жырларынан үзінділер оқып, туған ел, туған жер, қасиетті де қастерлі Отан туралы әндерді тамылжыта шырқады.
Биылғы жылы ашылғанына он үш жыл толған «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайында мемлекетіміздің Тұңғыш Президентінің балалық шағынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмір жолы, еңбек жолының баспалдақтары туралы мол мәлімет жинақталған. Мұражайдың жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Байқонысованың айтуынша, жас ұрпақ бойында отансүйгіштік, патриотизм, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда аға ұрпақтың өнегелі өмір жолын жан-жақты зерттеп, білудің қажеттілігі зор. «Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы орындалып, тәуелсіздікке қол жеткізуімізде Мемлекет басшысының орны зор екендігі айдай ақиқат. Уақыт өткен сайын қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түсуде. Мемлекетіміздің әлем таныған елге айналуы да Елбасымыздың беделінің, тынымсыз да еселі еңбегінің нәтижесі» дейді Рымкеш Шәйкенқызы. «Елбасы және тәуелсіздік» атты басқосуда қиын да күрделі жолдан өткен мемлекеттің бүгінгі тынысы және келешегі туралы ой толғаған еңбек ардагерлері жас ұрпақ тәрбиесін де тілге тиек етті. Нұрсұлтан Әбішұлының сыныптасы, еңбек ардагері Қыдырғали Байбек уақыт сынынан өткен балалық шақтың есте қалған кейбір сәттеріне де тоқталды.
– Сендер, айналайындар, яғни бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіздіктің арқасында бақытты өмір сүріп жатырсыңдар,– деді ол мектеп оқушыларына қарап. – Елбасының да басты мақсаты жас ұрпақтың шаттыққа толы өмірі, сондықтан да, міне, осы бақытты, қазақ халқының шаңырағына қонған бақ-дәулетті бағалай біліңдер. Туған Отан игілігі жолында қажырлы еңбек етсеңдер кемел келешекке сеніммен қарауға болады.
Біздер, Сұлтан екеуміз мектепте 1-сыныптан бастап 10-сыныпқа дейін бірге оқыдық. Балалық шағымыз ел басындағы қиын да күрделі уақытпен сәйкес келсе де оған ешкім мойымады. Сол кездің жастарының бойында ерекше ерік-жігер болатын. Әсіресе Нұрсұлтан бәрімізден ерекшелене білді, қиындыққа тап болғандарға бірден көмекке келіп, қолтығынан демейтін. Есімде қалған бір сәт, оқушылар арасында жүгері жинаудан озып шығып, екеуміз «Юбилейный» деген медаль алғанбыз. Ең бір ғажайып сәт, емтихан алдында мұғалімдерімізге арнап таудың етегінен гүл теріп әкелетінбіз. Әлі есімде, бірінші, екінші және үшінші сыныптарда оқығанда ауылда электр жарығы жоқ, радио жоқ, көмір жоқ, сабақты майшамның жарығымен оқимыз, ата-анамызға да көмектесеміз. Бүгінгі уақыт биігінен өткен күндерге көз салсам, көңіліме қуаныш ұялайды. Арада қанша уақыт өтсе де, Нұрекеңнің бойында бала кезден қалыптасқан қарапайымдылық, мейірім мен ізгілік сияқты асыл қасиеттер сақталған, – дейді Қыдырғали Байбек өз ойын ортаға салып.
Мемлекет басшысы «бүгінгі күнді түсініп, түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп атап айтқанындай, «Елбасы және тәуелсіздік» атты басқосуға жиналғандардың тәуелсіздік пен бостандыққа қол жеткізген халқымыздың бүгінгі жетістігімен қатар, өткен күндер туралы естеліктерінің мектеп оқушылары үшін тағылымы мол болғандығы айтпаса да түсінікті. Кемел ойлы, кең құлашты саясаткердің балалық балғын шағы туралы сөз қозғап, сыр шерткендер ұстаздың әрбір шәкірт өміріндегі ұмытылмас орнын да назардан тыс қалдырмады.
– Елбасы білім алған бұл мектеп киелі мектеп, онымен бір мектепте оқығанымыз біздер үшін үлкен мақтаныш. Үшқоңыр – менің туған жерім, менің әкем Мырзатай Иханбердин осы білім ұясында ұзақ жылдар ұстаздық етті. Өз ұстаздарымыздың алдында басымызды иеміз, ондай тәлімі де тәрбиесі мол жандар қазір мүлдем аз. Мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласатын, қоңыр дауыспен тамылжыта ән айтатын, жоғары сынып оқушысы – Нұрсұлтан Әбішұлына біз сол кезде қызыға қарайтынбыз. Орыс тілін сол кезде тәуір сөйлей алмайтын біздерге қамқор болып «сендер «мировая литератураны» оқыңдар» деп ақылын айтып, қамқор болып жүретін. Сол сөзден кейін мен ауылымыздағы кітапханаға бардым. Бір таңқаларлығы, сөйтсем біздің ауылдың кітапханасы өте бай екен. Сонда мен алғаш рет Джек Лондон, Мопассан, Бальзак сияқты классиктердің кітабын қолыма алып, туындыларымен таныстым. Көшбасшының сол бір бала кезіндегі алғырлығы әлі күнге дейін есімде қалып қойыпты,– дейді Панар Мырзатайқызы өткен күнге көз жіберіп.
Мектеп қабырғасында, әлі оңы мен солын танымайтын аңғырт та аңқау балаң кезеңнің өзінде бір мектепте бірге оқығандардың да, сыныптастарының да Нұрсұлтанның сол кездің өзінде «лидер» болатындығына сендік деп атап айтуы көп нәрседен хабар берсе керек. Екі мыңға жуық құнды жәдігерлер жинақталған, Мемлекет басшысының өмір және еңбек жолы мен тарихы терең де қасиетті өлке шежіресінен сыр шертетін «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы құнды экспонаттармен уақыт өткен сайын толыға түсуде. Ардагер ұстаз, көп балалы ана Балзейнеп Бейсенбаева мектеп мұражайына музыкалық аспап – патефон сыйлады.
– Мен 84 жастамын, тіршіліктің қиындығын да, қызығын да көрдік. Халқымызда «Азаматына қарап, ауылын таны» деген ұлағатты сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлындай басшысы бар біздің халқымыз, жайқалған бәйшешектей болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ, шын мәнісінде де бақытты, келешегі кемел. Ел тәуелсіздігіне 20 жыл, халқымыз бейбіт өмірде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осының барлығы туған халқы, қасиетті Отаны үшін қажырлылық пен белсенділік танытып жүрген Мемлекет басшысының еңбегінің жемісі. Кезінде ауылымызда «Шамшырақ» ансамблін құрдық, еселі еңбек еттік. Сондағы мақсатымыз ауылымыз, еліміздің көркейіп, гүлдене беруі,– дейді Балзейнеп Бейсенбаева. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шараға қатысқан мектеп оқушылары «Нұрлы күнге ұмтылған қазақ бүгін, сүйсіндірген әлемді азаттығым» деп ән мен жырдан шашу шашты.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы облысы, Қарасай ауданы.