• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2011

Шарайна

292 рет
көрсетілді

ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ – 12 Пәкстандағы әскери базаға шабуыл жасау барысында қаза тапқандар саны 12 адамға жетті, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі. Алдыңғы күні талибтер авиабазаны атқылап, гранаталар лақтырған болатын. Полицияның айтуы бойынша, гаранаталармен, реактивті снарядтармен және автоматтармен қаруланған 10-15 содыр сағат кешкі бестен кейін Мехран базасына шабуыл жасаған. База аумағында кем дегенде он жарылыс болып, оның соңы кескілескен атысқа ұласқан. Пәкстан өкіметі қаза болған 12 адамның ішінде 8 содыр бар деп мәлімдеп отыр. Оқиға орын алған сәтте Мехран базасында америкалықтар болмаған көрінеді. ГРУЗИЯДА БИЛІК АУЫСА МА? Михаил Саакашвилидің режіміне қарсы оппозицияның жаппай ереуілге шығуы революциялық ахуалдан ал­шақ, таяу уақыттарда биліктің ауы­суын күтудің ешқандай қисыны жоқ. Грузиядағы ахуалға байланысты РИА Но­вости агенттігіне ресейлік сарапшы­лар мен  саясаттанушылар осындай пікір білдірген. 21 мамырдан бері Грузияда М.Саакашвилидің отставкаға кетуін талап еткен акциялар өтуде. Тбилиси мен Батумиде өтіп жатқан наразылық шараларына бірнеше мыңдаған адамдар қатысуда. Оппозиция лидерлерінің бірі – парламенттің экс-спикері Нино Бурджанадзе Тбилисиде өткен митингіде Грузияда төңкерістің басталғанын хабарлап та үлгерді. КИМ ЧЕН ИР ҚЫТАЙДАН КЕҢЕС СҰРАДЫ Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ир өз елінің экономи­ка­лық дамуына байланысты кеңес алу үшін Қытайға келді, деп ха­барлайды Франс-Пресс агенттігі. Ким Чен Ирдің Қытайға сапары Қытайдың, Оңтүстік Кореяның және Жа­по­нияның қатысуымен Токиода өтетін үш­жақты саммит қарсаңында жүзеге асып отыр. Айта кету керек, ел үкіметінің соңғы отыз жылда нарық экономи­ка­сын дамытуға көшуіне байланысты Қытайда  ішкі жалпы өнім көлемі 14 есе өскен. Солтүстік Корея басшысының Қы­тайдан экономикалық кеңес сұрауына да осы жағдай себеп болса керек.  Соңғы жыл­дары Солтүстік Кореяның ауыр экономикалық ахуалды бастап кешіп отырғаны белгілі. Елде әсіресе, азық-түлік пен энергоресурстар тап­шылығы сезілуде. АЛАПАТ ДАУЫЛ ЗАРДАПТАРЫ АҚШ-тың Миссури және Ми­н­несота штат­та­рын­да орын ал­ған торнадодан қаза тапқандар саны 31 адамға жетіп отыр. Алапат дауыл 200-ден астам құры­лысты қиратып, тұр­ғын үйлерге орасан зор нұқсан келтірген. Кем дегенде бес адам жарақат алған көрінеді. Қалада электр тарату желілері мен телефон байланысы жұмыс істемейді. Бірқатар штаттарда табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жа­рия­ланып отыр. АҚШ өкіметі құтқарушыларға көмектесу үшін жіберген ұлттық гвардия әскерилері үйінділер астында қалған жаралыларды құтқаруға жәрдемдесетін болады. Сәуір айында АҚШ-тың оңтүстік-шығысында болған торнадо салдарынан 329 адам қаза тапқан еді. ЕЛШІГЕ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ Йеменде орын алып жатқан тәртіпсіздіктер ба­ры­сында өткен жексенбі күні ҚХР-дың осы елдегі елшісі отырған автомобиль кортежіне шабуыл жасалған. Кортежге қаруланып алған адамдар шабуыл жасаған көрінеді, бірақ оларды полиция қуып, таратып жіберген. Дип­ломаттың жағдайы туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Йеменде үкіметке қарсы ереуілдер әлі күнге жал­ғасу­да. Ел президенті Әли Абдалла Салих Парсы Шығанағы елдері қызметтестік кеңесі әзірлеген билікті бейбіт түрде беру туралы келісімге қол қоюдан үшінші рет қатарынан бас тартып отыр. ЖАНАРТАУ КҮЛІ НОРВЕГИЯҒА ЖЕТТІ Исландияның Гримсвотн жанар­тауы­ның ат­қы­лауынан пайда болған күл Норвегияға дейін жетті. Сейсенбі, 24 мамыр күні жанартау бұлты Ұлыбри­та­ния­ға дейін жетеді деген болжам бар. Олай болса Еуропаның авиация әлемінің алдына Біріккен Корольдік үстімен ұшақтардың ұшуына тыйым салына ма, жоқ па деген сауал туындайтын болады. Өткен жылғы «ұлы жанартау әбігері» де дәл осы елде басталған болатын. Онда Ұлыбританияның авиациялық билігі сәуір айында елдің әуе кеңістігін бірінші болып жауып тастаған еді. Франция көлік министрлігі егер күл Францияға дейін жететін болса, ел өкіметінің ұшуларға тыйым салуы мүмкін екенін қазірдің өзінде мәлімдеп отыр. ОМАР ТУРАЛЫ СЫБЫС ШЫНДЫҒЫ «Талибан» исламистік қозғалысы өздерінің көсемі Мохаммед Омардың қаза тапқаны туралы хабарды теріске шығарып отыр, деп хабарлайды Ассошейтед Пресс агенттігі. Талибтердің өкілі Забиулла Муджахид агенттікке Омар молданың көзі жойылғандығы туралы сыбыстың бар болғаны «насихат» қана болып табылатынын жеткізген. Оның айтуынша, «Талибанның» көсемі қазіргі кезде Ауғанстанда жауынгерлік операцияларға басшылық жасауда. Ал Омар молданың қаза болғаны туралы 23 мамыр күні ауғандық Tolo телеарнасы хабарлаған болатын. Интернет материалдары негізінде әзірленді.