• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2011

Жазғы түн

666 рет
көрсетілді

Сол жайлау шіркін...

жатқан бір шөбі жайқалып,

Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.

Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,

Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.  

 

Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыр еткенге,

Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.

Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,

Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.  

 

Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,

Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.

Қара қосымның жыртығын жамап жұлдыздар...

Жасаған Ие-ай, нығметіңе қарықпын.  

 

Жалбыздысайдың саумалы түні-ай... жалғанда,

Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!

Сұп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,

Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.

 

Ақ шағи бұлттар... Алтайдың асқар тауында,

Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қалған жадымда.

Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,

Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.