• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2011

Оңды істер бар. Бірақ тоқмейілсуге болмайды

438 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобровтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымның дамуы» тақырыбында үкімет сағаты болып, онда Білім және ғылым министрі сөз сөйледі. Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде білім беруді дамыту индексі (БДИ) бойынша соңғы үш жылда Қазақ­стан 129 елдің ішінде көшбас­шы­лардың төрттігіне енгендігін ерекше атап өтті. Бұл көрсеткіш бой­ынша Беларусь 26-орында, Грузия – 30, Тәжікстан – 31, Қырғызстан – 42, Армения – 43, Өзбекстан – 48, Украина – 53 және Молдова 59- орында көрінеді. Былтыр Адами даму индексі (АДИ) бойынша Қазақ­стан алғаш рет даму дәрежесі жоға­ры елдердің тізбесіне еніп, 66- орынды иеленген. «Биылғы жылы жарияланған Ұлттық әл-ауқат бой­ынша беделді халықаралық рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстан әлем­нің 110 елінің ішінде 50-орын­да», деді Бақытжан Тұрсынұлы. Рейтингтегі орындар негізгі сегіз индекс бойынша анықталса, оның бірі – білім беру сапасы. Білім беру индексі бойынша Қазақстан 110 елдің ішінде 46-шы орында тұр екен. Екінші блок білім және ғы­лым саласының негізгі нәти­же­леріне арналды. Министр осы ретте елімізде мықты құқықтық база құры­лып, білім беруді да­мытудың таяу­дағы он жылдыққа арналған мемлекеттік бағ­дарламасы әзірленген­ді­гін тілге тиек етті. Соңғы 10 жылда білім беруді қаржы­лан­дыру 7,5 есе артқан. Ғылымды қаржыландыру да өскен. «Балапан» бағдар­ламасы белсенді түрде іске асы­рылуда. Соңғы 5 жыл ішінде 490 жаңа мектеп салы­ныпты. Назарбаев зияткерлік мектептер желісі құрылуда. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың басым бағыттары да назардан тыс қалған жоқ. Министр осы орайда мемлекеттің мұғалім мәртебесін арттыруда маңызды қадам жаса­ғандығына ерекше тоқталды. 1 қыркүйектен бастап мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілік санаты үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пай­ызға дейін қосымша төлемақы ала­ды. Осы мақсат үшін респуб­ликалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд. теңге бөлінген. Министр білім мен ғылым саласы бойынша елімізде атқары­лып жатқан басқа жұмыстар жайынан да құлағдар етіп, болашақ жоспарлар туралы да жан-жақты әңгімеледі. Үкімет сағатында Е.Нығ­ма­ту­лин, Ш. Мырзахметов, В.Нехорошев, Р.Халмұрадов, З.Балиева, Қ.Ыдырысов, т.б. депутаттар министрге еліміздегі білім мен ғылымға қатысты сұрақтар қойды. Оты­рысты В.Бобров қорытындылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.