Дәулескер күйші, дарынды композитор, арқалы дирижер Нұрғиса Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты әншілер мен күйшілер конкурсы Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында өткен болатын.
Міне, содан бері күмбірлеген күй мен шалқыған ән бәсекесіне ел таланттарымен бірге Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты алыс-жақын шет елдерден келген өнерпаздар да бақ сынап келеді.
Жамбыл мен Кенен дүниеге келген өңірдің мәдени мерекесіне айналған осы дәстүрлі конкурс биыл Байзақ ауданында өтіп, оған еліміздің Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 37 үміткер келді. Енді олар жезтаңдай әнші және дәулескер күйші аталымдары бойынша бақ сынамақ.
Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов. Ән мен күйдің бәсекесі мәресіне 26 мамыр күні жетеді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.