Лондонда ядросыз әлем құру мәселелеріне арналған халықаралық конференция аяқталды
Бұған дейін хабарланғанындай, Лондонда «Тежеу: өткені және келешегі» деген тақырыпта халықаралық конференция болып өтті. Әлемдік деңгейдегі аталған ауқымды шараны Еуропаның көшбасшылық желісі мен Стэнфорд университетінің Гувер институты және «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры бірлесіп ұйымдастырып, демеушілік жасады. Өткен жұма күні басталып, сенбі күні аяқталған екі күндік конференцияға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Біз Лондонда болған 3-4 күн ішінде Англия өзінің Тұманды Альбион атауын ақтай қойған жоқ. Аспанды аракідік ала бұлт торлағаны болмаса, бір тамшы тамбады. Әрине, бұған ешкімнің де қуанбаса ренжімегені анық. Бірақ мұнда қанша жаңбыр жауса да, аяғыңа жабысатын бір түйір лай балшық таппайсың. Өйткені, бүкіл жер асфальтталып тасталған, шөп егілген жерлерді айтпағанда, жай жатқан қара жер жоқ. Сондықтан аяқ киіміңе де түйір шаң отырмайды.
Жылжымайтын мүліктің бағасы өте қымбат екенін естідік. Себебі, Англия арал мемлекет болғандықтан, жер қымбат және тапшы. Ағылшындардың тілдерінде де ерекшелік үлкен екен, диалект әр жіктің қоғамда алатын орнымен байланыстырылады. Етікшіні, көше сыпырушыны, таксишіні, қысқасы, қара жұмыс атқаратындарды жоғары жіктің адамдары түсінуі қиыншылық туғызатын көрінеді. Төменгі жіктің адамдары қоғамдағы өз орнын білгендіктен, ешқашан жоғарыға қол созбайтынын да бұл елдің өзіндік бір ерекшелігі ретінде қабылдадық.
Таксиші демекші, конференция өтіп жатқан Лаңкестер хаус ғимаратының ауласына еніп бара жатқан «I Kaz» сериялы елші Қайрат Әбусейітовтің қызмет көлігін көріп қалған бір ағылшын аулада тұрған бір топ журналистің жанына келіп тоқтап, «Сіздер Қазақстаннан емессіздер ме?» деп сұрады. Осыдан-ақ, өзгені айтпағанда, қарапайым ағылшын азаматы үшін де Қазақстанның танымал ел бола бастағанын ұғындық. Оның айтуынша, Лондонда таксиші болып орналасу үшін 4 жыл оқуың керек көрінеді. Оның бір себебі, таксиші қаланың ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білуі тиіс болса, сондай-ақ әр клиенттің көңілін табатындай жоғары деңгейде қызмет көрсетуі керек екен.
Тағы бір атап өтетін жәйт – лондондықтар жөн сұраған адамға еш бәлсінбестен ілтипатпен жауап беруге бейім тұрады. Абайсызда қағып кетсең, орынсыз жерде тұрып қалыппын дегендей, өзі кешірім сұрап бәйек болады. Халқының 50 пайызын шеттен келген мигранттар құрайтындықтан, этносаралық татулық пен дінаралық келісімге ұмтылыс үлкен екені байқалады.
Ағылшын тілін білмеген адамға Англияда жұмыс та табылады екен. Әсіресе, қызмет көрсету саласында сырттан келгендер көп көрінді. Сауда орындары мен қонақ үйлерде, қоғамдық тамақтандыру орындарында қызмет көрсететіндер қатарында орысша білетіндерден, әсіресе, Балтық бойы елдерінен келгендер баршылық екені байқалып қалды. Мұны түпкілікті халықтың «қара жұмыс» істеуге құлықсыздығымен қатар, өзге де дамыған Еуропа елдеріндегі секілді Англияда да байырғы халық арасында зейнеткерлердің көп, жас буынның аз екендігімен, жалпы елдің қартайып келе жатқандығымен түсіндіруге болатындай.
Ал конференцияға келетін болсақ, әлемнің АҚШ, Германия, Франция, Италия, Қытай, Ресей, Египет, Үндістан, Жапония, Ұлыбритания сияқты беделді елдерін қоса есептегенде, барлық құрлықты қамтыған 18 мемлекеттен өкіл қатысқан ауқымды шара бүгінде жалпы адамзат баласын алаңдатқан ядролық қатерді мейлінше азайту мәселелерін өзек етті. Конференцияға қатысқан танымал адамдар қатары да қалың болды. Мысал үшін айтсақ, Қытайдан Американы зерттеу жөніндегі Қытай халықаралық зерттеулер институтының директоры доктор Лю Цин, Германиядан отставкадағы вице-адмирал Ульрих Вайссер, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері, израильдік доктор Ариэль Левит, Италияның Еуропа істері жөніндегі экс-министрі, депутат Джорджио Ла Мальфа, Кореядан бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор Хан Сын Чу, швециялық елші Роль Экеус, т.б. қатысып, күн тәртібіндегі тақырып бойынша өздерінің ой-пайымдарын ортаға салды.
Конференцияның екінші күні Қазақстан делегациясын бастап барған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев сөз сөйледі.
– Бірінші кезекте конференцияның жақсы ұйымдастырылып отырғанына ризашылығымды білдіремін. Ядролық тежеу доктринасы алғаш рет «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінде көтерілгені белгілі. Сол тұста жанжалды жағдайлар аса көп бола қоймағанымен, ажал сепкен атом қаруын қолданбауға қол жеткізілді. Дегенмен, ядролық қаруы бар елдер қатары арта түсіп отырған қазіргі шақта ядролық тежеу тұжырымдамасы өзінің мағынасын түпкілікті жоғалтуы мүмкін. Осыған байланысты біз ядролық арсеналдар санын тоқтаусыз төмендету, барлық халықаралық қоғамдастық мүшелері таратудан толықтай бас тарту, таратуға бақылау жасау, атом энергиясы мен технологиясын пайдалану үдерістері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) толықтай бақылауы шеңберінде жүзеге асуы тиіс деп есептейміз. Бүгінгі таңда бұған балама жол жоқ, – деді өзінің сөзінде Қанат Бекмырзаұлы.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы келесі кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың сәуірінде Вашингтонда болған ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте нақ осы себепті Ядросыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастама көтергенін атап көрсетті. Міне, сонда ғана барлық мемлекеттер сенімді қадаммен ядросыз әлем құруға шешімді түрде ілгері басар еді. Қазақстан осы бастаманы белсенді және дәйекті түрде көтеріп, планетаны ядролық қатер құрсауынан босату бағытындағы жұмысын жалғастыратын болады.
Соңғы жылдары «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры ұсынған Халықаралық ядролық отын банкін (ХЯОБ) құру тақырыбы МАГАТЭ күн тәртібінде ерекше орынға ие. Аталған банкті құру ядролық таратпау режімін нығайтуға, МАГАТЭ мен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың рөлін нығайтуға септесетін болады.
Қазақстан әлемдегі жетекші уран рудасын өндіруші және ядролық отын өндіретін әлеуеті бар мемлекет ретінде атом энергиясын Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен МАГАТЭ аясында бейбіт мақсатта пайдалануға өзінің қатысуын кеңейту ниетінде. Осыған байланысты 2009 жылдың 6 сәуірінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық отын банкі құрылған жағдайда Қазақстанның оны өз аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеген еді. Еліміздің өз аумағында банкті орналастыруға дайын екендігі мен ядролық отынды тиісті деңгейде сақтау туралы тапсырысы МАГАТЭ-ге өткен жылдың 11 қаңтарында ұсынылған болатын. Енді бұл мәселені толық көлемінде шешу МАГАТЭ-нің құзырында.
Халықаралық ядролық отын банкін Қазақстан аумағында орналастыру мынадай объективті факторларға ықпал етеді:
– жобаға қатысушылардың қажетті сенім деңгейін қамтамасыз ететін елдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай мен Қазақстанның салмақты сыртқы саяси бағыты;
– еліміздің таратпау мен ядролық қаруды қысқартудың жаһандық үдерісіне көп жылғы және берік жақындығы мен оған белсенді қатысуы, сондай-ақ МАГАТЭ-мен жемісті ынтымақтастығы;
– Қазақстанның дамыған және сенімді экспорттық бақылау жүйесі, ядролық материалдардың тасымалы мен экспорты үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаның жасалуы;
– ядролық отын қалдығы үшін бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Өскемендегі «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-тың дайын инфрақұрылымдарын пайдалану мүмкіндігі. Аталған ғимараттар ядролық материалдарды ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ететін талаптарға жауап береді;
– Қазақстанның Ресей Федерациясының Ангарск қаласында орналасқан уранды байытудың халықаралық орталығы жұмысына қатысуы.
Қанат Саудабаев осы мәселелер туралы жан-жақты айта келіп, Қазақстанның кандидатурасына байланысты оң шешім қабылданған жағдайда еліміздің ядролық отын банкіне қатысты барлық міндеттемелер мен жауапкершіліктерді толығымен орындауға кепілдік беретінін атап көрсетті. Осы орайда айта кететін бір жәйт – МАГАТЭ-нің танымал сарапшыларының пікірінше, төмен байытылған уран лаңкестер үшін тартымды материал болып табылмайды.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы ядролық отын банкін құру идеясын, тіпті ядролық таратпау тұрғысынан келгенде халықаралық қоғамдастықтың белгілі бір деңгейде алаңдаушылығын туғызатын елдер де қолдап отырғанын атап өтті. Мәселен, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад 2009 жылдың сәуірінде Астанаға сапары барысында Қазақстан аумағында ядролық отын банкін құру туралы идеяны қолдайтынын білдірді. Оның пікірінше, аумағында уран қоры бар және оны байыту бойынша технологияға ие кез келген мемлекет өз аумағында ядролық отын банкін құра алады.
Конференцияда сөйлеген сөзінде Қ.Саудабаев бұл банк ядролық отынды саудалаудың тұрақты көзі болып табылмайтынына назар аударды. Және әңгімесінің қорытындысында өзінің ядролық арсеналынан әлемде алғашқы болып бас тартқан Қазақстанның таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастықтың сенімді әріптесі бола алатынына екпін түсірді. Аталған мәселелердегі біздің саясатымыз теңдестірілген, бірізді қалпында қала беретін болады, деді ол. Біз әлемдік қоғамдастықтың барлық жауапты қатысушыларымен Жер шарының қазіргіден де қауіпсіз бола түсуі үшін ынтымақтасуға дайынбыз.
Қатысушылар екі күндік конференция барысында халықаралық қауіпсіздікке қандай қатер бар екендігі, ағымдағы және болашақтағы қатерлердің алдын алудағы ядролық және ядросыз тежеудің рөлі, ядролық тәуекелдерді мейлінше азайтып, бүкіл әлем үшін қауіпсіздікті жоғарылату деген тақырыптарда егжей-тегжейлі пікір алмасып, осы бағыттағы пікірлерін ортаға салды.
Конференция жұмысын аяқтаған соң АҚШ-тың бұрынғы сенаторы, Ядролық отын банкін құру жөніндегі идеяның бастамашысы Сэм Наннға жолығып, басқосу туралы сұраған болатынбыз. Ол былай деді: Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып қана қоймай, қарусыздану үдерісіндегі үлгі тұтар мемлекет ретінде танылып отыр және осы ұстанымға өзінің беріктігін көрсетіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда төмен байытылған уран өндірісі енгізілді. Оның үстіне Семей полигонын жабу арқылы әлемге бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қаншалықты қымбат та қастерлі екенін пайымдататын үлгі-өнеге танытты. Ал біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевты осы үдерістердің нағыз көшбасшысы ретінде білеміз. Ол өзінің үлгісі арқылы халықаралық қоғамдастыққа қай бағытта жүру керектігін айтып, жөн сілтеп берді.
Ал конференцияда сондай-ақ, жоғарыда айтылған мәселелермен қатар, ядролық қаруды қолданудың тәуекелін мейлінше азайту қажеттігіне баса назар аударылды. Ядролық қаруға ие Ресей, АҚШ, Қытай, Үндістан секілді елдер өкілдері бір үстелдің басына жиналса, ядролық қару қолданудың тәуекелі азаятыны да сөзсіз. Осы үдерістерде Қазақстан нақты не істей алады? Оның басты үлгісі қарусыздану үдерісіндегі бастамашылығы десек, бұл жәйттер өзінің көкейкестілігін әлі де жойған жоқ.
Самат МҰСА.