8 маусым күні Қазақстанның Италиядағы елшілігінде танымал ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өнертанушы Гүлмира Шалабаеваның «Еуразиялық мұрат – Қазақстанның бейнелеу өнерінде» деген атаумен картиналарының көрмесі мен монографиясының таныстырылымы өтеді. Бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Көркем безендірілген кітап үш тілде жарық көрген.
Бірінші рет философия, саясаттану, эстетика, өнер тарихы сияқты түсініктерді бір арнаға тоғыстыра білген автор еуразиялық мұраттың танымы мен тағылымын әр түрлі дарынды суретшілер шығармашылығы арқылы көрсетуді мақсат еткен. Атап айтқанда, Е.Сидоркин, Н.Бубэ, қазіргі таңда Германияда тұратын Б.Мекебаев, сондай-ақ Қазақстанды өз отанындай сүйетін, 15 жылдан астам Алматы қаласында тұратын италиялық К.Барбароның шығармалары кітапқа арқау болған.
Бұл жинақтағы тарауларының тақырыбынан-ақ оның мазмұнын аңғаруға болады: «Еуразиялық өркениет – аңыз ба, әлде шындық па?», «Еуразиялық мұрат – рухани әлемнің ерен қабілеті», «Евгений Сидоркиннің симфониялық тұлғасы», «Нэлли Бубэ – ұлы көш сағынышы», «Жаңакөшпенділер – Болат Мекебаев және Кармине Барбаро».
Римде өтетін кітаптың таныстырылымы мен көрмеге автормен бірге оның кейіпкерлері Н.Бубэ, К.Барбаро және Б.Мекебаев қатысады. Басқосу тек аталған кітап жөніндегі әңгімемен шектелмейді, жалпы Қазақстанның бейнелеу өнері туралы, оның тарихы мен дамуы жайлы ой қозғалады. Кітапты таныстыру арқылы Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттауға үлес қосылатыны анық. Бұл еуразиялық мұрат идеясын қолдау, сонымен қатар, Қазақстанды әлемдік мәдени кеңістікке енгізу қажеттігі туралы ел Президенті Н.Назарбаевтың идеясын жүзеге асыру жолында жасалған бір қадам болып табылады.
«Егемен-ақпарат».