Арқа төсін ән мен жырға бөлеген «Жас қанат» ән байқауында Ел Тәуелсіздігінің мерейіне арналған өнерлерін әр қырынан көрсетуге талпынған жастар шынайы бәсеке барысында бақ сынады. Еліміздің әр тарапынан үкілі үмітпен сынға түскен сол әншілердің арасында Жетісудың қырмызы қызы Арайлым Қалмұханбетова да бар еді. Жас әншінің шырқаған әні өнерсүйер қауымнан өз бағасын алды. Жыл басында 300 талапкердің арасынан іріктелген 15 үміткердің қатарынан көрінген Арайлым жетісулықтардың намысын жібермей, жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл оның алғашқы жетістігі емес, бұған дейін де халықаралық фестивальдерден екі мәрте бас жүлдемен оралғанын айта кеткеніміз жөн.
Жерлестері әнші қыздарын жадырай қарсы алып, құшағын гүлдестеге орады. Арайлым да өзіне қамқор болған облыстық мәдениет басқармасындағы басшылар мен демеушілік көрсеткен қамқор азаматтарға риясыз алғысын жеткізді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.