Жетісулық веломарафоншы Сәрсен Қасымов жасы елуден асса да өңірдегі аудан, қалаларды қос дөңгелекті «арбамен» аралауды жоспарлап, екі мыңнан астам шақырым жол жүрмекші.
Еңбекшіқазақ ауданынан Үштөбеге аялдаған веломарафоншыны жұртшылық жылы қарсы алды. Біреуі таңданса, енді біреу нағыз азамат деп жатты. Ол осында келгенше 750 шақырымды артқа тастапты. Ал, жорықшының мақсаты қарапайым ғана.
– Жетісу – жұмақ мекен. Оның жасыл шалғыны мен сылдырай аққан өзені жаныңды рахатқа бөлейді, сергітеді. Ал, менің жорығымның мақсаты тіптен биік. Ол – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына өзіндік тартуым. Әрі биылғы Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттап, саламатты өмір салтын насихаттау, жастардың велоспортқа деген қызығушылығын ояту, – дейді ол.
Велоспортшыны қоршаған балалар оған расында да қызығушылық танытты. Жорықшыны біраз жерге дейін шығарып салып, кейін қайтты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.