Қаладағы «Айналайын» балалар үйіндегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілерге жасалған әлеуметтік жағдай, оқыту мен тәрбие жұмысындағы атқарылған жұмыстар айтуға тұрарлық. Жаз бойы аудан, қалалар облыс орталығында мәдени күндерін өткізеді. Бағдарламада балалар үйіне қамқорлық жасау да қарастырылған. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар да балалар мекеніне жиі атбасын бұрады. Әйтеуір, бетбақ тағдырдың ызғарын сейілтуге тырысатындарға нұр жаусын дейміз.
Күнделікті қарбалас жұмыс арасында облыс әкімі Аңзар Мұсаханов осы аптада «Айналайынға» арнайы барды. Мұндағы балалар оқу жылын жақсы қорытындылапты. Балалар мекеніндегі оқу бөлмелері, музыка, спорт залдары мен кітапхана, шеберханалардың жабдықталуына назар аударған басшы кейбір мәселелерді сол жерде шешті.
Бұл жолы да бала-бақыт, бала-қуаныш деген тәмсілдің шындығына көз жеткізілді. Шетінен әуезді ән айтып, мың бұралған бүлдіршіндер қонақтарға өнерден шашу шашты. Жүздері балбұл жанған олар әкелген сыйлыққа да риза. Кең экранды теледидар, қалы кілемдер енді олардың қажетін ашатыны анық.
Жүзден астам ұл мен қызға берілген спорттық киім мен жаздық көйлектер де жабырқаған көңілді бір көтеріп тастады. Басқа да қажеттіліктерге қарық болған балдырғандар тіптен шат-шадыман күйді бастарынан өткерді. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген ғой дана халқымыз.
Облыс әкімі өзінің арнайы келгенін, Елбасының жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне ерекше назар аударатынын жеткізді. Енді мүмкіндігінше жағдай жасалатынын айтты. Бүлдіршіндер жазғы демалыстарын емдеу-сауықтыру лагерьлерінде өткізеді. Бұл да бала тәрбиесіндегі жақсы істің бірі.
Күмісжан БАЙЖАН.
Талдықорған.