• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Келешек – Кеден одағында

380 рет
көрсетілді

Саратов қаласында таяуда өт­кен екінші халықаралық ғылыми-тағылымдық конференция «Ре­сей­дің, Белоруссияның және Қа­зақстанның Кеден одағы: қалыптасу проб­лемалары мен даму перспекти­ва­лары» деп аталды. Бұл іс-шараны  Саратов мемлекеттік университеті, Саратов кедені, «Ресей заңгерлері қауым­дастығының» Саратов өңірлік  бөлімшесі, Саратов облысының  сауда-өнеркәсіп палатасы, сон­дай-ақ жоғарыда аталған универ­си­тет­тің ТМД және Балтық бойы елдерімен ынтымақтастық жө­ніндегі ғылыми-біліми орталығы ұйымдастырды. Конференцияны ашқан Саратов облыстық думасының депута­ты, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресейдің еңбек сіңір­ген заңгері Галина Комкова  бұ­дан  бір жыл бұрын алғашқы конференцияда Кеден одағын құру­дың  теориялық мәселелері көбі­рек қарастырылған болса, енді  бұл жаңа құрылымның іс-тәжі­рибе­лік қорытындыларына назар ау­даруға мүмкіндік туып отыр деді. Саратов кеденінің бастығы, «Ре­сей заңгерлері қауымдас­ты­ғы» Саратов өңірлік бөлімше­сінің жетекшісі Сергей Овсянников Кеден одағының құрылуымен бұрынғы шекаралық кеден ор­ган­дарының ішкі кедендерге айнал­ғанын, биылғы 1 шілдеден бастап Озинки кеден бекеті жұмысы тоқтайтынын,  үш мемлекеттің кеденшілері тауарлардың  кедендік транзитінің бірыңғай рәсім­дері шеңберіне көшетіндігіне қа­тысу­шылар назарын аударды.  Ке­ден одағының құрылуына орай бүгінде  бірқатар маңызды бағыт­тар бойын­ша  бірлескен жұмыс­тар кү­шейтілгенін, жаңа жұмыс  форма­лары көзделіп отырғанын жеткізді. Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Алексей Анто­нов­тың  сөзіне қарағанда,  Кеден одағы құрылғаннан бергі аз ғана мерзімде  Белоруссия, Қазақстан және Ресейдің  өзара саудасының көлемі екі есеге жуық өсіпті. Сарапшылардың пікірінше, деді ол,  бірыңғай кедендік  тариф енгізу,  кедендік бажды жою  және экономикалық шектеулерді алып тастау Кеден одағына қатысушы елдердің ішкі жалпы өнімін  бес жыл ішінде 15 пайызға дейін өсіреді екен. Конференцияда Саратов мемлекеттік университетінің профес­со­ры, заң ғылымдарының докто­ры Ольга Бакаева  жұмыс істеп тұрған Кеден одағы шеңберінде кеден саласын мемлекеттік рет­теудің  құқықтық  негіздеріне талдау жасады. – Кеден одағының тарихи қажеттілігіне, оның артықшы­лы­ғына көз жетті, – деді Қазақстан Республикасы Сауда өкілдігінің Саратов облысын­дағы уәкілі Руслан Бисенға­лиев. – Нәтижесінде республикада тауар айналымы мен бюд­жеттің табыс бөлігінің өскені байқалып отыр. Р.Бисенғалиевтің айтуынша, 2010 жылы республикамыздың Кеден одағы елдерімен сыртқы саудасының көлемі 28,1 пайыз­ға артып,  ол жалпы айналым­ның 18,5 пайызын құрапты. Ресеймен арадағы өзара сауда 27,2 пайызға, Белоруссиямен 55,8 пайызға өсіпті. Қазақстан өнім­де­рі­нің Ресейге экспортталуы 35,9 пайызға артқан. Конференцияның жалпы оты­рысынан кейін  «дөңгелек үс­тел» режіміне ауысқан  қатысу­шы­лар жаңа құқықтық  база­ның орнығуы мен  біртұтас экономикалық кеңістікке көшу жағдайында халықаралық кеден ынтымақтастығын, Кеден ода­ғы­ның қызметін  құқықтық  рет­­теудің өзекті проблемаларын  бірлесіп талқылады. Конференция мазмұны біздің елдеріміз үшін  экономикалық дамудың ке­лешегі  Кеден одағымен  ты­ғыз байланысты екенін  және бір мәрте ұғындырды. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.