• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Судьяларды дұрыс таңдай білу – әділдік негізі

440 рет
көрсетілді

Шенеуніктер арасындағы әб­ден дендеген сыбайлас жем­қор­лықты жеңу еліміз үшін оңай бо­лып отырған жоқ. Дегенмен, бұл кесел бізге алынбас қамал деп қол қусырып отырғаннан гөрі, жарқын келешек үшін қазірден бастап амал-қарекет қарастырған әлдеқайда тиімді болмақ. Әсіресе айдың-күннің аманында алты бірдей Жоғарғы Сот судьялары жемқорлық көріністерімен істі болған сот жүйесінің қазіргі жай-күйі жан жабырқатады. Сондық­тан олардың кеселден тезірек құтылуына қоғамдық қолдау жасамаса іс насырға шаба бермек. Міне, осы жағын таразылаған «Нұр Отан» халықтық-демокра­тиялық партиясы кеше Жемқор­лықпен күрес жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңеспен құ­рылған сот органдарының қызме­тін сырттан бағалау жөніндегі қоғамдық бақылаушы комиссия­ның алғашқы отырысын өткізді. Оның жұмысына Парламент Се­на­тының депутаты, Жемқорлық­пен күрес жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жетекшілік етті. Әрине, соттар Конституция бой­ынша тәуелсіз болып табы­лады. Олардың ісіне араласу заң­ға қайшы. Дегенмен, сол соттар өз міндетін пайдалануда әділдік тұрғысынан табыла алмай жатса, қоғамдық бақылаудың күшейтіл­гені керек. Міне, осы орайда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес­пен құрылған сот органдарының қызметін сырттан бағалау жөнін­дегі қоғамдық бақылаушы комис­сияның да негізгі міндеті соттар­дың істі әділ қарауға, азамат­тар­дың, қоғамның және мемле­кеттің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға ба­ғытталған шынайы сот шешімдерін қабылдауына ықпал ету болып табылады. Қашанда кез келген дәрежедегі судья дұрыс таңдалса, мемлекетте де, қоғамда да әділдік  салтанат құратыны белгілі. Ендеше, бұл – үлкен мәні бар жауапты іс. Сондықтан да Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері, ал­ды­мен, сот органдарының қызметін сырттан бағалау жөніндегі қо­ғамдық бақылаушы комиссияның мүшелерін бекітпес бұрын сот­тарға қоғамдық бақылауды Конс­титуцияның және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының талап­тарына сүйене, соттардың негізгі қызметіне еш араласпай және судьялардың тәуелсіздігін мүл­тік­сіз сақтай отырып жүзеге асы­ру қажеттігіне тоқталды. Сөйтіп, сот органдарының қызметін сырт­тан бағалау жөніндегі қоғам­дық бақылаушы комиссияның құрамына белгілі заңгерлер, Праламент депутаттары, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары және ірі қоғам қайраткерлері енді. Комиссия төрағасы болып Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов тағайын­далды. Бұдан кейін бірінші отыры­сын бастаған комиссия алдағы жұмыс барысы Судья этикасы­ның кодексінде қарастырылған судьялардың моральдық-этика­лық нормасы мен өзін ұстау тәр­тібін сақтау мәселелерін қарауға, сот әділдігі мен сот шешімдеріне қолжетімділікті сот органдары­ның дұрыс ұйымдастыруына, қо­ғамның сотқа деген сенімін арттыруға, сот органдарындағы кадр саясатын ізгілендіруге, со­ған орай судьяларды тағайындау тәртібін жетілдіруге, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот тәжірибесіне талдау жүргізуге, сот жүйесінің қызме­тінің құқықтық және ұйым­дас­тырушылық тетіктерін жетілдіру бойынша  тиімді ұсыныстар әзір­леуге, қазақстандық сот ісін жүр­гізуді халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталатынды­ғын білдірді. Александр ТАСБОЛАТОВ.