Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бастап, елімізде ғылым мен білімді дамытып, білім кеңістігінің қалыптасуына айрықша көңіл бөлініп келеді. «Халық пен халықты теңестіретін – білім» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, бәсекеге қабілетті шәкірт, маман дайындау – біздің негізгі мақсатымыз. «Білім туралы» ҚР Заңындағы: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген жолдар әрбір мұғалімнен ізденісті, білімділік пен біліктілікті қажет етеді.
Білікті ұстаз ғана шәкіртін білім нәрімен сусындата алады. Бұл көпшіліктің көңілінде жатталып қалған ұғым. Ал ұстаз біліктілігі мен білімділігін қалай қамтамасыз ету керек? Республиканың Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов жалпы білім беру ісінің жақсаруын осы саланы қаржыландырудың түпкілікті өзгеруімен байланыстырады. Ол үшін қаржыландырудың тиімді және түсінікті болуына қол жеткізу қажеттігін айтып келеді.
Осы орайда мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру бағытында біршама игілікті істер атқарылмақ. Ең бастысы, мұғалімнің еңбекақысы жұмыс нәтижесіне байланысты төленетін болады. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының басты ұстанымы – тыңдаушылардың кәсіби біліктілігін арттыру. Институт қызметкерлері курс барысында облыс педагогтарының шеберлігін арттыру мақсатында интерактивті тақтаның, интернеттің мол ақпараттық мүмкіндіктерін тиімді қолданады.
Қазіргі білім беру мазмұнының жаңа парадигмасына сай оқытудың сапасын, нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында институтта облыстық лицензия және сараптама қызметі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Бұл лицензиялық кеңестен облыс мұғалімдердің өз іс-тәжірибесіне байланысты оқу-әдістемелік, еуростандарт үлгісі бойынша жасалған деңгейлік тапсырмалар жинақтары, мемлекеттік аралық бақылау мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жасауға байланысты ұсыныстар, әртүрлі пәндерді оқытуға арналған әдістемелік нұсқаулықтар мен көмекші құралдар шығарылып отырады. Қостанай қалалық білім бөлімі әрбір мектеп үшін веб-сайттар ашып, қала көлемінде виртуалды әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар әдістемелік кабинетте желілік педагогикалық қоғам жұмыс атқарады. Мұндай тәжірибелерді республика көлемінде тарату қолға алынып отырғаны белгілі.
Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Оларды жан-жақты білімді, интеллектуалды жастар етіп қалыптастырғанда ғана қазақ елі бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінбек. Әңгіме жас ұрпақты жан-жақты жетілген тұлға етіп тәрбиелеуде болып отыр. «Мектептің жүрегі – мұғалім» деп Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқандай, алдымен мұғалімді жан-жақты, білімді және рухани бай тұлға етіп өсіруіміз керек. Баланың көзін білімге мұғалім ашады. Сонда ұстазды қалай даярлаймыз? Ең бастысы, ұстаз бүгінгі өмір ағымына ілесуі керек. Қазіргі мұғалім жаңа білім беру парадигмасы негізінде инновациялық технологиялар мен интерактивті әдіс-тәсілдерді терең меңгерулері тиіс. Осының барлығы да ұстаздың инемен құдық қазғандай оқумен, еңбекпен, ізденіспен қол жететін табысы. 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында мұғалімдер үшін институтта ғылыми-практикалық конференциялар, жобаларды қорғау жұмыстары, оқулықтарды талдау эксперименттері ұйымдастырылып отырады.
Институттың дәрісшілер құрамында 70-тен артық маман бар. Білім басқармасының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары және тәжірибелі мұғалімдер, жетекшілер, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушылар, әдіскерлер біліктілігін көтеруге келген ұстаздар алдында дәріс оқиды. Курстардың сапасын көтеруді Қазақстанның, Ресейдің білім беру орталықтарымен байланысу арқылы қамтамасыз етіп отырмыз.
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов шетелдік озық тәжірибеге сүйене отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде мұғалімдердің ғылыми дәрежелері өте мардымсыз. Білім саласында жүрген қызметкерлер ғылыми жұмысқа аз тартылған. Педагогикалық жоғары оқу орнына түсетіндерден психологиялық, педагогикалық қабілеттерін тексеру мақсатында емтихан енгізу ұсынысын да өте дұрыс деп санаймыз. Мектепте өткізілетін педагогикалық практикада студенттер болашақ маман ретінде тәжірибе жинақтамайды. Практикадан өткен мұғалімдерге жоғары оқу орны тарапынан, әсіресе әдістемелік жағынан көмек аз көрсетіледі. Сол себепті жеке меншік жоғары оқу орындарын қысқарту керек деген мәселе орынды деп ойлаймыз.
Қазіргі білімнің мазмұны санмен емес, сапамен өлшенетін кезең. Бір кездері аса құрметті де қадірлі болған осы мамандықтың бұл күнде беделі төмендеп кеткені ешкімге де жасырын емес. Жоғары оқу орнына түсуге талпынған талапкерлер мұғалім мамандығын менсінбейді. Көпшілік мұғалім мамандығы беделінің түсіп кетуін олардың әлеуметтік жағдайымен, еңбекақысының аздығымен немесе мектептің техникалық жабдықталу жағдайымен байланыстырады. Халқымыз ұстазды ерекше ұлықтап, қадірлеген. Ал қазір сол сый-құрмет қайда? Бұл мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етеді. Өзін өзі байытуға, демалуға, дұрыс киінуге жағдайы жоқ мұғалім шәкірті адында өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды.
Педагогикалық оқу орындарына түсудің жеңілдігі білім сапасының деңгейіне кері әсерін тигізеді. Көбіне ҰБТ-да аз ұпай жинайтын балалардың бұл мамандықты амалсыздан таңдайтыны анық. Осы жағдайды министр өз сөзінде ерекше қадап айтқан. Білім беру саласындағы көзге баттиып тұрған көп жайлар кадр жүйесін тез арада түп негізімен қайта даярлау қажеттігі туып отырғандығын ескертеді.
Министр бұл жұмыстың екі бағытын айқындады. Біріншісі – педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің бастапқы дайындығы, екіншісі – біліктілікті арттыру жүйесін қайта құру.
Министр айтқандай, Кеңес Одағы заманында қалыптасқан педкадрлардың біліктілігін арттыру жүйесі қазіргі әлемдік тәжірибеге сай келмейді. Бұл мәселені шешудің оңтайлы жолы ұсынылады. Біліктілікті арттыру жүйесін көпдеңгейлі және көпкомпонентті жүйе бойынша қайта құру мақсатқа жеткізеді. Бұл үшін біліктілікті арттырудың үш базалық кешенін дайындау керек – «Педагогикалық шеберлік орталықтары», «Педагогтардың біліктілігін арттырудың ұлттық орталығы» және «Педагогикалық жоғары оқу орнындағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру» орталықтары.
Бұл шаралар ұйымдастырушылық құрылымы, мазмұны мен әдістемесі жағынан әлемдік практикаға сәйкес болатын мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Біз облыстың білім кеңістігінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін жүзеге асырылатын шаралар кешені осы салада бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді деп ойлаймыз.
Темірғали ЕРМАҒАМБЕТОВ, Қостанай облыстық БҚБА және ҚДИ директоры.