Жаңа кітап
КСРО және Қазақстанның халық әртiсi, КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, даңқты актер Асанәлi Әшiмұлының «Алматы ақшамының» кiтапханасы» сериясымен «Менiң жанрым – күнделiк» атты екiншi кiтабы жарық көрдi.
Бұл кітап тараулары «Алматы ақшамында» жариялана бастасымен-ақ оған оқырмандардың ықыласы айрықша болды. Редакцияға хат жазып, телефон шалғандардың ой-пiкiрi осындай бағыттағы дүниелердiң жиi жариялануы жас ұрпақ талғамын биiктетедi, ойын өсiредi дегенге келiп саяды. Шынында атақты актердiң күнделiгi оқырманды өзiнiң ойлылығымен, тереңдiгiмен, соны көзқарастарымен қызықтырады.
«Арна» баспасынан жарық көрген кiтапта актердiң тек күнделiгi ғана емес, өнер иесі жөнiндегi әрiптестерiнiң, қаламгерлердiң, қарапайым оқырмандардың лебiздерi, әр жылдары баспасөз бетiнде жарияланған мақала, эссе, сұхбаттар да қоса беріліп отыр. Сонымен қатар, фотосуреттер шертер сыр да оқырмандарды бей-жай қалдырмайды деп бiлемiз. Кiтаптың беташарына Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовтiң алғысөзi берiлген.
«Егемен-ақпарат».