• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

370 адамға жұмыс тауып берген кәсіпкер

390 рет
көрсетілді

Қазіргі нарық заманында жиі естілетін сөздің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Оны дамыту жайында да аз айтылып жатқан жоқ. Мемлекет қол­дан келгенше қолдау білдіруде. Алай­да бұл тұрғыда әр кәсіпкер өзін­дік жолмен шама-шарқынша еңбек етіп,  алға қойған мақсаттарына жетуге талпыну үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлікті дөңгелетіп әкетудегі үл­кен табыстың бірі, бір адам болса да жұмыспен қамтылатындығында десек, жаңылыспаспыз. Табандылық пен тө­зімділікті талап ететін бұл салада ерінбей еңбек етіп, ұқсатып жүрген жандар да арамызда аз емес. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түр­кістан қаласындағы «Иассы» консор­циу­мының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев. Төраға деп оңай ғана ауыз толты­рып айтқанымызбен, саладағы жұмы­сын ине-жібінен бастаған Үмбет Әбіл­дәұлының өткеніне көз жүгіртсек, оның бала жастан-ақ алғыр, зерек бо­лып өскенін байқайсыз. Оңтүстік Қа­зақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келіп, ержеткен ол аудандағы бұрынғы В.И.Ленин атындағы орта мектепті 1972 жылы алтын медальмен бітіреді. Арман қуған  жас мұнан кейін Алматыға келіп Политехникалық инс­ти­туттың металлургия факультетіне түсіп, оны 1977 жылы инженер-технолог  мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Осыдан 1996 жылға дейін өз саласында  түрлі қызметтер атқарған ол 1999 жылдан бастап жеке кәсіп­керлікке келеді. Тек еңбекті ғана емес, ұйымдас­тырушылық қабілетті қатар тілейтін сала басшылығын қолға алу Үмбет Әбіл­дәұлына жеңіл болмаған. Бұған әрине, бірнеше кәсіпкерліктің басын біріктіріп, ұйыстыра жұмыс істетуді қосыңыз. Сайып келгенде, мұның бар­лығы да маңдай термен тікелей байланысты болса керек. Енді ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан «Иассы» консорциумына  келсек, бұл ретте қалалық орталық автовокзал мен «Яссы-Транзит» ЖШС мемлекетаралық жүк және жолаушы­лар тасымалы қызметін айтуға болады. Сондай-ақ «Маржан» ЖШС қалалық тіс емханасы, «Түркістан» ауылшаруа­шылық тұтынушылар кооперативі сын­ды өзге де қызмет көрсету мен бірқатар шаруа қожалықтары бар. Жалпы саны консорциум бүгінгі күні 370 адамды жұмыспен қамтып отыр. – Әрине, қай кәсіпті бастағанда оның өзіндік қиындықтарын кез-кел­ген кәсіпкер сезінеді. Десек те, солар­дың табандылықпен жел қайыққа отырғандары ғана ілгері жүреді. Өзіңіз көріп отырғандай бір саламен ғана шектелмей, халыққа қызмет көрсе­тудің тиімді жолдарын таба білуде барымызды салып келеміз. Жұмысым қарқынды жүріп жатса, бұл менің егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне қо­сып отырған аз да болса  үлесім деп қуанамын. Осы жүйелі жұмыстарым мен еңбеккерлердің жұмыла жүк кө­терулерінің арқасында еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына алдың­ғы жылы 10 млн. теңгеден астам салық түсірсек, былтыр 15 млн. теңгемен өз үлесімді қостым. Биыл бұл көрсеткіш бұйыртса, 17 млн. теңгені құрайды деп отырмыз, – дейді «Иассы» консорциумының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев. Жоғарыда консорциумның құра­мын­да бірнеше қызмет көрсету са­лалары бар екенін айтып өттік. Енді олардың кейбірінің атқарар жұмыс­тарына тоқталсақ. Түркістан қаласы жалпы еліміздегі туристік қала болып саналады. Бұған күн құрғатпай алыс-жақын жерлерден адамдар келіп тұ­рады. Әрине, бірінші кезекте келген адам Қожа Ахмет Ясауи баба кесенесіне атбасын тіреп, зиярат етеді. Оларға осы тұс түрлі қызметтер көрсетілу керектігі айтпаса да түсінікті. Кесене жанында орналасқан қала қонақтары мен тұрғындарына «Иассы» кешені қызмет көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы да ерекше орын алады. Бүгінгі күні 7000 гектар жайылым жер мен 300 гектар суармалы жерді игеріп отырған кәсіпкерлік, ауыл шаруашы­лы­ғындағы қажетті техникалардың барлық ауысымда пайдаланатын түр­лерімен қамтамасыз етілген. Былтыр 70 гектар жерге бау-бақша егілген. 2009 жылдан «Түркістан» ауылша­руашылық тұтыну кооперативінде мал бордақылау алаңы, мал сою цехы мен «халал» стандартына сай ауысымына 1 тонна шұжық дайындайтын цех жұ­мысын бастаған. Мал өнімдерін өң­дей­тін кіші кластер кешеннің ашы­луына «Аграрлық несие корпорация­сы» 33,6 млн.  теңге, «Максимум» ай­мақтық инвестициялық орталығы 6,5 млн. теңге қаржылай қолдау көрсе­тіпті. Қазіргі кезде түрлі ет өнімдері шығарылып, қаладағы дүкен сөреле­рінен қала халқына жеткізіліп берілуде. Бұл цехта 25 адам жұмыспен қам­тылған. Уақ малдан асыл тұқымды шаруашылық статусын алып, мемлекеттен қаржылай көмек те көріп отыр екен. Кәсіпкер тек қарқынды жұмыс жа­сауды өзіне қанағат тұтпай, еліміздің рухани, әлеуметтік саласының дамуы­на да ерекше мән беретіндігінің де куәсі болдық. Алдыңғы жылы Отырар ауданының 5000 тұрғыны бар Отырар елді мекенінде екі қабатты мешіт құрылысын бітіргені және өз ұжы­мындағы әлеуметтік жағдайы төмен 5 отбасыға 5 тұрғын үй салдырып бергені осының айқын дәлелі іспетті. Сондай-ақ асыраушысы жоқ жетім-жесір 7 отбасы мен 15 жетім балаларды өз қамқорлығына алған. Жан-жағына шуағын шашып жүре­тін абзал жанның назарынан қаладағы спорттың өркендеуі де тыс қалмаған. Бірнеше жыл қалалық «Шалқар» футбол командасына қаржылай көмек те көрсеткен. Қалалық таэквондо және үстел теннисі федерациясының президенттігін қоса атқарып жүрген кәсіп­кер оның дамуына ұйытқы болудан бір сәтке де жалыққан емес. Сонымен қатар 2009 жылы дзюдодан Болгарияда өткен әлем чемпионатында топ жарған Отырар ауданының азаматы Ердәулет Құрмановқа да қомақты сый­лық жасаған. Бұл еліміз спортының дамуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей құрақ ұша көмектесуі елін сүйген ұлдың өнегесі екені айқын. Төккен тер мен еткен адал еңбек ешқашан да зая кетпейтіні белгілі. 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы ең үздік кәсіпкер  номина­ция­сының иесі атанса, «Алтын сапа» өңір­лік көрме конкурсының алғыс ха­тын алды. Сондай-ақ өткен жылғы жел­­тоқсанда ел Президенті Н.Ә.На­­­зар­­­баев­- тың Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақты. Бірнеше рет қаланың жыл адамы атанды. Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы болды. Үмбет Әбділдәұлының ендігі тілегі еліміздің амандығы мен ұжым қыз­меткерлерінің татулығы. Өз ұжымы мен кәсібін алғашқы орындарға қоя білген отағасының бұл пейілі кейінгі толқынға үлгі боларлық үрдіс. Ұжым басшысымен болған әңгімеде біз осыған көз жеткіздік. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы.