• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

«Дүниеге келер әлі талай Қасым»

1152 рет
көрсетілді

Сан түрлі мәдени шара­лар­дың ұйтқысы болып жүрген Президенттік мәдениет орталы­ғын­да Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Қасым Аман­жоловтың 100 жылдық ме­рей­тойына арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым » атты әде­би-сазды кеш болып өтті. Оны орталық директоры Мырзатай Жолдасбеков жүргізіп отырды. Дауылпаз ақын тойына ар­нал­ған кешті ашқан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед Президенттік мәдениет ор­та­лығы бүгінде шын мәнінде қа­зақ руханиятының алтын ұя­сына айналғанын, дәл осы жерде өткен Шоқан Уәлихановтың, Бауыржан Момышұлының, Кенен атамыздың мерейтойлары, енді міне, ХХ ғасырдың ұлы ақыны Қасым ағамыздың 100 жылдық торқалы тойына ұласып отырғанын айта келе, «ХХ ғасыр­дың басында Мағжан салған жаңа дәстүрді ғасыр ортасында қайта жаңғыртқан – Қасым Аманжолов. Ол көзі тірісінде де, одан кейін де өмірден қағажу көрсе де, өнерден қағажу көрмей, қазақ әдебиеті төрінен ойып тұрып орын алған адам. Қасым поэзиясы өзінен кейінгі тұтас бір ақындар шоғырын дүниеге әкелді. Сол үлкен әсердің арқасында Мұқағали бастаған ұлы ақындар өсіп шықты», – деді. Сон­дай-ақ ол Қасымның Ұлы Отан соғысында жазған отты жыр­лары кешегі Ақтамберді, Қаз­туған, Махамбеттерден бері тартатын пат­риоттық поэзияны бұрын-соңды болмаған биікке көтергенін, тіпті орыс поэзия­сы­ның озық үлгі­лерінен асып түс­кенін де назардан тыс қал­дырмады. Кеште ақын өлеңдеріне жа­зыл­ған айтулы әндер мен ол ту­ралы естеліктерден көрі­ністер орындалды. Қасымның сүйген жары Сәпен (Сақып­жамал) апай­дың естелігін Қазақстанның ха­лық әртісі Гүл­жан Әспетова нақышына келтіре орындап, жиылған жұрт жүрегін бір тербетсе, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мейірхан Адамбеков «Ақ сәуле» әнін домбы­раға қосылып тебірене шыр­қа­ды. Сондай-ақ белгілі күйші-саз­гер Секен Тұрысбеков Сүгір­дің «Қосбасар» күйін қос ішекте күмбірлетті. Әдемі әуен мен сұлу сазды аңсап келген елорда жұрты мен қонақтарын өзіндік дауысымен тәнті еткен әйгілі әнші Сара Тыныштығұлованың орын­дауын­дағы ақынның «Жыр жазамын жүрегіммен» шығармасы ерекше көңіл-күйге бөледі. Болашағынан мол үміт күттіретін балғын ақын Жамбыл Дүйсеновтің «Қасымға арнау» өлеңі ешкімді де бейжай қалдырмады. Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы! – деп дүниеге сыймай кеткен тума дарынның тойы алдағы уақытта өз жалғасын еліміздің өзге өңірлерінде де таба бермек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.