• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Бәрі де таныс бейнелер

391 рет
көрсетілді

Президенттік мәдениет орталығының көрме за­лын­да суретші Таңсық Мә­житованың «Адам. Уақыт. Дәуір» атты жеке көрмесі ашылды. Белгілі тұлғаларды бейнелейтін көрмеде портреттер қаз-қатар тізіліп тұр. Құдды бір портреттер галереясы дерсің. Тағы бір қызығы – олардың ешқай­сысы алтындалған рамаға са­лын­ба­ған. Сөйтсек, ол жұрт на­зарына ұсынылған еңбектің та­би­ғи­лығы мен суретшінің ерекшелігін білдіреді екен. Бұл үр­дісті соң­ғы жылдары Еуропа жиі қол­данатын көрінеді. Таңсық Мәжитованың портреттер га­лереясы Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтан басталыпты. Одан әрі жез­таң­дай әнші Бибігүл Төле­генова, атақты актер Асанәлі Әшімов, көрнекті ғалым, заңгер Салық Зиманов, тұңғыш ғарыш­кер Тоқтар Әубәкіров, ақын Фариза Оңғарсынова және басқа да мемлекет қайраткерлері мен спорт шеберлерінің суреттері бо­лып жалғасып кете береді. Бұл портреттерде суретші өмір­дегі әрбір көріністі нәзік сезіне келе, адамның мінез-құлқын, тіпті кейіпкердің өзі сезіп-біле бермейтін ерекшеліктерін де аша білген. Көрменің ашылуынан кейін бізге суретшіге жолығып, бірер сұрақ қоюдың сәті түскен. – Портреттерді салу бары­сында қандай мақсат ұстан­дыңыз? – Биыл ел тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Менің сурет­терім­нің идеясы да осы мереке тақы­рыбымен астасып жатыр. Өйт­кені, кез келген дәуір тынысын адам жасайды. Яғни, тұлғалар арқылы дәуірді қабылдаймыз, сезіне аламыз. Мен де осы тұлғалардың портреттері ар­қылы көрмені тамашалау­шы­ларға Қазақстанның 20 жылдық кезеңінің тынысын жеткізгім келді. Онда да халыққа жақын, көрермендерге қызықты, еліне белгілі адамдарды салуға бел будым. Қо­лымнан қаншалықты келе алды, білмеймін. Бағасын көрермендер бере жатар. – Таңдаған кейіпкерлеріңіз сіз­ді қандай қасиеттерімен қы­зықтырды? – Мен қоғамның барлық са­­ла­сын қамтуға тырыстым. Өнер, спорт, әдебиет, құқық, кино, саясат және басқа да салаларда қыз­мет істеп жүрген жарқын тұл­ғаларды таңдадым. Мысалы, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғар­сыноваларды білмейтін жан кем­де-кем. Ал Жақсылық Үш­кем­піров кеңестік кезеңде тұң­ғыш олимпиада чемпионы атан­ған болса, Ғалым Байназарұлы Қазақ­станның банк жүйесінің атасы. Қазақстандағы банк ісінің бас­тауында тұрған бұл кісіге Ұлттық банк жүйесі қа­рыз­дар десек те болады. Қайырбек Сүлейменов бол­са, қазақтың тұңғыш Ішкі істер министрі. Жалпы, мен сал­ған портрет кейіпкерлері ел тәуел­сіз­дігіне ең­бек сіңірген тұлға­лар. Басқаша айтсам – символ. Қазақ­тың символына айналған жандар­ды тікелей «өз нұсқа­ларынан» салдым. Өйткені, портрет – табиғи түрде салынатын дүние. Тағы бір ерекше айта кететін жәйт, Асан­әлі Әшімов ағамызбен жаса­ған жұмыс ма­ған өте ұнады. Ол кісімен бірге образ іздедік. Маған аға­мыздың бейнесі жолаушы-жүргіншіні елестетті. – Бұл көрме басқа қала­ларда көрсетіле ме? Тағы кім­дердің портреттерін салғы­ңыз келеді? – Ол жағы әлі белгісіз. Жұрт назарына енді ұсынылып жатыр ғой, жұрт ықыласы қандай бол­мақтығын кейінірек айту керек сияқты. Көрмеге тамашалауға келген Оралбай Әбдікәрімов, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Сауыт­бек Абдрахманов секілді зиялы­ қауым өкілдері өз пікірлері мен сүйсіністерін, сондай-ақ суретші қолтаңбасы туралы өз ойларын бір-бірімен бөлісіп жатты. Мың­жылдық басындағы Қа­зақ­стан­ның өлшеусіз рухани бай­лығын, жарқын болашаққа деген ұмты­лысы­ мен сенімін көз алды­ңыз­ға әкелетін портреттік галерея көрермендер назарына 27 маусымға дейін ұсы­нылмақ. Венера ТҮГЕЛБАЙ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.