ОҢТҮСТІКТЕ ЕГІН ОРАҒЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ
Қазір табиғаттың тосын мінездері көбейіп, көптеген елдерде мыңдаған гектар алқаптарды қарғын су шайып, жеміс-жидектерді долы жел ұрып, дақылын көктей қағып алып жатқанда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шығып тұр.
Оңтүстік Қазақстан облысы да осы мәселеге сүбелі үлес қосып келеді.
Қысы қоянның құйрығындай шолақ, есесіне жайдары күндері қоңыр күзге дейін созылатын оңтүстік ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге үлкен табысқа жетуде.
Күздік бидай дертіп пісті. Ауыр дәндері көтере алмаған масақ басы қонақ келсе құшақ жайып қарсы алатын қошеметшіл ағайындардай төмен иіледі.
Облыстағы мықты агрокешендердің бірегейі “Амангелді” серіктестігінің директоры Нұрлан Құраловтың Қазығұрт ауданы Ақжар елді мекені алқабындағы егініне орақ салған мерекеге облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты.
Ал облыстың егіншілік саласында атқарылып жатқан жұмыстарына келсек, ауыз толтырып айтатындай жақсылықтар бар. Егіс көлемі 815 гектар болса, оның ішінде сүр тарапқа айналғаны 79 мың гектар.
Алдымен Қазығұртта ауыл шаруашылығы мамандары, шаруалар және өндірістік кооператив өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Облыс әкімі диқандармен кеңесіп, өткір мәселелерді талқылады. Арзандатылған бағамен берілетін жанармай, амиак-селитра және су мәселелері сөз болды. Проблемалардың шешілу жағдайы талқыланды.
Бүгінгідей кезеңде жалғыз жүріп жол табу мүмкін емес. Бұл шаруаларға әбден қатысты. Аз жеріңді малданып, өз қотырыңды өзің қасимын десең, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден қағыласың. Ірі серіктестіктерге біріккендер ұтады. “Амангелді ЖШС” корпорациясы ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудегі үкіметтің саясатын жүзеге асырып келеді. Қазір Қазығұрт, Сайрам, Төле би, Арыс және Сарыағаш аудандарының диқандарын біріктіріп үлкен қауымдастық құрған. Түскен пайда теңдей бөлісіледі. Жыл сайын егіс көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр он үш мың гектар жерге күздік бидай егілсе, биыл тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай жиырма мың гектарға дәнді дақыл егілген. Атап айтқанда, он бес мың гектарға бидай, төрт мың гектарға мақсары, бір мың гектарға арпа егілді. Дәнді дақылдарға мұндай көзқарас ауыспалы егістік жүйесін сақтауға кепілдік береді. Семинарда сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков облыс диқандарының осы өткір мәселеге үлкен мән беріп отырғандығын айтты.
Ақжардағы күздік бидайдың центнері орташа есеппен алғанда 17-18-ден айналады. Гектарға шаққанда жиырма центнерден де айналатын жерлер бар. Бұл жақсы көрсеткіш. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде көшбастап келе жатқан Нұрлан Құралов жаңа технологияларға мән беретін жаңашыл кәсіпкер. Ол егін орағына 3 “Челенджер” комбайнын сатып алыпты. Салыстырып көріңіз, Ресейдің мақтаулы “Енисей”, “Дон” комбайндары бір жылда 300-350 гектар алқапты ора алса, әмбебап “Челенджер” комбайны осы мезгілде 3 мың гектарға дейін бидайды баса алады. Сонымен қатар егін орағына осы корпорацияның 5 “Джон Дир” комбайндары қатысты.
Облыста ауыл шаруашылығын дамытуда қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр деген мәселелерге келетін болсақ, агроөнеркәсіптік кешенін даму бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, 2009 жылы – 637 мың гектар, 2010 жылы – 697 мың гектар (+ 60 мың га), 2011 ж. 739 мың га (+42 мың га) көбейіп келеді.
Ағымдағы жылы масақты дәнді дақыл 184 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылға қарағанда 6 мың га артық. Осы көрсеткішті дәндік жүгері, көкөніс, бақша, картоп, мақта, жеміс-жидек, жүзімдік және мал азықтық дақылдарға қаратып айтуға болады.
Суармалы жерлердің игерілуіне келетін болсақ, облыс бойынша 447 мың гектар жердің, оның ішінде 2009 жылы түгендеудің нәтижесінде айналымнан шығып қалған жер көлемі 100 мың гектар анықталды. Осыдан 2009 жылы қайта айналымға қосылғаны 44,4 мың гектар. Ал 2010 жылы 32,7 мың гектар қайта пайдалануға берілсе, 2011 жылы 26,6 мың гектар алқабы айналымға қосылып, суармалы жерлер толығымен 100 пайыз игерілетін болады.
Облыстық әкімдіктің күш салуымен тамшылатып суару, жылыжай салу және шаруаларды тиімді несиелендіру жұмыстары жолға қойылып келеді.
Облыс диқандары биылғы жылдан жақсы несібе күтіп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
–––––––––––––
Суретті түсірген Хусан Азизов.