• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Іс қағазының іскері

485 рет
көрсетілді

Сперанский қайтыс болғанда Ресейдің бір газеті қазанама мәтінін: «Погасло светило российской бюрократии....» деп бастаған екен. Сол айтқандай, көзін тауып, білгірлікпен, біліктілікпен атқарса кез келген іске шығармашылықпен қарауға болады. Мемлекеттік қызметте іс қағаздарын жүргізудің қандайлық үлкен рөлі бар екенін біз бұл күндері туғанына жүз жыл толып отырған Хәкім Шәкірұлы Абдрашитовтың өмірінен де көре аламыз. Семейде 1911 жылдың 11 маусымында татар отбасында дүниеге келген Хәкім жасынан өжет болып өсті. Алты жасынан ақ патшаның құлағанын үлкендердің аузынан естіді. Ол кезде бұл жақсылық па, жамандық па, аңғара алған жоқ. Әйтеуір бүкіл ауыл үрей үстінде екенін сезді. Сірә, енді құдіреті күшті ақ патшаның өзін құлатқан соң, бұл жалғанда бассыздыққа тыйым салынар ма екен, дегендей қараңғы жұртта үміт болғанын аңғарды. Ақтар мен қызылдар болып, алма-кезек елді дүрліктіргенінен де хабардар. Пысық бала тез есейе түсті. Білімге аса зерек болды. Риддерде ФЗУ-де оқыды. Сабаққа алғыр. Мұнда жүріп, жастар қозғалысына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жастардың арасында көзге түсіп, олардың жетекшілерінің біріне айналды. 1927 жылы комсомолға өтті. 1930 жылы ВКП(б) мүшелігіне алынды. Бүкіл өмірі саяси-қоғамдық ұйымдармен тікелей байла­нысты болды. Жалынды жас комсомол Хәкім Абдра­шитовтың жастар арасындағы ұйымдаст­ы­ру-үгіт жұмыстары елге белгілі бола баста­ды. Ол жастарды білімді игеруге, коллективтендіруді ақылмен жүргізуге, асыра сілтеуге бармауға, жергілікті халықтардың мүддесіне нұқсан келмеуіне, қараңғылықты жоюға, сауат­тандыру мектептерін, курстарды көптеп ашуға шақырған жалынды сөздері көпші­ліктің көкейінен шықты. Бірақ Алматыдағы орталық өкімет мұны өзінше бағалады. Шығыс Қазақстандағы татар жігіттің белсенділігін басқаша бағалады. Партияның сара саясатынан ауытқушылық бар деп тапты. Газет бетінде сынға ұшырады. Қаһары қар­ша борап тұрған Филипп Исаевич Голоще­киннің өзі сынға алды, мұндай пиғылдардың көріністерін өз ұрығында жансыздандыру керек, деді Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекин. Хәкім біраз уақыт «сенімсіздер» тізімінде тұрды. Көп кешікпей басшылық ауысып, Л.Мирзоян келді. Голощекиннің сын қаһа­рына ұшыраған жас татар жігітінің бағы ашылды. Қайтадан комсомол жұмысына орал­ды. Риддерде комсомол ұйымын басқар­ды. Осы кезде болашақ республика басшы­сы Д.Қонаевпен танысты. Ол Балқаштан жаңадан ауысып келген еді. Бұлар жұмыс бабында кездесіп, бір-бірін жақын тартып, дос болып кетеді. Білімге құштарлық оны комвуз-ға түсуге жетеледі. Мұнда оқу озаты болды, әрі комсорг болып сайланды. Соғыс басталысымен Х.Абдрашитов май­дан­ға аттанды. Алғашында Украин май­данында болды. Ұрыста жараланып, госпитальге түсті. Жарасы жазылысымен май­дан­ға қайта сұранды. Енді Воронеж майданы­нан бір-ақ шықты. Бір қызығы, Хәкім Шә­кірұлы соғыс жылдары бес майданда: атал­ған екеуінен кейін Брянск, Балтық майдан­дарында, соғыстың ақырғы жылы Байкал маңы майданынан шықты. Мұның себебі ол жиі жараланды, емдеуден соң жас офицер тура ұрыс шебіне сұранды. Өмірін ойлап жатпады, өлімнен қорықпады, жаумен күресуден қаймықпа­ды. Сөйтіп бір майданнан шеттеп қалса, екіншісінің құрамында соғыса берді. Балтық майданында танкист болды, Воронеж майданында атқыштар ротасының саяси жетекшісі, Байкал маңы майда­нында 181 полктің бригада команди­рінің орынбасары болды. Майданда жүрген­де қаншама азаматтармен танысып достас­ты. Кеңес Одағының Батыры, бүгінгі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті уыздай жігіт кезінен білді. Жазушы Дмитрий Снегинмен, Леонид Кривощековпен соғыстың талай сынағынан бірге өтті. Соғыс аяқталысымен бейбіт еңбекке араласты. Мәдени-ағарту қызметкерлері кә­сіп­одағын басқарды. 1948-1951 жылдары Қазсовпрофтың хатшысы болды. Іскер кәсіподақ қызметкерін Қазақстан­ның сол кездегі бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов көзі шалып, оны Орталық Комитетке жауапты ұйымдастырушы лауазымына ша­қы­рыпты. Содан Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оқуды бітірген соң 1955 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жауапты жұмысқа алынады. Көп кешікпей оны қазақ үкіметінің басшысы Д.Қонаев бірге жұмыс істеуге шақырады. Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының көмекшілігіне тағайындалады. Содан былайғы қызметі осы кісімен зейнеткерлікке шыққанға дейін бірге болды. Оңтүстік Қазақстан облысының мақталы төрт ауданын Өзбекстанға беруге қарсылық білдіргені үшін экономиканың даму заңды­лықтарын түсінбейтін, жершілдік, ұлтшыл­дық пи­ғылдан жоғары кө­терілмеген басшы деп, Д.Қонаевты Қа­зақстанның бірінші бас­шылығынан Н.Хрущев алып тастап, үкімет­ті бас­қа­руға қайта жібергенде де, Хәкім Шәкір­ұлы онымен бірге жүрді. Ширек ғасырдай Димекеңнің тікелей қарауында істеді. Соңғы онжылдықта Қа­зақстан Компар­тиясы Орталық комитеті Жал­пы бөлімінің меңгерушісі қызметін ат­қар­ды. Орталық Ко­митеттің мүшесі болды, республика Жоғары Кеңесіне әлденеше рет депутат болып сай­ланды. Орден, медальдармен марапатталды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Халық сыйлады. Жаман аты шыққан жоқ. Жұмысын таза атқарды. Көп адам Жалпы бөлімде істеуді оңай көреді. Ол кімнің қолынан келмейді, келген хаттарды сұрыптап, мазмұны-мәніне қарай, рет-ретімен басшыларға, қалғанын бөлім­дер­ге жіберіп отырудың не қиындығы бар, бұл жауапкершілігі аз, майшелпек жұмыс қой, деп ойлайды. Бұл сыртынан ғана солай көрінеді. Шын мәнінде, бұл жұмыс біраз спецификалық қасиеттерді талап етеді. Мәселен, дәрігер болу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ол үшін арнайы білім алу керек, адам анатомиясын, оның организмін, физиологиясын, тіршілік ету жолдарын игеру қажет. Сондай-ақ Жалпы бөлімді басқару үшін де жалпы саяси жүйені, оның қызмет ету заңдылықтарын жете білумен бірге бірқатар адами қасиеттерді де талап етеді. Мұнда жеңілтек, ашық ауыз, пайдакүнем, арам, интриган, құпияны сақтай білмейтін адам істей алмайды. Өйткені бұл бөлім арқылы көптеген мемлекеттік құпия құжаттар өтеді, олар Мәскеуден, Қазақ­станның түрлі ай­мақтарынан келіп түседі. Арыз-шағымдар, домалақ хаттар, қайсыбір басшылардың жолсыздықтары жайлы түсетін дабылдар­дың өзі бір төбе. Адамгершілігі зор, тара­зы­ны тең басқан әділ адам болмаса, бұл құ­жаттарды «ойната» білер еді, біреуден кек алар еді. Мінезінде ұстамдылық жетіспесе, ақаңа тойып алған күні құпия мәліметтерді, әртүрлі дең­гейдегі басшылар үстінен түскен домалақ арыздардағы өсек-аяңдарды бықсы­тып сыртқа шығарып жіберер еді. Бұл ар­қылы көп жазықсыз жандар жапа шегер еді. Біздің Хәкім Шәкірұлы қызметте өте әділ, барынша таза болды, былық-шылыққа, ұсақ әңгімеге, өсек-аяңға бой алдырмады. Кесек мінезді жан еді. Соған бір мысал. Бір танысым Абдрашитов зейнетке шыққаннан кейін өзіне телефон соққанын айтты. Бұрын қоңырау шалмайтын кісі: мүмкіндік болса, маған көлігіңді жіберсең болар еді, бір жерге баруым керек еді, дейді. Әлгі танысым қарттың өтінішін сол сәтінде орындағанын, бірақ өз таңданысын жасыра алмады. Жарты ғасыр басшы қызметте болса да, «Жигули» машинасы да жоқ екен ғой, деді. Мен оған таңданған жоқпын. Ол кезде басшылар зейнетке шыққанда қара жаяу күйінде, қаланың түтіні мол ауасынан сыртқа шығып демалуы­на керекті басында шағын саяжайы да болмағанын білемін. Олар қызметте жүрген­де қазынаның көлігін мінді, саяжайын пайдаланды. Олар ертеңгі күнін ойламады. Барлығында ортақ бір түсінік болды: үкімет пен партия өзі жарылқайды, далаға таста­майды. Зейнетке шыққанда, еңбекке жарамай қалғанда, мемлекет көмектеседі деген оймен бұлар ертең не болады деп басын қатырып жатпаған, артық байлық жинам­а­ған. Өмір бойы еңбек етіп, қара жаяу қалып, жұпыны тұрмысымен зейнеткерлікке шық­қан. Қарттықтан несіне қорқамыз, пенсия бар ғой, деп ойлаған. Міне, өткен заман қарттарының көбі осындай үмітпен алаңсыз өмір сүре берген. Ертеңін ойлап, алаңда­маған. Неткен оптимизм, неткен аңғалдық десеңізші! Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Абдрашитовтар отбасы ел қатарлы өмір сүрді. Жұбайы Роза Хасанқызы екеуі бір ұл, бір қыз өсірді. Ұлы Эрик сауда палатасында еңбек етті. Өкінішке орай, ата-анасынан кейін кешікпей дүние салды. Қызы Эрна мединститутқа түсіп, дәрігер болып шықты. Өз мамандығы бойынша көп жыл жұмыс істеді. Қазір зейнеткер. Хәкім Шәкірұлы Абдрашитов туралы бүгінде ештеңе айтылмайды, айтылса олақ пікір естіледі: басшыға қағаз тасушы дегендей ғана. Мұның өзі түбірімен қате пікір. Бұл кісі Шығыс Қазақстанда жастар қоз­ғалы­сы­ның жетекшілерінің бірі болған, соғыстың басынан аяғына дейін фашистермен күреске қатысқан. Өз ісіне мығым, білімді, Қазақ­стан тарихын және оның қайрат­керлерін жақсы білді. Ол жай кеңсе шенеунігі емес, мекемеде іс-қағаз жүр­гізудің ғылыми әдісін шебер меңгерген, келген хаттарға талдау жасап, арыз-шағымдардың қай аймақтан, қай мәселе жөнінен келіп түсе­ті­ніне терең талдау жасап, сол бой­ын­ша социологиялық зерттеу жүр­гі­зуді жүзеге асыра білді. Зерттеу қорытындысы бойынша бюро мүше­леріне анықтама әзірлеп ұсынды. Хаттар әншейін қағаз емес, құнды құжат деп ұқты. Әр хаттың артында адам тұр. Адам тағдыры – бүкіл саяси билік сая­са­тының өзегі. Биліктің беделі осы адамдар­дың көңіл-күйіне, әлеуметтік ахуалына тікелей байланысты. Мұны «қағазбен жұмыс» істеген сұңғыла шенеунік Абдрашитов жақсы түсінді. Жансыз қағазға тірі адамның тағдыры ретінде қарады. Сөйтіп ол талай жандардың өміріне арашашы болды. Сонымен бірге ол өте ашық әрі кішіпейіл жан еді. Өзі ұзақ жылдар бірге қызмет істеген Димекеңе осы тазалығымен, шыншыл­дығымен, қалтарыс-бұлтарысының жоқты­ғы­мен қатты ұнады, Қонаев оған сенді, бұл да оның сенімінен шығуға өмір бойы тырысты. Орталық Комитеттің хатшылары, бөлім бастықтары, министрлер, облыстың басшы­л­ары қызмет бабында Хәкім Шәкірұлын құрметтеп сыйлады. Оған мейлінше ілтипатпен қарады. Берген тапсырмаларын уақы­тын­да әрі сапалы орындауға тырысты. Өйт­кені олар мұның мінезін жақсы білетін. Кез-келген «отписка» жауапты бұл қабыл­дамайтын. Мәселенің ақ-қарасын, себеп-салдарын ашып көрсетуді талап ететін. Х.Абдрашитов өз құзіретін асыра пайда­ланбаған, Қонаевтың беделін саудаламаған адам. Егер ол солай етсе, Димекең оны ұзақ жылдар бойы жанында ұстамаған болар еді. Әрдайым жақсы адамның артынан сөз ереді, деп бекерге айтылмаса керек. Өзім куә болған бір жайды мысал ретінде айтайын. Хәкім Шәкірұлы бірде белгілі бір жа­зушымен бірлесіп, Жетісуда комсомол жастар қозғалысын басқарған ардагер туралы кітап шығарды. Тағы бір кітапты сол жа­зушымен бірігіп жазып шыққан екен. Қол­жазбасы баспада жатыр екен, оған қозғау салсаң қайтеді, деп маған өтініш айтты. Ол кезде Орталық комитетте бөлім меңгеру­шісінің орынбасары едім. Мен қарттың өтінішін орындауға тырыстым. Бірақ тікелей шефім: бұл іске араласпа, бұл үйде (ЦК-да) жазылмаған заң бар. Үлкен кісіге жақын жүрген адамдар жөнінде осылай шектеу бар. Димаш Ахметұлы басшы қызметкерлердің біреумен қосақтасып кітап жазғанын қолдамайды. Оның үстіне бұл кісі Димекеңе жақын адам. Қажет болса, ол кісінің өзі ескертеді. Димекең Хәкімнің бұл кәсіппен шұғылданып жүргенін біледі. Естелікті қыз­меттен кеткеннен кейін жазсын, әзірше партиялық жұмысымен шұғылдансын, мұнда жұмыс жетіп жатыр, деген деді тікелей басшым. Мен Хәкім Шәкірұлынан кешірім өтініп, тапсырмасын орындай алмаға­нымды айттым. Мәскеу аппараттың басшы қызметкерлерінің жазушылықпен шұғылда­нуын құп көрмейді екен, шектеу қоятын секілді деп құтылдым. Ел айтқандай, Абдрашитов ойлағанының бәрін бірінші басшыға орындата беретін болса, бұл жұмыс жөнінде де тапсырма алар едік қой. Дінмұхамед Ахметұлы ондайға бармайтын. Қалыптасқан дәстүрді аяққа баспайтын. Ол нағыз тәртіптің, реттілікті қатаң сақтаудың адамы еді. Республикада ұзақ жылдар еңбек етіп, Қонаевтың жақын серіктерінің бірі болған қайраткер азамат Х.Абдрашитовты еске ал­ған­да, осы секілді біраз елеулі азаматтардың есімі ұмыт болып бара жатқаны қын­жылтады. Артында іздеуі жоқ кейбір адамдардың ұмыт болып, оның орнына баласы не немересі билікте не бизнесте жүргендердің ауыл-аудан деңгейінде қызмет істеген әке-аталары жөнінде естелік кітаптар жазылып, кино түсіріліп, мадақталып жатқанын естиміз. Олар туралы, аудан, облыс көлемінде шаралар жүргізіле берсін, оған еш қарсылық жоқ, ал республика көлемінде дуылдатудың қажеті қанша? Қолынан келген қонышынан басады, дегеннің нағыз өзі емес пе? Мұндай асыра сілтеу әсіресе билікте жүргендердің атына лайық емес. Кішіпейілділікті ұмытпау керек. Әр нәрсенің өз деңгейі, өз өлшемі, өз орны бар ғой. Бәрін ақылмен, қоғамдық пікірмен санасып жүзеге асырған абзал. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.