• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Сөз сойыл

504 рет
көрсетілді

Ұялғаным-ай! Жалған дүниедегі жалғыз мамандығым ұстаздық ету. Осыдан он бес, жиырма жыл бұрынғы балалар, шіркін, бала еді ғой. Аузымнан шыққан әрбір сөйлемді бүге-шігесіне дейін түп-түгел дәптерлеріне жазып алып, артық-ауыс сөз қоспай жаттап, өзіме қайталап айтып беріп, қойған ба­ғама бас­та­рын шұлғып, тойған қозы­дай тымпиып жүре беретін. Ал ендігі бала бала емес, қы­зыл көз пәле. Білмейтіндері жоқ. Білімді болғандары жақсы-ақ, бірақ білген үстіне біле берсем деп қомағай­ла­нып, компьютерден, интернеттен алған мағлұматтары аздық ет­кендей, қайдағы бір қи­тұрқы сұрақтарды қарша бо­ра­татынын қайтерсің. Кейде ондайда қапелімде не дерімізді білмей, абдырап қала­тын кездеріміз де болады. Өз басым оқушылардың қиын сұрақтарына жауап бере алмай, қиналып қаламын-ау деп қорықпаймын. Өйткені, қысылтаяң кезде айтыс ақын­дарындай арқам қозып, қиын­нан қиыстырып, сөз тауып құтылып кетемін. Бүгін де сөйттім. – Ағай, сізге бір сұрақ қоюға болады ма? – деп қос қолын бірдей көтерді қалқан құлақ қара бала сабақ үстінде. Сұрақ қоюға болмайды деп жалтару ұстаздарға жа­рас­пайтын әдет екенін жақсы білемін. – Сұрай ғой, – дедім. – Ағай, еліміздің шекара­сының ұзындығы нақты қан­ша шақырым екенін айтып бермейсіз бе? – Мен бұл сұрақтың жауа­бын әлде қашан айтып берген едім ғой. Есіңе түспей тұр ма? Қара бала жалма-жан бір топ кітапты алдыма жайып салды. – Ағай! Біз өткен оқу жылында жалпы білім беретін мектептің 8 сыныбына арналған «Қазақстанның фи­зи­калық географиясы» атты оқулығын оқыдық емес пе. Бұл кітапта республи­камыз­дың шекарасының жалпы ұзын­дығы 13 394 км.-ден астам делінген. Ал мына биылғы оқып жүрген «Қазақстанның экономи­ка­лық жә­не әлеуметтік геогра­фия­сы» жал­пы білім беретін мек­тептің 9 сыныбына арналған оқулықта республика шекарасы­ның жалпы ұзындығы 13 331 км. шамасында дейді. Ал мына кітап 12 187 км. деп тұр. Авторлары... – Сұрағың орынды. Сұраққа жауап бермес бұрын сендерден мынаны біліп алғым келіп тұр­ғаны. Заттың немесе дененің қандай қасиеттері болады? Балалар шуылдасып айтып жатыр. – Физикалық қасиеті болады. – Химиялық қасиеті болады. – Биологиялық қасиеті болады. – Жауаптарың өте дұрыс. Ендеше, еліміздің жерінің көлемі де осы заңдылыққа бағынады... Қаң­тардың қақаған аязында немесе шілденің аптап ыстығында көле­мін ұлғайта­ды... Көлемі ұлғайған соң, әрине шекара да ұзарып, 13 394 км.-ден асады... Ал күз бен көктем ай­ларында жер көлемі кішірейіп, тіпті 12 мың км.-ге жетпей қалуы да ғажап емес... – деп соқтым. Десем де өз басым ұяттан өртеніп кете жаздадым. Ал ана әртүрлі мағлұматтар берген оқу­лық жазғыштар ұяла ма екен-ә!?. Тельман БАҚЫБАЙҰЛЫ. Алматы облысы. Ауылдың айтқыштары Өлі балық Бекзаттарды әншейінде сөй­лету қиын, берген сұрағыңа қыс­қа жауап қайырып отыра береді. Ал аузына жүз грамм тиіп, «кәй­фі» ұстаған шақта айғырша кісінеп, көкірегін тоқпақтап шыға келеді де, ешкімге сөз бермей қоя­ды. Бағанағы Бекзаттар мен мына Бекзаттар екеуі екі адамдай... Бірде компьютер операторы Дананың туған күні болып, жұ­мыс соңына қарай шағын дастархан ұйымдастырылды. Алғаш­қыда елеусіз ғана отырған Бекзаттар бір-екі стакан ішкен соң жарқын-жарқын сөйлей бастады. Тіпті біраздан соң отырысты басқарып отырған атақты журналист Нури Муфтахқа да қарсы сөйлеп, бір-екі тұста қайы­рып тастады. Бекзаттардан мұндай мінез күтпеген Нұ­рекең таңырқап: – Өй, мынауың өлі ба­лық сияқты ғой. Аузына «су» тисе тіріліп кетеді екен! – деді.   «Көңілдес» Бірде Бекзаттардың үйін­де қызып алған құрдасының бірі әзілдеп: – Әй, Бекзаттар, осы сенің көңілдес әйелің бар ма өзі? – деп сұрап қалды. – Е, неге жоқ, бар! – деді Бекзаттар ойланып жатпай-ақ. Жақсы қызу еді, әйелінің көзінше бірнәрсені бүлдірер ме екен деп сескеніп қал­дық. Ол біраз бөгеліп тұрды да: – Көңілдес әйел неге болмасын? Ол – мынау ғой, мынау! – деді бос бөтелкені мойнынан қылғындыра ұс­тай, жоғары көтеріп. Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ. Алматы. Текті тұқым Өлмесең бәрін көре береді екенсің, естімесең ести береді екенсің. Кеңсеге таңертең келіп отыра бергенімізде әкім аппа­ратынан шұғыл тапсырма келді. – Қаржы басқармасының бас­тығы Майлықасық Жұтқы­шевтің орнына жаңадан Асыл Тектібаев келді. Соның өміржолын газетке тереңірек талдап, сараптама дү­ниені суретімен беру керек. – Ау, кеше “тағайындау” деген тақырыппен суретін, өмірде­регі берілген еді, – деді басылым басшысы. – Жоқ, ол оқырманға жалаң жеткізілген. Асыл Тектібаев білгір маман, Мәскеуде оқыған, үш бірдей университет бітірген, арғы аталары текті болған деп жазу керек. Сонымен, басылымның келесі санында қаржы басқармасының жаңа бастығы Асыл Тектібаев суретімен газеттің жарты бетін алып шықты. Жұрт аң-таң. Арғы аталарымызды қазбала­сақ, екінің бірінен текті тұқым­ның бір атасы шыға келеді. Кең­седегі үй сыпырушының да әкесі екі рет қажыға барған деседі. Әлгі көмір қоймасының, білім басқар­масы департаментінің, жұмыспен қамту орта­лығының жаңадан тағайын­далған басшысы, бірінің әкесі, бірінің нағашысы, қайын жұрты Петербургтегі патшамен сөйлес­кен деген әңгіме гу ете қалды. Басқа жерді қайдам, бізге жаңа­дан бір басшы жұмысқа тағайын­далса, соның арғы-бергісін қаз­ба­лап, түбін қазып дәріптеу өрбіп тұр. Неге? Әкімнен тап­сырма бар, – дейді. Қызық тап­сырма! Ал, арғы ата-тегіміз мал баққан, бүркіт ұстаған, жылқы баққан болса қайтеміз? Ой, сұмдық-ай, көзіміздің тірісінде текті тұқымға жатпай дүниеден өте шығатын болдық-ау..! Әйтеуір біздің қалада текті тұқымдарды зерттеу, сол арқылы қызметке көтеру деген үрдіс белең алды. Ақыры қайыр болғай. Қайыр ҚОРАСАНИ. Қызылорда. Спорттағы «сүр» сөз Бір спортшы желаяқ олим­пиадаға қатысар кезде допинг қолданыпты да, ол онысын ешкім сезіп қоймас үшін жа­рыстың ең соңынан келіпті. * * * Футболшы үйіне көңілсіз­деу оралғанда әйелі: – Не болды? Бүгін гол соға алмадың ба? – дейді. – Жоға, бір емес, екеуін соқтым. – Жақсы ғой! Ендеше, неге еңсең түсіп тұр? Есеп қанша өзі? –          1:1... * * * Мұз үстінде мәнерлеп сыр­ғанау командасының бас бапкеріне бір қыз келіп: – Сіз мені командаға алу­ға тиістісіз! – деп төте­сінен дүңк еткізгенде, бапкер: – Не істей аласың? – деп сынай сұрақ қояды. – Қатты жылдамдықпен сырғанап келе жатып мұз үстіне сегіздік санын сызып кете аламын. – Е, оны жасайтындар біраз бар. – Мен сегіздікті рим цифрымен жаза аламын.   Қазы-қарта мәселесі – Мәке, сіз жал-жая, қазы-қартаға қалай қарайсыз? – Татып алмаймын. – Неге?  Асқазаныңызға жақ­пай ма, әлде, тәбетіңіз тартпай ма? – Қызық екенсің, қазы-қарта жақпайтын асқазан бола ма? – Ендеше, неге татып алмаймын дейсіз? – Жоқ болса, атаңның басын татып алам ба...   Түсінік Абзи ауруханада емделіп жат­қан жолдасының көңіл-күйін сұ­рады. – Қалайсың, тәуірмісің? Ем қалай? – Тәуірмін. Хал жақсы. Төр­тінші қабатта жатырмыз. Ұйқы – бізден, күлкі – бізден, қалғаны – доғдырдан... – Мына адамды құртатын – ой. – Ой жаман, ештеме ойлама. Абзидің бұл сөзіне анау ер-тоқымын бауырына алып тулады. – Ештеме ойламайтын болсам... сонда маған санасыз бол дегенің бе?.. Жаңаша «ем» – Мәке, басым қатты ауы­рып отыр, тіпті миым ша­ғып ауырады. Бұған қандай амал бар? – Доғдырға көрін... – Неге екенін білмеймін, доғдырлардың қарасын көр­гім келмейді. Доғдырлардан жек көрерім жоқ, тегі. – Доғдырға бармасаң, айтқанды қылмасаң, онда бас ауруыңнан да күшті басқа бір аурумен ауыр. – Сонда не болады? – Сонда кейін жабысқан күшті кеселіңмен әуре бола­сың да, бастапқы бас ау­руыңды ұмытып кетесің. Оспадарсыздардың ойындары – Ана жаққа барып қайттым, – деді ауырып, өлімнен қалған Асауқара көңілін сұрай келген құрдасы Сәкеңе. – Ол жақтағылар қалай тұрады екен? – Ол жақтағылардың көрген күні құрсын. Сенің әкеңді де көрдім. Сәлем айтты. Шашы өсіп кетіпті. Сөйтіп көрді де көрдік, іші сыз... сырость болады екен. – Пеш салмадың ба? – Ох, менен бұрын барсаң сол сенің есіңде болсыншы... Үмбетбай УАЙДИН. Алматы. Шортандар Шортандар-ау, Шортандар! Заманың-ай шолтаңдар. Ордалы жылан сияқты, Өздеріңнің ортаң бар.   Аласа, биік бойшаңдар, Шортандар-ау, тойсаңдар, Көлдегі жемді тауыспай, Қайтеді екен қойсаңдар. Қойыңдаршы, тойсаңдар!   Шабақтар Шолжаңдаған шабақтар, Сендерге де санақ бар... Болмағанмен шортандай, Сендерде де тамақ бар. Ауға түскен шортанға, Абайлаңдар, күлмеңдер! Озбырлар бар ортаңда, Ауға ілініп жүрмеңдер! Жем талғамай жаныңда, Жайын да жүр жұтатын... Көлдегі жемді қосылып, Болдыңдар-ау құртатын. Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. Қызылорда.   – Сізге не қымбат, машина ма, әйеліңіз бе? – Қисынсыз сұрақ қой­дыңыз!.. Әрине, әйелім! Өйт­кені, көлік соның атында ғой... *** – Ұнатып қалған қызыңның өзің тура­лы не ойлайтынын қа­лай білуге болады? – Ол қызға үйлену керек. *** – Сізді бос сұ­рақтар қойып ба­­сыңыз­ды қа­ты­рып жіберген жоқ­пын ба? – Жо-жоқ, мұн­дай­ға көндік­кен­мін, үй­ленгеніме жиырма жыл болды... *** – Сіз бақыттысыз ба? – Бақыт ақшаға бай­ла­нысты болмаса, онда ба­қыттымын. *** Капитализм, Социализм, Коммунизм үшеуі карта ойнап отырыпты. Кенет Социализм: «Ойбай, колбасаға алған кезегім өтіп кете жаздапты-ау!» – деп тұра жөнеліпті. Сонда Капитализм Коммунизмге қарап: – Кезек деген немене? – деген ғой. Сонда Коммунизм: – Кезек деген кезек қой, колбаса деген не пәле? – деп қарсы сұрақ қойыпты. *** – Бәке, осы гоголь-моголь дегенді ағыл­шын­ша не дейді? – Шекспир-мекспир дейтін шығар. *** – Сіз бақыттысыз ба? – Бақыт ақшаға бай­ла­нысты болмаса, онда ба­қыттымын. *** – Бәке, осы гоголь-моголь дегенді ағыл­шын­ша не дейді? – Шекспир-мекспир дейтін шығар.