2011 жылғы 19 мамыр Астана қаласы.
Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені бекіту туралы
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабының 11) тармақшасын іске асыру мақсатында бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ереже бекітілсін.
2. Ғылым комитеті (Б.А.Қасымбеков):
1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
3. «Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2005 жылғы 7 қарашадағы №707 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3948 болып тіркелген, 2005 жылғы 21 желтоқсандағы №173-174 (798) «Заң газеті») күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі М. К.Орынхановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б.ЖҰМАҒҰЛОВ.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы
№202
бұйрығымен бекітілген
Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені бекіту туралы
1. Жалпы ережелер
1. Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы Ғылыми (ғылыми, ғылыми-техникалық, техникалық) кеңес (бұдан әрі – Кеңес) болып табылады.
2. Кеңес өз қызметіне 2011 жылғы 18 ақпандағы «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, салалық бағдарламаларды, ғылым саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ ғылыми ұйымның Жарғысын және осы ережені басшылыққа алады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері
3. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) ғылыми ұйымның ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтері мәселелерін қарастыру, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және тиісті ұсынымдар енгізу;
2) Қазақстан Республикасының ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметінің Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басым бағыттарын іске асыруға көмектесу;
3) ғылыми ұйым қызметтерінің стратегиялық және ағымдағы жоспарларын қарастыру;
4) ғылыми ұйымның бірыңғай мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысу бойынша басқа ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимыл мәселелерін қарастыру;
5) ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және әзірлеу;
6) ұйымның инновациялық қызметін дамыту мәселелерін қарастыру;
7) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін дәріптеу мен насихаттауға қатысу, оларды коммерцияландыруға көмектесу;
8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға көмектесу;
9) ғылыми ұйымдардың және оның құрылымдық бөлімшелерінің тиімді жұмысы бойынша ұсыныстар әзірлеу.
3. Кеңес қызметтері
4. Кеңес өз міндеттерін орындау үшін:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын іске асыру мақсатында ғылыми ұйымның негізгі бағыттары бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
2) ғылыми тұжырымдамаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық даму бағдарламаларына, ғылым саласындағы заңнамалық және басқа да нормативтік актілерге ұсыныстарды қарастырады;
3) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың және олардың нәтижелерін практикалық іске асыру, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми еңбектерді шығару жоспарларын бекіту және іске асыру бойынша ұсынымдарды қарастырады және әзірлейді;
4) ғылыми ұйымның ғылыми, ғылыми-ұйымдастыру және өндірістік қызметі бойынша есептерді бекіту бойынша ұсынымдарды қарастырады және әзірлейді;
5) ғылыми ұйымды басқаруды жетілдіру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) қаржылық қаражаттарды тиімді пайдалану бойынша мәселелерді талқылайды және ұсынымдар енгізеді;
6) басқа ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық мәселелерін қарастырады;
7) құрылымдық бөлімшелердің, олардың басшыларының және жекелеген ғылыми қызметкерлерінің ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерін тыңдайды;
8) ғылыми ұйымның халықаралық ынтымақтастығы мәселелерін, шетелдік ұйымдармен бірлесе өткізген ғылыми зерттеулердің орындалу барысын талқылайды, қызметкерлердің шетелдік ғылыми іссапарлары бойынша есептерін тыңдайды;
9) ғылыми кадрларды даярлаумен және олардың біліктілігін арттырумен байланысты мәселелерді талқылайды; ғалымдардың ғылыми кадрларды даярлау бойынша жұмыстары туралы хабарламаларын жүйелі түрде тыңдайды;
10) мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға ғылыми еңбектерді, ғылыми жаңалықтарды және өнертабыстарды ұсынады;
11) ұйымның ғылымды дамытуға үлес қосқан ғылыми қызметкерлеріне ғылыми және құрметті атақтарды беруге кандидатураларды ұсынады;
12) Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамына ұсынылған ғалымдардың кандидатураларын қарастырады;
13) ғылыми құрылымдардың, зертханалардың меңгерушілері, бас және жетекші, аға және кіші ғылыми қызметкерлердің бос лауазымдарын орналастыру мәселелері бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
14) жекелеген авторлардың, ұжым және қызметкерлердің ғылыми еңбектерін жариялауға ұсынады;
5. Ғылыми ұйым кеңесінің дербес құрамын ғылыми ұйымның басшысы екі жыл мерзімге бекітеді. Кеңестің мүшелері ұйымның ғылыми қызметкерлері ұжымының жалпы жиналысында көпшілік дауыспен сайланады.
6. Кеңестің төрағасы ғылым ұйымның басшысы, ол болмаған жағдайда басшының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып табылады.
7. Кеңес қажеттілігіне қарай жиналады, бірақ тоқсанына бір реттен жиі емес. Егер отырыста Кеңес құрамының 2/3 қатысып отырса, Кеңес шешім қабылдайды.
8. Егер отырысқа қатысқан кеңес мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, Кеңес шешімі қабылданды деп саналады. Егер Кеңес құпия дауыс беру туралы шешім қабылдамаса, шешімдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
9. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатқа ие және ғылыми ұйымның басшысы бекіткеннен кейін күшіне енеді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 10 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6999 болып енгізілді.