• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Экологиялық қауіпсіздік негізі – энергияны теңгерімді пайдалану

2266 рет
көрсетілді

Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған бұл жиында негізінен жаңа ғылыми еңбекте атап көрсетілген қазіргі заманғы жаһандық үдеріс жағдайындағы энергоэкологиялық мәселелерді түбегейлі шешудің жолдары мен жаһандық энергетикалық және экологиялық қауіпсіз әлемді қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұл басқосуға қатысушыларға жол­даған құттықтауын осы ве­домствоның вице-министрі Мұ­рат Орынханов оқып берді. Онда «Мемлекет басшысының бұл үздік еңбегі әлемнің энергети­ка­лық және экологиялық қауіп­сіз дамуына қатысты көкейкесті проблемаларды теориялық жә­не методологиялық, яғни әдіс­темелік зерттеулерінің циклын, кезеңін аяқтап отыр» деп көр­сетілген. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, тың туындыда энер­­го­экологиялық стратегия­ның ең өзекті міндеті мен мақ­саты ғы­лыми тұрғыдан алғанда нақты тұжырымдалған. «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энер­го­эко­ло­гиялық стратегия­сы» атты кі­тап­тың алғашқы тарауында ба­сылым авторы бүгінгі таңда әлем­де қалыптасып отырған жағ­дайға жан-жақты талдау жа­сайды. Сонымен қатар, мұндай күрделі мәселені шешудегі әлем­дік институттар атқаратын іс-шаралардың бағыт-бағдары мен стратегиялық міндеттері де алға қойылады. Ал кітаптың екінші бөлімі тұрақты энер­го­экологиялық дамуды жүзеге асы­рудың қағидалары мен әдіс­теріне арналған. Сөйтіп, жаңа еңбектің үшінші бөлімінде Қазақстанның және ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің үлгісінде энер­го­­экологиялық стратегияны іске асы­рудың мүмкіндіктері кеңінен ашылған. Айта кететін тағы бір жәйт, монографияда бірқатар мем­­лекеттердің энергоэкология­лық дамуының алгоритмдері мен нақты схемалары да барынша қамтылған. Биылғы жылы жеке шаңырақ көтергеніне жиырма жыл толатын тәуелсіз мемлекет – Қазақстан­ның Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың «ХХІ ғасырдағы жа­һан­дық тұрақты дамудың энер­го­экологиялық стратегиясы» атты ғылыми еңбегінің тұсаукесеріне қатысқан Білім және ғылым вице-министрі М.Орынханов, «Парасат» ұлттық ғылыми-техноло­гия­лық холдингінің президенті Н.Бектұрғанов, ресейлік академиктер А.Спицын, Н.Гаранькин, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов жаңа ба­сылым жөнінде өз ойларын ортаға салды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таң­дағы ең ауқымды әрі маңыз­ды­лығы өте жоғары, кезек күттір­мей­тін жаһандық күрделі пробле­маға айналып отырған экология­лық және энергетикалық қауіпсіз­дік мәселелері кеңінен қамтылған еңбек туралы өз пікірлерімен бө­ліс­кен ресейлік және қазақстан­дық көрнекті ғалымдар тұжыры­мы бір арнаға тоғысты. Оның өзіндік себептері де жеткілікті, өйткені Қазақстан Президентінің моногра­фиясындағы айтылған идея­лардың қай-қайсысының болмасын кө­кейкестілігі жоғары екендігі талас тудырмайды. Жаңа туындының тұсауке­се­рінде сөз алған Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ректоры Ға­лым Мұ­тановтың пікірінше, өр­кениет өр­кендеп, одан әрі дамы­ған са­йын энергоэ­кологиялық қауіп­сіз­дік мә­селесі алғы шепке шы­ғып отыр. Өзінің жаңа еңбе­гін­де Қазақстан Президенті бұ­рынғы идеялардың дамуына жа­ңа тұ­жы­рымдамалы тәсілдерді, яғни күрделіліктердің шешімін табу­дың тиімді жолын ұсынады дейді ол. Осы ретте Ресей Ғылым ака­де­миясының профессоры, Еур­Аз­ЭҚ интеграциялық проблема­ларды стра­тегиялық зерттеулер инсти­ту­тының директоры Анатолий Спи­цынның тұжырымы назар ауда­рар­лықтай. – Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер және ірі ғалым екендігін оның бүгінгі күні тұсаукесері өткен жаңа құнды еңбегі де толықтай дәлелдейді. Жаңа ғы­лыми еңбек авторының ау­қым­ды энергоэкологиялық стра­те­гия­ны жүзеге асырудың және оны қалыптастырудың негізгі әрі түйінді проблемаларын ай­қын­дауы құптарлық. Сондай-ақ, ол әлемде жердің энергетикалық ресурстарын тек дамыған елдер ғана пайдаланып қоймайтындай тәртіптің болуына да үндейді. Әрине, дамушы елдер де осындай мүмкіндікке ие болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Анатолий Спицын. Қорыта айтқанда, монография авторының «тек энергияны тең­герімді пайдаланудың бірлескен жолын даярлағанда ғана әлемдік қоғамдастық жаһандық эколо­гия­лық қауіпсіздік негізін құра ала­ды» деген тұжы­ры­мының ма­ңы­зы зор екендігі ақиқат. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.