Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты форум-көрмеге қатысты.
Форум Астанадағы «Көрме» орталығында өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам адам келді.
Президент алдымен 139 қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің тауарлары ұсынылған «Қазақстандық қамту-2011» атты көрмені аралап көріп, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған Қазақстанның индустрияландыру картасының жобасымен танысты және жоба бойынша облыстар әкімдерінің есептерін тыңдады. Президентке жалпы құны 114 млрд. теңгені құрайтын Индустрияландыру картасының 75 инвестициялық нысаны таныстырылды. Бұл өндірістердің ашылуымен қатар 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады.
Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көрме туралы Мемлекет басшысына қысқаша баяндап бергеннен кейін еліміздің индустриялық нысандары таныстырылымының телекөпірі өткізілді. Мемлекет басшысы «онлайн» режимінде бірінші жартыжылдықта іске қосылған кәсіпорындардың өз салалары бойынша негізгі жұмысының басталуымен танысып, жаңа өндірістерді іске қосты. Олар – Алматы облысындағы «СОНиК Компаниясы» ЖШС профильді құбыр шығаратын зауытты, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жүк вагондары өндірісі, Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндіру фабрикасы, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС теңіз металлконструкциялары өндірісі, Қарағанды облысы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешені, Қостанай облысы «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөліктерін жинау өндірісі. Сондай-ақ Елбасына «Жетіген-Қорғас» темір жолы мен «Екібастұз» ГРЭС-інің үшінші энергия блогының құрылыс алаңдарындағы істер де таныстырылды.
Телекөпір арқылы көрсетілген бұл жаңа жобаларды Мемлекет басшысына Алматы облысындағы «Sonik» компаниялар тобының бас директоры Валерий Сон, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясының» басшысы Қабылбек Төлепбергенов, Жамбыл облысындағы «Алтын алмаз» АҚ басқармасының төрағасы Диар Қанашев, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС атқарушы директорының орынбасары Ерлан Қасымов, Қарағанды облысындағы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешенінің директоры Александр Забиров, Қостанай өңіріндегі «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөліктерін құрастырып жатқан «Каспий тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Тен және басқалары айтып берді.
Жаңадан іске қосылған нысандар жұмысымен танысқаннан кейін Елбасы сөз сөйледі.
Бүгін біз Қазақстанның индустриялық саясатының стратегиялық маңызы бар алғашқы кезеңін қорытындылап отырмыз, деген Елбасы осы жиынға Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының, ұлттық компаниялар мен ғылыми мекемелердің және жоғары оқу орындарының басшыларының, сондай-ақ отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатысып отырғандықтарын, атқарылып жатқан жұмыстардың тарихи маңызы зор екендігін айта келе, Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің арасына кіру міндеті тұрғандығын, бүгінгі күні осы мақсатқа тағы да бір табан жақындай түскендігімізді жеткізді.
«Біз көріп отырған көрмеге Қазақстанда атқарылып жатқан шаралардың барлығы қойылып отыр. Оған 139 отандық тауар өндірісінің өкілдері қатысып отырғанын көрдіңіздер. Сондықтан жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» деген тауарлар шығаруды арттыру баршамыздың міндетіміз. Тәуелсіз, егемен ел болдық, енді сырттан келген тауарлармен емес, өз еліміздің өнімдерімен Қазақстанды танытуымыз керек. Олар сіздердің, бизнес азаматтарының қолындағы мәселе болып саналады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы телекөпір барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде бағдарламалардың орындалып жатқанымен танысқандығын айтты. «Бұрын-соңды жергілікті әкімдіктер, жергілікті бизнес адамдары осындай ауқымды іспен шұғылданған емес. Қазір баршаға мүмкіншілік берілген, барлық жағдай жасалған, енді тек жұмыс жасау керек. Қаражат көздерін табуға мүмкіншілік берілген. Елдің әл-ауқатының артуына, жағдайының жақсаруына, баюына барлық жағдай жасалған. Осының барлығы елдің, халықтың істеп жатқан игі істері, болашаққа деген нақты қадамы», деп тұжырымдады.
Елбасының атап көрсеткеніндей, биылғы жарты жылдың өзінде 75 инновациялық жоба іске қосылады, 114 миллиард теңгенің инвестициясы игеріледі, 10 мыңға таяу жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – отбасымен бірге 40 мыңнан астам адам жалақы тауып, жағдайын түзетеді деген сөз.
«Осының барлығы «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген ұранмен салынып жатқан жас астанамыздың мерекесіне – елорда күніне орай барлық өңірлердің үлкен тартуы, үлкен сыйлығы болып саналады», деген Елбасы биыл Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атап өтілетіндігін, соған байланысты осы жұмыстың барлығы жасалып жатқандығын, сол ұлы дүбірлі мерекеге тарту ретінде Қазақстанның әр өңірінде атқарылатын жұмыстардың аз емес екендігін жеткізді.
«Біз бүгін еліміздегі индустриялық-инновациялық бағдарламаның жақсы серпінмен басталғандығын айтамыз. Мұны мен мемлекет пен тәуелсіздікті құрумен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма деп есептеймін. Өйткені, біз алдағы уақытта тек қана өзіміздің шикізаттық ресурстарымызға сеніп, тыныш отыра беруге тиісті емеспіз. Сіздер әлемдік рынокта мұнай, газ, металл және басқа да заттардың бағасы өзгерген кезде қандай жағдай болып жатқандығын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз бұл жағдайға тәуелді болып қала алмаймыз. Қазіргі күні әлем қуат көздерінің жаңа түрлерін іздестіруде және оларды тауып та жатыр. Сондықтан бұл жағдайға біз де дайын отыруымыз керек», деген Елбасы Кеден одағының жұмысы сәтті басталғандығын, мұнан кейінгі кезекте Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру міндеті тұрғандығын, бұл жұмысқа қазірден бастап әзірленудің қажеттігін тағы бір еске салып өтті. «Әрине, бұл оңай емес. Өйткені, біз көп артта қалдық. Сондықтан бізге оларды қуып жету ғана емес, олардың қатарына тұру міндеті қойылады. 2020 жылға дейін осы міндеттерге сәйкес жаңа көкжиектер айқындалып, біз әлемдік инновациялық экономикаға қосылуымыз керек. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыра отырып, біз инновацияға, осы мақсаттағы кәсіпорындарға арқа тірейтін боламыз», деді.
Елбасы атап көрсеткендей, 2010 жылы экономикадағы өсімнің 7 пайызын осы жылы іске қосылған жаңа кәсіпорындар қамтамасыз етті. Ал биылғы жылы осынау индустриялық дамудың үлесін тағы да 2,6 пайызға арттыра түсу қажет. «Осы мақсатқа ұмтылыс танытуда отандық экономиканы дамытудың бес оң ағымы маңызды болмақ», деген Елбасы осы мәселелерге тоқтала кетті.
Біріншіден, бұл – энергиялық тиімділік. Ал оны тек қана жаңа технологиялар бере алады. Егер Қазақстандағы кәсіпорын әлемдегі әріптестеріне қарағанда электр қуатын көп тұтынатын болса, артта қалған кәсіпорын болып саналады. Демек, электр қуатын үнемдеу дегеніміз, бұл – тек қана үнемдеу емес. Өйткені, электр қуаты тек жаңа технология іске қосылған кезде дұрыс үнемделеді. Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы көрмеде көрсетілгеніндей электродиодтық лампаларды әлі күнге дейін үйімізге толық қоя алмай отырғанымызға қынжылыс танытты. Ресейде, соның ішінде Мәскеуде бұрынғы электр шамдарын пайдалануға тыйым салынғандығын, егер қажет болса осындай заң біздің елімізде де қабылдануы тиіс екендігін айтып өтті.
Екінші ағым – шикізаттық емес сектордағы өсім. Индустрияландыру үдерісінің қозғаушы күші ретінде мәшине жасау саласы қалыптасып келеді. Бұл сала жаңа мәшинелерді жасайды. Ал ескі құрал-жабдықтар жаңа мәшинелерді жасауға қабілетсіз. Осыған орай елімізде автомобиль құрастыру конвейерлерінің жұмыс істей бастағандығын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы отандық жүк вагондарының өндірістік қуаты өсіп отырғандығын айтып өтті. «Мұның қағидаттық маңызы бар. Егер біз мұны жасай алмайтын болсақ, шетелден қажетті өнімдерді ішке енгізе алмаймыз», деді. Химия, фармацевтика, құрылыс индустриясы салаларында да жаңа өндірістердің игерілгендігіне тоқталды.
Үшінші ағым – агроөнеркәсіптік кешен. Бұл салада көптеген істер атқарылуда. Қой шаруашылығы, астық шаруашылығы жөнінде өткен жылдарда жемісті жұмыстар жүргізілді. Енді ірі қара мал шаруашылығындағы істер қолға алынбақ. Бүкіл еліміз бойынша 54 бордақылау алаңы ашылды. Олардың қасынан 2 700 фермерлік шаруашылық қалыптасады. Бұларда өндірілген өнімдер экспортқа шығарылады. Бұл – халық үшін берері зор үлкен іс екендігіне тоқталған Елбасы осы істің пайдасына байланысты жуық арада адамдар қалалардан ауылдарға қарай бара бастауы ғажап емес, деген ойын жеткізді. Өзіне бизнесмендердің келіп, 2000-3000 шағын шаруашылықтарға негізделген бордақылау алаңын салмақ ниеттері бар екендіктерін айтқандықтарынан құлағдар етті. Тек Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде ғана 350 гектар жерге жылыжайлар салынғандығын, бұлар көкөністер мен жемістерді экспортқа шығарумен айналысатындықтарын айтып өтті.
Төртінші ағым, бұл – шағын және орта бизнес шұғылданып жатқан жаңа жобалар. Осы іске жасалған қолдауға көпшіліктен алғыс айтылып жатқандығын айтқан Елбасы: «Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Біздің міндетіміз – шағын және орта бизнестің Қазақстандағы өнімнің жартысынан астамын өндіруі, бұл іс жақсы дамыған жерде экономикада тұрақтылық пайда болады. Германия Федеративтік Республикасында барлық өнімдердің 85 пайызы шағын және орта кәсіпорындардың үлесінде. Осыған сүйенген Германия әлемде қуаты жағынан үшінші орында тұр. Ол ел дағдарыс кезінде де басқаларға қарағанда азырақ зардап шекті. Жаңа менің алдымда сөз сөйлегендер «ақыр аяғында мен өз ісіме ие болдым» деп жатты. Міне, бұл мәселедегі ең басты ынта-жігер дегеніміз осының өзі. Өзінің ісі бар азамат елді құрметтейтін, ел тұрақтылығы үшін қызмет ететін заңды сыйлайтын, мемлекетті нығайтуға ықпал ететін болады. Өйткені, мемлекет іргетасының берік болуы, елде тұрақтылықтың болуы – олардың өздеріне қажет. Сондықтан да мұны қағидатты түрдегі маңызды саяси тапсырма деп түсінген жөн», деді.
Бесінші ағым – еңбек өнімділігі. Елбасы осы мәселеге қатысты өз сөзінде мұның да өте маңызды екендігін, егер еңбек өнімділігі өссе, халық кірісінің де артатындығын атап көрсетті. 2010 жылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы бір жұмысшы 45 мың доллардың өнімін өндірді. Өсім бір жарым есе болды. Ал бүкіл Қазақстан бойынша алғанда бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 9 мың доллардан ғана айналуда. Бұл жағынан келгенде біздің көрсеткішіміз әлемдегі төменгі көрсеткіштердің бірі болып қалуда. Осы істің жақсаруына жүзеге асыру үстіндегі индустриялық жобалар жақсы ықпал етіп, жоғарғы өсім көрсеткішін көрсетіп отыр.
Осыған орай Мемлекет басшысы жаңа құрылған өндіріс түрі – электровоздар шығаруда бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 90 мың доллар болғандығын, бұған қосымша құны жоғары өнімдер шығару арқылы қол жеткізілетіндігін айтып өтті.
«Менің биылғы Жолдауыма сәйкес шағын несиелендіру жүйесін құру қажет. Ауылда жұмыссыздар шағын несие алу арқылы өз кәсібімен шұғылдана алады. Ал бұған ыңғайы келмейтін жұмысы жоқ адамдарды қалаға әкеліп оқытып, жаңа кәсіп түріне бейімдеу арқылы ашылып жатқан индустриялық нысандарға жұмысқа орналастыратын боламыз. Осы мақсатта «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары, «Даму» қоры, «ҚазАгро» холдингі жұмыс істеуде. Бұлардың мүмкіндігін біздің азаматтарымыз пайдалануы тиіс», деді.
Сонымен қатар, өзінің «Халықтық ІРО» бағдарламасын әзірлеуді ұсынғандығын, оның тетіктерін жасаумен Үкіметтің шұғылданып жатқандығын жеткізді.
«Бүтіндей алғанда жоғарыдағы бес ағым – бес «жасыл көрсеткіш» секілді. Олар Қазақстан үшін инновациялық даму бағытында жаңа жол ашуы тиіс. Бұдан басқа жол да жоқ. Бүкіл әлем осы жолмен бәсекелестікке түсуде», деген Елбасы егер біз инновациямен, ғылыммен айналысып, ғылымға негізделген өнімдер шығара алмасақ, біздің бәсекелестікке түсіп те жарыта алмайтындығымызды, артта қалатындығымызды ескертті. Кезінде Кеңес Одағы батыстық экономикадан 40 пайызға артта қалды. Оның басты себебі де осы инновациялық үдерістерге байланысты болды. Егер біз үнемі көш соңынан еріп жүре беретін болсақ, Қазақстанды ешуақытта көтере алмайтындығымызды, сондықтан дамудың инновациялық жолы өте маңызды екендігін баса айтты.
«Бүгінгі күні іске қосылып жатқан өндірістер жобалық қуатына жеткен кезде біздің экономикамызға, азаматтардың әлеуметтік жағдайына өте үлкен ықпал ететін болады. Бұл дегеніміз – 730 миллиард теңгенің инвестициясы, 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны», деді.
Индустрияландыру картасы бойынша 8 триллион теңгенің 470 жобасын жүзеге асыру міндеті қойылған. «Сіздер оның көлемі мен әлеуетін сезіне аласыздар ма? Кезінде біз бұл туралы айтқанды қойып, армандай да алмаған болатынбыз. Ал қазір біз мұны істеп отырмыз. Осы бағытта Қазақстандағы секілді көрсетіліп отырған қолдау басқа жерлерде жоқ. Сондықтан бізге қазір сырттан өз бизнес-штабтарын әкелушілер баршылық. Өйткені, бұл – салық жағынан жеңілдік, бизнеске қолайлы жағдай туғызудағы мемлекет қолдауы. Ендеше оны сіздер де пайдаланыңыздар. Біз бұрын-соңды Қазақстан тарихында болмаған, қазақстандықтар армандай да алмаған аса зор мега жобаны жүзеге асырып жатырмыз», деген Елбасы өндірістің көптеген салаларында жақсы бастамалардың барлығын, мәселен, алдымызға жылына 70 тонна алтын өндіру міндеті қойылғандығын, мұның өзі Қазақстанды Ресейден кейін екінші орынға шығаратындығын айтып өтті. Қазақстанда 120 алтын кен орнының барлығын, Үкіметке алтын өндірісі жөнінде бірыңғай зауытты құрып, сапасы жоғары алтын өндірісін жолға қою қажеттігін ескертті. Қазақстанда алтын өндіретіндердің барлығы өз өнімдерін мемлекет иелігіндегі осы зауытқа тапсыруы тиіс екендігін, осы үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін айтты.
Бүгінгі қазақстандық жол – индустриялық-инновациялық дамудың кең арнасы. Мұның мәнісі неде? Осындай сұрақ қоя келе Мемлекет басшысы бұл үшін біріншіден, қуатты технологиялық базаны құру қажеттігін, әлемнің қазіргі күні бесінші технологиялық төңкеріс қарсаңында тұрғандығын жеткізді.
Осыған байланысты ақыл-ой инвестициясының, ғылыми білім мен жаңа технологиялардың қажеттігін, ол үшін жаңашылдар мен инноваторларды іздеу қажет болатындығын атап көрсетті. Инновацияның инноваторлар болған жерде ғана пайда болатындығын айтып, оларды тәрбиелеп шығару міндетін қойды.
«Біз жаңа экономикалық өсім беретін инновацияларды құрамыз және енгіземіз. Бұл жолдан Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Үндістан, Бразилия және басқа да елдер өтті», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы алдыға қойған тағы бір маңызды мәселе ел тарихында бірінші рет кең ауқымды ғылыми кластердің жаңа түрін әзірлеу. Қазіргі күні елімізде интеллектуалдық мектептер, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеуде. Мыңдаған жастарымыз оларда оқып, білім алуда. «Бұл не үшін істелуде?» деп сұрақ қойды Елбасы. «Нақ сол инновациялар үшін істелуде. 20 интеллектуалдық мектеп, жаңа халықаралық университет, «Алатау» технопаркі, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының қастарындағы ондаған зертханалар – міне, бұлардың барлығы жаңашылдар мен өнертапқыштар жұмыстарын өркендетуге, іске қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуге, жетілдіруге бағытталған. Ендігі кезекте ғылыми кластер мен өндірістің арасында өзара әрекеттестіктің берік тетіктерін құру қажет», деді. Осы ретте кәсіпкерлерге, іскерлерге, әсіресе, ENRC, «Қазақмыс» секілді іргелі кәсіпорындарға, мұнайшыларға және басқаларға егер олар өз кәсіпорындарында жақсы зертханаларды орнатып, өз өнімдерін жетілдіру бағытында жұмыс істемесе, жаңалықтарды бүкіл әлем бойынша іздестірмесе, олардың артта қалуы әбден мүмкін екендігін, өйткені, олардың өнімдеріне деген сұраныстың төмендеп, мұның ақыры банкротқа әкелетіндігін ескертті.
«Әрбір кәсіпорын ғылыми ізденістермен шұғылдануы тиіс. Әрбір кәсіпорынға жаңашылдарды тауып, оларға қолдау білдіру, креативті ойлай білетін адамдарды іздестіру қажет. Олар сіздердің кәсіпорындарыңызға үлкен пайда әкелетін болады. Бүгін 100 тауар шығарсаңыздар, бір жылдан кейін 150, енді тағы бір жылдан кейін 300 тауар шығара алатындай жетістіктерге қол жеткізу қажет. Сонда ғана бұл жаңашылдық болып табылады. Оның үлкен мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Ғылымды іске қосу керек. Бұған қажетті адамдар да болуы керек», деді Елбасы. Осыған орай қазіргі замандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан бүгінгі жастар біздің экономикамыздың болашақ өрге сүйреушілері екендігін еске салды. Қазір солар үшін бәрі жасалуда.
Израиль, Сингапур, Финляндия және басқа елдер экономикасының өрлеуі ғылымды кооперациялау, креативтілік және өндіріске нақ осындай көзқараспен тікелей байланысты.
Үшіншіден, деп жалғады сөзін Президент, біз ғылыми зерттеулерге бюджеттік салымдарды ұлғайтамыз. 2015 жылға қарай олар ІЖӨ-нің 1 пайызын құрайды. Бұл – 2 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы деген сөз. Оның үстіне осы қаржының 60 пайызы зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарына бағытталатын болса, мұны біз ешқашан жасаған жоқ едік.
Бүгінде Швеция және Финляндия секілді елдерде ғылымға ел ІЖӨ-сінің 4 пайызы шығындалады. Германия мен Франция ғылыми зерттеулерге шығындарын 3,5 пайызға дейін көтеріп жатыр. 2010 жылы әлемдік бизнес көшбасшылары ғылыми жаңалықтар ашу үшін 500 млрд. доллардан астам инвестиция құйды. Ал енді ойланып көріңдер, өз кәсіпорындарыңда табатындарыңның қаншасын шығындайтындарыңды. Сендер 1 тиын да жұмсамайсыңдар. Міне, мәселе қайда жатыр. Демек, бұл кәсіпорынның болашағы жоқ. Біз лабораторияларды не үшін құрамыз? Не үшін ақша шығындаймыз? Не үшін жаңалықтар ашуға ұмтыламыз? Егер осының барлығы өндіріске енгізілмейтін болса. Бәрі де Кеңес Одағындағыдай болады да шығады. Көш соңында қаласыңдар, есесіне басқалар алға озып кетеді, деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан, бізге интеллектуалдық меншіктің серпінді рыногын қалыптастыру міндетін шешу керек. Қазақстанда жаңашылдар қызметі үшін берік заңнамалық база болуы тиіс. Ол авторлық, аралас және патенттік құқықтарды тиімді қорғайтын болуы қажет. Елбасының айтуынша, біздің осы саладағы заңнамаларымыз интеллектуалдық меншікті қорғаудың халықаралық жүйесінің ажырағысыз бөлігі болуы керек. Бірақ біз бұл мәселеге өз деңгейінде қол жеткізе алмай отырмыз. Барлық кесір осыдан.
Патенттер мен тауар белгілерін тіркеудің бюрократтар үшін ешқандай саңлау қалмайтындай жүйесін жасау қажет. Бұл электронды үкіметтің бір бөлігі болуы тиіс. Біз тек осылай ғана шетел технологиялары трансфертінің үзіліссіз арнасын жолға қоя аламыз. Тек осындай жағдайда ғана біздің тұрғындарымыздың инновациялық белсенділігінің өсуі үшін жағдай жасалатын болады. Бұл – Парламенттің, Үкіметтің және бизнестің бірлескен міндеті.
Бесіншіден, барлық табысты елдерде технологиялық секіріс шағын және орта бизнесті мақсатты қолдаудың арқасында мүмкін болды. Сондықтан мен бірінші күннен сіздерді қолдап келемін. Әрине, белгілі бір деңгейде табыстар жоқ емес, бар. Бірақ мен бизнестің әркез «сатып алу-сатумен» айналысқанын көріп қынжыламын. Бүгін сатып алдым, ертең сатамын. Шағын ғана өндіріс құр, бұл – жоғалмайтын нәрсе. Ал «сатып алу-сату» кез келген уақытта көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Сондықтан тым болмаса 5, 10, 15 адамдық өндіріс құруға ұмтылыңдар. Көзін табыңдар, міне, дәл осы істе лабораториялар көмекке келеді. Біздің әкімдіктер, министрліктер адамдарға осындай кәсіпорындар құру үшін жәрдемдесулері тиіс.
Бұл қолдау әкім немесе шенеуніктің жекелеген кәсіпкерді таңдау қағидаты бойынша қамқорлығына алу негізінде құрылмауы тиіс. Көмек тұтастай жүргені жөн. Барлық резервтерді белсенді іске қосу керек. Осылай деген Мемлекет басшысы бүгінде іс жүзінде кез келген қаладағы өнеркәсіп аймағында тоқтап тұрған өндіріс нысандары бар екенін атап көрсетті.
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарым барысында, деп жалғады сөзін Президент, мен әкімге тапсырма бердім: «Бұл үлкен химия зауыты ерте кездері салынған болатын. Мұндай өндіріс ауа райы ыстық оңтүстік өңірде тұрғызылған еді. Оның қазір жұмыс істемейтінінің өзі жақсы. Корпустары бұзылмай сол қалпы тұр, бизнесмендерге бер. Бұл Клондайк қой, оларға қабырғаларын тұрғызудың қажеті жоқ. Электр қуаты тартылып, су жүргізілген». Енді бүгінде аталған зауыт аумағында ондаған кәсіпорын жұмыс істейтінін айтады. Қараңдаршы, мұндайлар өте көп. Барлық жерде корпустар тұр. Коммуникациялары барларын бизнесмендерге беріңіздер. Оларға артық шығын шығармай-ақ жұмыстарын бастауға мүмкіндік бар. Облыста не тұтынылатынын айқындап, сол бағытта жұмыстарын жолға қою үшін көмектесіңіздер. Бізде мұндай мүмкіндіктер жеткілікті.
Инновациялық экономика дамыған форсайт жүйесінсіз – қазіргі мен болашақты болжаудың заманауи тетігінсіз мүмкін емес. Экономиканы дамытудың барлық тағдыршешті бағыттары бойынша «жол картасын» жасап жүзеге асыру керек. Оларда мемлекет пен қоғамның, инвесторлар мен бизнестің мүдделері органикалық тұрғыдан біте қайнасып кетуі тиіс. Егер қуатты зерттеу орталығы құрылмайтын болса, егер сіздер өздеріңіздің ертеңгі күндеріңізді көрмейтін болсаңыздар, егер сіздердің жақындағы және алыстағы, бүкіл әлемдегі бәсекелестеріңіз қалай жұмыс істейтінін білмейтін болсаңыздар, онда сіздерде ертеңге иек артар болашақ болмайды.
Мемлекет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанынан форсайт қағидаты мен әдісі негізінде жұмыс істейтін қуатты зерттеу орталығы құрылуы қажеттігіне назар аударды. Президенттің пікірінше, сондай-ақ Экономикалық даму және жоспарлау министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты қызметін реформалау қажет. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты – барлығы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясымен бірге жұмыс істеуі тиіс. Осы құрылымдар жұмысында негізгі салмақты болжауға, жаңа «жол карталары» стратегияларын жасауға салу керек.
Бізге, мәселен, Басым тауарлардың, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің біртұтас басымды карталары қажет. Бізге бүгінде қандай тауарлар керек? Ертең ше? Кеден одағына қандай тауарлар қажет? Біз не нәрсені жүзеге асыра аламыз? Өзімізге қажеттіні қайдан тауып, бұл рынокта қандай орынға ие боламыз? Біреу кәсіпорында осылар туралы ойлауы керек. Әңгіме осы туралы болып отыр, деді Президент.
Президенттің атап өтуінше, индустрияландыруды сараптамалық және ғылыми қамтамасыз етуге үлкен назар аударылуы керек. Одан әрі ел тұрғындарын индустрияландыру үдерістеріне жаппай тарту міндеті тұр. Байланыс және ақпарат министрлігіне, біздің БАҚ-тарға мен ылғи айтамын – сіздер қараңыздар, бүгін біз жаңа іске қосылып жатқан кәсіпорындарды көрсеттік. Біздің «Хабар», «Қазақстан», «КТК» мұны трансляциялап жатыр ма? Не нәрсені болса да көрсете беріңдер. Тек мемлекеттің индустрияландыру рухын, темір жолдар, автомобиль жолдары, жаңа кәсіпорындар қалай салынып жатқанын ғана жария етпеңдер. Міне, адам жаңа жұмыс орнын алды, ол еш жерде жұмыс істемеген еді. Енді отбасын асырап отыр, жаңа кәсіп иеленді. Осыны насихаттау керек, адамдарды алға ұмтылдырып, олардың өз қолдарымен өзінің отбасы бақытын құра алатынын, балаларын оқытып, шетелде демалысын өткізуге мүмкіндігі барын жария ету қажет. Ең бастысы – осыған ұмтылу керек. Сондықтан мен бүгінгі күннен бастап бұқаралық ақпарат құралдарын бүкіл ел бойынша индустриялық бағдарламаларды көрсетуге ауысуды міндеттеймін. Министрліктер БАҚ-тарға адамдарын жіберіп, әкімдіктер облыстық телеарналарға бизнесті қалай бастауға болатынын, осы іспен айналысуда көмекке келетіндерін айтатын адамдарды бөлулері тиіс. Қысқасы, бізде бизнесті бастау күрделі емес екенін айтып, кредитті қалай алуға болатынын, неден бастау қажеттігін, бизнестің қажетті қандай түрлері бар екенін үйретіңдер, көрсетіңдер, қажет болса тізімін жасаңдар. Әр облыста қандай бизнестің түрі қажет екендігін білдіретін тізім болуы керек. Облыста не істеуге болады, қандай шикізат, қандай мүмкіндік бар деген сияқты. Баршаға осылай жұмыс істеу керек.
Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы медиа-жоспар құрып, оны облыстық әкімдіктермен, министрліктермен үйлестіру арқылы істің мәнін адамдарға түсіндіре бастауды тапсырды. Жұртшылық бірінші кезекте тәуелсіз, өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекет елді индустрияландырусыз күшейе алмайтынын түсінулері керек, деді Президент.
Елбасының айтуынша, мұнымен біз алғаш айналысушылар емеспіз. Аға ұрпақ Кеңес Одағындағы алғашқы бесжылдықтарды жақсы біледі. Олар сталиндік бесжылдықтар деп аталатын. Бүгінде ол барлық кәсіпорындар мен зауыттардың Америкадан әкелінгені анықталып отыр. Олар аталған елде Ұлы депрессия болған кезде тоқтап қалған кәсіпорындар мен зауыттар екен. Сөйтіп, Кеңес Одағы бойынша 800 кәсіпорын көшіріп әкелініпті. Содан соң оларға «КСРО-да жасалған» деген этикетка жапсыра салған. Барлық индустрия күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр – металлургия зауыттары және басқалары. Ал біз оларды қайдан аламыз? Түкке тұрмайтын өндіріс салғанша, салмаған жақсы. Одан да сол жақтан барлық жаңаны алып орнатыңдар да, иық теңестіре қойыңдар. Ескіні алғанның есі кетеді деген сөз бар. Сондықтан бүгінгіні, ең жақсысы – ертеңгі күндікін алыңдар. Медицина орталықтарын салып, ауруханаларымызды, денсаулық сақтау орталықтарын сондай құрал-жабдықтармен жарақтандырғанда біз солай істеудеміз.
Бүгін осында мен айтқандай көп адам қатысып отыр, деп жалғады сөзін Президент. Сіздердің барлығыңыз да осы көрмеге қатысудасыздар. Барлықтарыңызды тыңдадым. Индустрияландыру туралы туындаған ойлар осындай оралым алғанына мен шын мәнінде қуаныштымын. Біз ойластырғандай, Қазақстан бүкіл әлемге танымал болды, енді Астанада әлемдік оқиғалар өтіп жатыр. Біздің Астанамыз да ойластырғанымыздай болып шықты, енді онымен бәріміз мақтанамыз. Барлығына алғашқысын да, соңғысын да жүзеге асыру мүмкін еместей көрінген. Қазірде алдымызда бұдан да қиын міндеттер тұр. Егер біз алғашқыларды атқара алсақ, соңғыларын неге атқара алмаймыз?
Кеңес Одағы құлаған кезде дүкен сөрелері бос қалды, қалаларда жылу, үйлерде жарық болған жоқ. Мұндай күрделі жағдайлардан қалай шығамыз, не істейміз, зауыттарды қалай жұмыс жасатамыз, 2 миллион жұмыссызды қайда жібереміз деген сандаған сұрақ сананы кескестеді. Мен бүкіл ел бойынша мыңдаған митингтерге барып, күте тұру керектігін, төзімділік таныту қажеттігін түсіндірдім. Өте күрделі кездер еді. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыстан енді ес жия бастаған шақта 1998 жылғы дағдарыс тап келді. Бұл үш дағдарыстың бәрін де қалыпты өттік. Сіздердің көздеріңіздің алдында төтеп бердік. Ал қазір еліміз бұрынғыдан да күштірек. Ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізген 1993 жылы бізде теңгені ұстап тұратын 400 миллион доллар болған жоқ. Халықаралық валюта қоры теңгені енгізу үшін сіздерге 450 миллион доллар керек, әйтпесе мүмкін емес деді. Ондай ақша қайдан болсын. Қазір бізде елдің 80 миллиард доллар резерві бар. Қазақстан дегеніңіз, міне, осы, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондықтан, деді сөзінің соңында Елбасы, барлығымыз күш біріктіріп, индустрияландыру мен инновациялар жолында жұмыс жасайық. Күндіз-түні ойланыңыздар, іздеңіздер, не істесек, қандай жаңа өнім шығарсақ өркендейміз деп. Мен кәдімгі инновациялар туралы айттым. Бұл Батыста бар, бізде жоқ нәрсе. Абсолютті инновациялар деген де бар, бірақ олар еш жерде жоқ. Сондықтан абсолютті инновацияларға ұмтылу керек. Соған жетуді ойластыру қажет. Ақылды адамдар бізде аз емес. Біз бәріміз бірігіп күшті Қазақстан құра аламыз. Біз өз-өзімізден озып кеттік. Біз мемлекет, елорда және осындай экономиканы, осындай танымал Қазақстанды құрдық. Біз бір нәрсеге шындап кіріссек, бәрін де атқара аламыз. Сондықтан мен «Біз индустриялық Қазақстан құрдық!» деп айтатынымызға сенемін.
––––––––––––
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.