Шымкентке Алматыдан Сайрам арқылы түнге салым машинасымен кіріп келе жатқан жолаушы Тассай ауылы тұсынан ғарыш зымыраны секілді көкке ұмсынған қондырғыларды көрер. Әні-міне басқару аппаратынан старт алатындай кейіпте. Жарқылдаған әр түрлі жарықтар. “Апыр-ау, бұл не керемет?” дер. Алғашқыда Шымкенттіктер де сүйткен. Бір көрмеге ғарыш айлағы Байқоңырдың осында көшіп келгеніндей әсер қалдырар еді.
Кішігірім шағын ауылдың орнын алып жатқан қондырғылар-ғарыш айлағына түк те қатысы жоқ, Қазақстандағы бірегей цемент өндіретін алып “Стандарт-Цемент” зауыты.
Бүгінде мыңнан аса адамға жұмыс тауып беріп отырған зауыт жылына 1 млн. тонна цемент дайындайды. Сайрам ауданының бюджетіне жылына 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылады.
Бір отбасында орта есеппен бес адам бар деп есептесеңіз бес мың адамды қара су мен қара нанға қаратпай ел қатарлы тұрмыс кешуіне жағдай жасап отырған зауыт қайдан нашар болсын?!
Зауыттың директоры Бауыржан Серікжанұлы Сейітжанов болғанымен кәсіпорынның иесі ретінде жұрт белгілі кәсіпкер, ғылым докторы, “Саутс-Ойл” ЖШС-інің президенті Серікжан Сейітжанов деп біледі. Серікжан Сейітжанов – осы зауыттың құрылтайшысы.
Шымкентте цемент зауыты жоқ емес. Кеңес өкіметі кезінде салынған зауыттың соңғы оншақты жылдарда инвесторлары ауысқанымен ескіні ілдалаған жыртыққа жамау салғанмен бірдей ғой. Энергияның көбірек қажет ететін ылғалды цемент дайындайтын зауыттан маңайдағы тұрғындарға аспаннан цемент жауған күндер де болған.
Осыдан аттай үш жыл бұрын бүгінгі Экология және табиғатты қорғау министрі, ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ашуға көп ерік бермейтін Нұрғали Әшімов күрт қатайып “Шымкенттегі бір миллионға жуық халықтың денсаулығын ауаны ластайтын цемент зауытына айырбастай алмаймын” деп шетелдік инвесторлардың екі аяғын бір етікке тыққан. Айдан астам уақытқа жаптырып тастаған. Атмосфераға жіберетін түтін сүзгісін ауыстырған.
Кеңес заманында халықаралық стандарт дегенді ойға алмайтын, ойласа да қауқары жетпейтін кезеңде салынған қорғасын зауыты, цемент зауытынан зиян шегіп, зәрезап болып қалған жұрт “Стандарт-Цемент” зауыты салына бастағанда да қорқасоқтап еді.
Маңайдағы ауылдан айқай-шу да естілген. Осыған негіз бар ма?!
Біздің білетініміз, экологиялық жағынан зиянсыз құрғақ цементті дайындау технологиясын ғылыми негізде жасаған ғылым докторы Серікжан Сейітжанов зауыттың түтіні үш қайтара тазалау фильтрінен өтетіндігі жайлы айтқан ақпарат. Қондырғы – Қытайдың Тяньзин қаласындағы цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының өнімі. Дәл осындай зауыттар осы институттың жетекшілігімен азуын айға білеген Америкадан бастап, қоршаған ортаға зияны білінсе қолына плакаттарын ұстап көшеге шығып кететін талапшыл тұрғындары бар Еуропаның талай қалаларында жұмыс істеп тұр. Ауа ластанса ондағы ағайындар дабыл қақса керек еді.
Әрине, өндіріс болған жерде мәселесіз болмайды. Алайда, бес мыңдай адамның асыраушысы болып отырған ірі өндіріс орындарын жабуды талап ете берсек онда Азияда көшбасшы елге айналуды мақсат еткен Қазақстанға, мемлекетіміздің болашағы осындай халықаралық стандарттарға негізделген алып кәсіпорындар екенін айтып кәсіпкерлерге дем беріп отырған Елбасымыздың стратегиясына қарсы шыққандығымыз емес пе? Шикізат Қазақстанды қашанғы асырайды? Ол – түбі жоқ тұңғиық көл емес. Ерте ме, кеш пе түгесіледі. Сол кезде өнерлі жұрттан үйрен деген ұлы Абайдың, Ахаң, Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш ардақтыларының, бейқам жұртын маса болып шағып оятуды дұрыс көрген Міржақыптардың жанайқайын тағы да ұмытып, Пушкиннің “Алтын балық” ертегісіндей сынық астауды құшақтап қалған кейуананың кейпін киіп қалмаймыз ба деген қауіп қой біздікі. Сондықтан айқайшыл ағайынды сабырға шақырар едік. Халқы бір миллионға жетеқабыл Шымкенттің өзіне халықаралық стандарттарға негізделген ондаған зауыттар керек. Әр сала бойынша. Сонда өзгеге кіріптарлықтан құтыламыз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады. Мемлекетіміздің экономикалық әл-қуаты еселенеді. Ал, ол дегеніңіз – ел байлығы, сіз бен біздің жарқын өміріміз, ұрпағымыздың мұңсыз келешегі.
Жақында зауытқа арнайы бардық. Зауыт директоры Бауыржан Сейітжановпен сұхбаттастық.
– Елбасымыздың 30 корпоративті көшбасшы жобаларының қатарына осы зауыт та енген, – дейді ол. – Сол кезеңдерде әлемді қаржы дағдарысы құрсаудай қысты да біз дағдарыңқырап қалдық. Осы жобаны әрі қарай жалғастыру қаншалықты қисынды, тұлыпқа мөңіреген сиырдай болып қалмаймыз ба деген де қауіп болды. Осы қаупімізді әкем, осы зауыттың құрылтайшысы, Серікжан Сейітжанов сейілтті: “Мен Елбасыға зауытты іске қосуға уәде бергенмін. Ер жігіт уәдесін жұтпау керек. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетімізді өте ауыр жағдайда орнынан тік қойды, әлем санасатын елге айналдырды. Осындай жағдайда біздің кері шегінгеніміз намысқа сын” деді.
Айтты бітті. Шетелден инвестиция тартуға Елбасының жергілікті банкке тапсырмасы өзек болды. 2008 жылы 8 тамызда инвестиция мәселесі шешілді. Қытайлық Эксимбанктен 100 млн. долларға жуық қаржы алдық. Бұл аз сома емес. Он сегіз айдың ішінде зауытты салып, іске қостық.
– “Стандарт Цементтің” жүрегі соға бастағаны “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автомагистралінің қарқын ала бастағанына дөп келді. Іскерлік қатынастарыңыз қалай? Оңтүстіктің жерінен 454 шақырым жол қиып өтеді ғой...
– Бұл ғасырлық құрылыстың қаншалықты маңыздылығын Елбасымыз айтып келеді. Жолдауында да нақтылаған. Шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай туғызады. Әрі біздің кәсіпорын секілді үлкен зауыттардың да даму стратегиясына мүмкіндік береді. Негізгі есеп бойынша жолға қажетті шикізаттың 90 пайызы қазақстандық болуы шарт. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге жақсылық болып тұр. Біздің зауыттың цемент маркалары автомагистральдің талаптарына сай келетіндіктен екі тарапта да жақсы түсіністік бар.
– Қазір бәсекелестік заманы, ешкім ешкімге ренжи алмайды. Сіздер жаңа технологияны іске қостыңыздар. Құрғақ цемент пен ылғалды цементтің жігін қарапайым жұрт ажырата қоймайды. Қайсысы өндіріс үшін тиімді?
– Мынау керемет деп әріптестерімнің бақшасына тас ата алмаймын. Бірақ, бір ақиқатты айтпасқа болмайды. Кеңес Одағы кезінде халықаралық стандарттарды сақтауға жағдайы келмеді де, қондырғылар жөнінен батыстан көп қалып кетті. Ылғалды цемент энергияны көп қажет етеді әрі экологияға елеулі шығын әкеледі. Біз ескі әдісті айналып өтіп, жаңа зауыт өте үлкен инвестиция талап ететінін білсек те, қазіргі заман талабына сай қондырғылар мен технология жетістіктерін пайдаланып құрғақ цемент өндіруді қолға алдық. Бұл материалдық сапасын көтеруге және бағасын төмендетуге септігін тигізеді. Біз цементтің тоннасын 12 мың теңгеден босатамыз. Мұны көпшілік біле бермейді. Базардан барып біздің цементті 13-14 мың теңгеден сатып алып жүр.
Шикізатымыз жеткілікті. Әк, саз балшық, құм және пирит алуға серіктестеріміз бар. Диірменде осы компоненттерді араластырып, әбден үгіп шикізат ұнына жеткізгеннен кейін қыздырылып айналып тұратын пеш қазандығына салынады. Цельсий бойынша 1450 градустан өткеннен кейін жартылай фабрикат арнаулы тоңазытқыштарда суытылады. 65 градусқа жеткеннен кейін сақтау қоймаларына жөнелтіледі. Тағы да түрлі процестерден өткеннен кейін ғана цементіміз дайын болады. Сульфат құрамды портландцемент маркасы да М500 және жоғары болады. Бұл өнім түрлері техникалық сұраныс талаптарына сай. Біздің зауыт өндірген өнімдер жоғары сапалы болғандықтан үлкен сұранысқа ие.
– Жаңа технологияны меңгеру ауыл үйдің қора айналып, бақшасын баптайтын шаруасы емес. Мықты мамандар керек?
– Ойыңызды түсіндім. Біз кадрларды сырттан іздеп жатқан жоқпыз. Зауыт-Қазақстандікі болғаннан кейін оның игілігін, ең алдымен қазақ жастары көруге тиіс. Іргедегі ауылдың елу-алпыс талапты жастарын Тяньзин цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының базасында оқытып алдық. Зауыт аяғынан тұрғанша көмектесіп, үйрету үшін ондағы орталықтан білікті мамандар келді.
– Жалпы, 1 млн. тонна құрғақ цемент дайындайтын зауыт қалыпты жұмыс жасап тұр. Еліміз бойынша 30 корпоративті көшбасшы жобалардың қатарына кірген зауыт жұмысымен Елбасымыз жақын таныса алды ма?
– Танысты. Зауыт салынып жатқанда Елбасымыз Оңтүстікке арнайы сапармен келген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бизнес жобаларды таныстырып келе жатып, біздің зауытқа айрықша тоқталды. Мен жалпы сипаттамасын баяндадым. Мұндай зауыттың ТМД елдерінде баламасы жоқ десем өтірік болар. Француздар да Таразда цемент зауытын салып жатқан. Нұрсұлтан Әбішұлы жай-жапсарымызды сұрады. Қоштасарда “біздің жігіттердің іскерлігі шетелдіктерден кем болмау керек. Намысқа тырысыңдар” деді. Елбасымыздың түпкі ойын түсіндім. Қазақстанға инвестиция салып жатқан шетелдердің ойы – пайдаға шығу. Біз де қомақты қаражат несие алғаннан кейін оны қайтарып, табысымызды еселеуге ұмтыламыз.
Бірақ, елдің азаматымыз, жағдайға қараймыз. Көмегіміз көп болады. Елбасымыздың олардан асыңдар дегенін “елдің байлығына өздерің ие болыңдар, сонда халыққа жақсы болады” деп түсіндім. Сол сезім үлкен қанат берді, намысымызды жаныды. Қиын кездерде шетелдіктерге Қазақстанға инвестиция салуға мүмкіндіктер берілді. Одан жаман болған жоқпыз. Енді олардың орнын өз азаматтарымыз басып жатса елдің өркені өскені, әлеуетінің артқаны ғой.
Бауыржан Серікжанұлының айтқандарын өзге әріптестері де мақұлдаған. Зауыт басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Виктор Чернышев кәсіпорынның артықшылықтары туралы айта келіп, негізгі үш факторға тоқталды.
Біріншіден, жоғары сапалы өнім, екіншіден, экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталған, үшіншіден, жұмысшыларға бүгінгі заман талабына сай жағдай туғызылған.
Тяньзин цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының өкілі, жоба жетекшісі Шу Сун Лин әлемнің 20 мемлекетінде зауыттарының жұмыс істеп тұрғанын айтады. “Біз ең алдыңғы қатарлы технологияны Еуропа мен Азияға ғана емес Ресей мен Америкаға да дайындап беріп отырмыз. Ал Қазақстандағы бұл жоба индустриализациялау бағдарламасында жетекші салаға айналарына сенемін” дейді.
Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген нақыл бар. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бірегейі – осы зауыттың құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Секеңнің сақылығы, Атымтай Жомарттығы жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен марапатталған азаматтың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда содружества” орденіне ие болған Серікжан Сейітжановтың меценаттығы “Алтын жүрек”, “Парыз” қайырымдылық қорлары тарапынан лайықты бағаланды. Ғылым докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Калифорния Ғылым академиясының мүшесі осы азаматтың атақ-даңқтарын айта бастасаң бірер парақ жетпейді-ау. Әдетте, атақ, құрметті билік орындарынан өзі сұрап жүретін адамдар болады да, абыройдың өзі іздеп жүретін азаматтар болады.
Шетел марапаттарын айтпағанда Қазақстанда Серікжан Сейітжановтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары көп. Өзі туып өскен Шілік ауылында мешіт салды. Кейіннен балабақша көтерді. Мемлекетке, елімізге жәрдемім болсын деп атты кісі түсіп қарайтындай мектеп салып берді.
Зауыт салынған Тассай ауылының аймағы да қамқорлықсыз қалған жоқ. Сиырдың бүйрегіндей тарам-тарам болып кеткен ауылда орталықтағы мектепке жету балалар үшін өте қиынға соғып жүр еді. Сол маңайға бүкіл инфраструктурасы қамтылған, спортзалы да бар 240 орындық мектеп салып берді.
Ақшасы қалтасына сыймай жатқан адам шетелдік банктен 100 млн. доллар несие ала ма?! Судың да сұрауы бар. Мерзімі шектеулі. Бірақ, “Саутс-Ойл” ЖШС президенті, “Стандарт-Цемент” зауыттың құрылтайшысы алдымен елге болсын дейтін тәуекеліне басып, осындай қадамдарға барды. Енді отбасын қосқанда бес мыңдай адамның несібесін айырып отырған зауыт маңында да балабақшадан мектепке дейінгі нысандар бой көтереді. Тағы да адамдар игілігі үшін. Өз алдына шағын қала.
Ылғалды цемент өндіретін зауыттарда шикізат тау-тау болып ашық далада үйіліп жататын. Үп етіп жел тұрса шаңы көтеріледі. “Стандарт-Цемент” бұл мәселені шешкен. Экологиялық қауіпсіздік үшін шикізат арнаулы орындарда сақталады. Бүгінгі өндіріс орындарына қойылатын талап осы. Құмырсқаның илеуіндей адамдары құжынап жатқан Қытайдың алып қалаларында жұмыс істеп тұрған зауыттарға жұрттың жақ ашпауы осыдан.
Зауыттың баспасөз хатшысы болып белгілі журналист Әбдімәлік Белгібаев тағайындалған екен. Жұмысшыларына жағдай жасайтын осындай мықты кәсіпорынды мен бұрын-соңды көрмедім дейді әріптесіміз.
Жақсы әке-шешеден тәлім алған Сейітжановтар әулеті осылайша-отандық өндірістің мың шегедей мықтысын аяғынан қойды.
– Серікжан осы зауытты саламын деп ойын бөліскенде ішімнен қалай болар екен деп ойлап едім, – дейді сенатор Қуаныш Айтаханов. – Кеңес өкіметі кезінде мұндай зауыт бес жылдық жоспарға кіргізіліп, мемлекеттің үлкен күші жұмылдырылатын. Осындай зауытты бір азамат жыл жарымға жеткізбей салып, іске қосты.
Жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін, аудан бюджетіне 2 млрд. теңге көлемінде қаржы салатын “Стандарт-Цемент” зауытыңыздан мемлекет осындай игіліктер көріп отыр. Қазақстанның келешегі-индустриялық-инновациялық өндіріс орындарында. Осындай зауыттар әр сала бойынша қадау-қадау болып, қазығын қағып, іске қосылып жатса Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің ортасында жүрмейтіндей қай кемдігі бар. Осындай өндіріс орындары ғана елімізді шикізатты өндіруші елден бар керек-жарағы сай қуатты мемлекетке айналдырады.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.