Ойыл аудандық соты мен прокуратурасының жаңа ғимаратының тұсаукесеріне облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров пен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель қатысты.
Салтанатты сәтте сөз алған өңір басшысы ойылдықтарға осындай жаңалықтар көп болсын деген тілегін жеткізді. Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров Қарғалы ауданынан қызметін ауыстырып, Ойыл аудандық сотының төрағасы болып тағайындалып жатқан Нұрлан Бақтығалиевті жаңа қызметімен құттықтады. Оған су жаңа «Шкода» автокөлігінің кілтін табыс етіп, 8 компьютерді, дыбыстық және бейне құрылғылары мен теледидарды сыйға тартты. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Казтеплоэнергомонтаж» компаниясы ғимаратты мерзімінен бұрын пайдалануға берді. Құрылысқа бөлінген 159 млн. теңге толық игерілген. Ал құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 60 адам тартылған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.