• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Қорқытқа құрмет

328 рет
көрсетілді

Түркінің ішіндегі тұғырлы тұл­ғаның бірі – Қорқыт. Ол туралы аң­ыз да, әфсана да көп. Ел ара­сын­дағы әңгіменің бірі мынау. Қор­қыт­тың қабірі Сырдың жағасында жатыр. 1925 жылдан бастап баба мазарының табанын толқын тебе бастайды. Талай жылғы жә­ді­герді құлайды дегендер де бо­лып­ты. Дегенмен, қабырғаның қалың­ды­ғы соншалық, дария оған дақ та түсіре алмапты. Сол күйінде жар­ты ғасырға дейін тұрған екен. Дегенмен, 50-жылдардан кейін қа­бырға мүжіліп, опырыла бастапты. Мұны неге айтып отырмыз? Ау­ыл­дағы ақсақалдар Аралдың тар­ты­луын Қорқыттың қабірінің құла­уы­мен байланыстырады кейде. Ежелден жеткен аңыздың бірінде Қор­қыттың қабірін су мүжігенде те­ңіздің тартылатыны туралы айты­лады екен. Сәйкестік деуге келмейтін шығар. Дегенмен, аңыздың ақи­­қатпен де астарласып жата­ты­ны шындық. Олай болса, ел ара­сын­дағы әфсанаға күмәнмен қарау да қисынсыз секілді. Қорқыттың кереметтері туралы айтып тауысу мүмкін емес. Бү­гін­де баба мазарынан сәл беріде, күре жолдың бойында «Қорқыт-ата» ме­мориалдық кешені бар. Осы кешенге жылына 10 мыңнан аса турист келіп тәу етіп, мінәжат жасап кетеді. Аптап ыстықта болсын, ала­пат желде болсын адам аяғы азайған емес. Мемориалдық кешенде үнемі қобыздың үні естіліп тұрады. Осы үн баба рухымен тілдестіретіндей әсер қалдырады кө­біне. «Бір кем дүние» ғой. Кешен­нің басында туристерге ыңғайлы орын жоқ. Келеді, мемориалдық кешенді көреді. Сосын көп тұрақ­тамай кетеді. Өйткені, жатын ор­ын, жайлы тамақ жасайтын орта­лық жоқ басында. Ал алыстан ат арытып жеткендер баба басына түнеп, тілек тілеп қайтқылары келеді. Енді бұл олқылықтың да ор­ны толғалы тұр. «Дорстрой» дейтін жеке мекеме мемориалдық ке­шен­нің қарсы бетінен «Қорқыт-ата» зиярат етушілер орталығының құрылысын бастады. Бұрнағы күні облыс басшысы Болатбек Қуан­ды­қов атқарылып жатқан жұмыспен танысып қайтты. Зиярат етушілер орталығында 20 орындық қонақ үй болады. 50 адам мінәжат ете алатын мешіт салынады. Құрбан шалып, ас беретіндерге арналып арнайы мейрамхана салынады. Қолөнер шебер­ле­рінің шеберханасына да орын беріліпті. Қысқасы, туристерге барлық жағдай жасалмақ. Жобаның авто­ры самарқандық сәулетші Нигмат Садықов. Болашақ зиярат етушілер орталығының жобасын біз де көр­дік. Ежелгі Жібек жолының бой­ындағы керуен сарайлар келеді көз алдыңа. Орталықтың жанында ав­токөлік жөндейтін орын да бо­лады. Ал айналасы көгалдан­ды­ры­лып, жасыл желекке оранады. Тал-дарақтар егіледі. Тап бір саха­ра­ның ортасындағы оазис тәрізді. Жо­баға 220 миллион теңге жұм­сал­мақ екен. Мұндай берекелі іс басталып жатқанда атқарушы би­ліктің сырт қалғаны жараспайды. Осыны ескерген Қызылорда облы­сының атқамінерлері аталған жо­баны индустриялық-инновация­лық бағдарлама бойынша туризм кластеріне енгізіпті. Енді бір мәселе бар. Зиярат етушілер орталығы күре жолдың арғы бетінде орналасқан. Оған су мен жа­рық жеткізу біршама қи­ындық ту­ғызады. Оның үстіне жа­қын маң­дағы елді мекеннің өзі қо­зы көш жер­де. Құрылысшылар әкім­ге осы­ны айтып еді, облыс басшысы бұл мәселенің оң шешілетінін жеткізді. «Қорқыт-ата» зиярат етушілер орталығы биыл бітеді дейді құ­ры­лысшылар. Бұйырса, азаттықтың жиырма жылдығына орайлас­ты­ры­лып берілмек. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.