Облыс әкімі Ерлан Қошанов Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдап, оған аймағымыздың қалалары мен аудандарынан келген 30 адам шақырылды. Аймақ басшысы айтқандай, соғыс жылдарындағы батырлардың қатары сиреп барады. 2010-шы жылы Жеңіс күнін Қарағанды облысында 1110 ардагер қарсы алған болса, бүгінгі күні олардың саны небары 184. Ардагерлерге арналған мерекелік концертте кәсіби әртістер және балалар көркем өнерпаздық ұжымдары өнер көрсетіп, ақшалай сыйлық табыс етілді.
Жалпы, Қарағанды қаласының орталық саябағындағы «Сарбаздар достығы» дәстүрлі фестивалінен басталған игі шаралар бірнеше күнге жалғасты. Отан қорғаушылар күніне орай С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Махаббат қызық мол жылдар» драмасы қойылса, Теміртау қаласының балалар және жасөспірімдер театры «Это, девушки, война!» деген атаумен соғыс жылдарының хроникасын ұсынды.
Сондай-ақ, Қарағандыда Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көрсеткен әскери-тарихи жаңғырту шарасы өтті. Бір күнге Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі Рейхстагтың қасбеті үлгісінде безендіріліп, ғимараттың алдындағы алаңда тарихы сәтті тағы бір еске салды. Шара барысында түтін гранаталар мен сигнал ракеталары қолданылды. Жаңғырту шарасына 300-ге жуық адам қатысып, әйгілі сарбаздың қызы Әлия Қошқарбаева құрметті қонақ болды.
«Әкем ол уақытта 20 жастағы жас жігіт еді. Осы алаңда жеті сағат бойы, басын көтермей борап тұрған оқтың ортасымен еңбектей жылжығандығын елестетудің өзі қорқынышты. Әкем маған өзінің ерлігін айтпайтын, батырлығын басқалардан естідім. Оның ерлігін еске алуға арналған осы шараны ұйымдастырушыларға рахметімді айтамын. Тарихтың осындай көріністері арқылы жастарымыз соғыстың қандай болғанын, бүгінгі бейбіт күн қандай бағамен келгенін түсінсін», - дейді батырдың қызы.
Аталмыш ерлікті көрсету идеясын тарих әуесқойлары клубының мүшелері бірнеше жыл қатарынан ойластырып келеді. Бұған дейін қарағандылық энтузиастар Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырып, Крюков ауылының жанындағы шайқастың жаңғыртуын өткізген болатын.
Жеңіс күні қарсаңында патриоттық жобаны жүзеге асыруды Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Төлеген Әшімов ұсынған. Өзі оған демеушілік көрсеткен. Идеяны әскери-патриоттық тәрбиемен айналысатын аула клубтары бірден құптаған екен. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың рөлдерін кастинг арқылы таңдау түскен Алмас Әміре мен Ильгиз Алпысбаев сомдады.
Ал, кеше дәстүрлі түрде Қарағандыда «Мәңгілік полк» шеруі сапында мыңдаған қала тұрғындары Отан үшін жандарын қиған ата-бабаларына тағзым етіп, қала көшелермен жүріп өтті.
Жеңіс күнінде өткізілетін дәстүрлі митинг-реквием, жалпы жиын «Мәңгілік алау» мемориалының алдында болды. Оған облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы қатысып, барша қарағандылықтарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
– Егер біздің бабаларымыз сол соғыста жеңіске жетпесе, біз бейбіт өмір сүрер ме едік? Отан үшін жанын қиған жауынгерлерге, ардагерлерге деген құрметіміз - мына тұрған Мәңгілік алау сияқты. Еш уақытта өшпейді, еш уақытта сөнбейді. Жеңімпаздарға мың тағзым, – деді Ерлан Жақанұлы.
Митингтен соң облыс əкімі бірқатар соғыс ардагерлерінің шаңырағында болып, оларды Жеңіс күнімен құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Ары қарай, Жеңіс саябағында мерекелік шаралар жалғасын тапты. Ол жерде де «Ер есімі – ел есінде» атты концерттік бағдарлама басталып, қала жұртшылығы орталық саябақта өткен ретро-автомобильдер көрмесін тамашалады. Мұндай іс-шаралар, облыс орталығына жақын «Теміржолшылар», «Молодежный», «Жаңа Майқұдық» Мәдениет үйлерінде де аталып өтті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы