Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстанның азаматтық Альянсы» мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қызылорда қаласында «20 жылға – 20 туынды» атты қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізді. Сондай-ақ «Қазақстан – 20 жыл, тек қана алға» ұранымен жастар акциясы да болды.
«20 жылға – 20 туынды» атты қолөнер шеберлерінің көрмесіне мерейлі мерекені насихаттайтын, тәуелсіздіктің жаршысын бейнелеген түрлі қолөнер бұйымдары қойылды. Әрбір туындыдан еліміздің ертеңі саналатын жастар буынының жарқын болашаққа деген ұмтылысын байқауға болады.
Жастардың өзіндік идеясымен ел егемендігін ұрандаған осындай еңбектерінің көрмесі облыстық байқау түрінде ұйымдастырылып, үздік өнер туындысы иелеріне арнайы бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.