Қысқы шілдеде Қостанайдың ауа райы құбылып берсін. Өңірде қыс биыл да кеш түскен. Қарды қостанайлықтар желтоқсанның ортасы ауа көрді. Қармен бірге аяз келді, сынап бағанасы 40-қа дейін төмен түсіп кеткенде жұрт табиғаттың тамаша құбылысын қызықтады – таяқ тастам жер көрінбес ақ тұман тұрып алған.
Жылымық боп тұрып, алдарқатып соққан аязды күндер құрбансыз да болмады. Аяз Жаңа жыл мейрамы күндері қайталап соқты, 25-30 градус аязға да ет үйренді. Облыс әкімінің тікелей бақылауда ұстауымен облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметкерлері, жол полицейлері тұрғындардың алысқа жолаушы жүрмеуін, коммуналдық қызмет саласы жолдардың тазалығын қадағалады. Ауа райының суытуы қалалар мен ауыл-аймақтағы жұртшылықтың ала жаздай жасаған қысқа дайындығын сынай келгендей екен. Рудный қаласында 25 градус аяз болып тұрғанда жылу тарататын құбыр жарылып, тәулік бойы тұрғындарды да, коммуналдық қызмет саласын да әбігерге салды. Абырой болғанда, құбыр жолындағы ақау жөнделіп, үйлерге жылу беру қалыпты жағдайға жеткізілді.
Ал Лисаков қаласы күзде жөнделген қазандықтың рахатын аязды күндері көрді. Боран қалай соқса да құстың ұясындай жинақы қаладағы жылу қазандықтары мен құбырлар арқылы әр үйге жеткен жылу шаңыраққа береке алып кірді. Ал Қостанай қаласы да қысқы шілденің аязын қалыпты қарсы алды. Жергілікті ауа райын болжаушылардың бақылағанындай, сынап бағанасы 25-30 градус аязды көрсетіп тұрды. Бірақ қалада тұрғындарды әбігерге салардай ешқандай қолайсыз жағдай орын алған жоқ. Пәтерлерде күнделікті берілетін жылу азаймады. Жақсы жөндеу жұмыстары жүргізілген жерлерде аяз құбырды қатыра алмайды. Облыстың басқа аудандары мен елді мекендерінен дабылды ақпарат түскен жоқ.
Ал облыстың оңтүстігіндегі аудандарда қаңтардың басындағы 17 градусқа жеткен аяздың соңы жылынып, жаңбырға айналды дегенге кім сенер! Торғай өңірінде қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні жаңбыр тынбай жауды, күндіз қар еріп, жер қарайып қалды. Қар жауса да, боран тұрса да, жаңбыр жауса да Арқалық қаласы бірқалыпты қалпынан тайған жоқ. Өйткені, күзде қала мазутын артығымен тасып алып, жылу құбырын жамап-жасқап алған болатын. Іргеңді ерте қымтап алмасаң, Арқа қысының салған әлегі қандай болатынын бұл қала бастан талай өткерген...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы.