Солтүстік Қазақстан облыстық сотының журналистермен өткізген дөңгелек үстеліне сот пен БАҚ арасындағы сындарлы байланыс басты тақырып арқауына айналып, жан-жақты пікірлер алмасылды, орнықты ойлар айтылды.
Судья – от төрелігін жүзеге асыратын басты тұлға. Бұл орайда оларға айрықша міндеттер мен талаптар жүктелетіні әлімсақтан белгілі. Әркім соттың ашық, мөлдір, заңның үстем болуын қалайды. Сонда адал да әділ принциптердің орнығып, түрлі қателіктер мен бұра тартушылықтарға жол берілмесі анық. Бір жағынан, сот төрелігін орындаушылар кәсіби жағынан шыңдалып, бедел-абыройы да асқақтай түсері сөзсіз. Алайда, сот тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне деген өкпе-реніштерді аракідік болса да естуге болады. Тұтастай алғанда, үшінші және “төртінші” билік араларында берік қарым-қатынас қалыптасқанына қарамастан бір-біріне кінә артып жататын жайлар аз кездеспейді.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының журналистермен өткізген дөңгелек үстеліне сот пен БАҚ арасындағы сындарлы байланыс басты тақырып арқауына айналып, жан-жақты пікірлер алмасылды, орнықты ойлар айтылды. Бірінші сөзді облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов алып, сот жүйесін көрсетуде, ол жөнінде қоғамдық пікір тудыруда БАҚ-тың рөлі айрықша екенін атап өтіп, жақсы тәжірибелер жазылумен қатар түрлі түсінбеушіліктердің де орын алып жататынын, мәселенің байыбына бармастан негізсіз, дәлелсіз қалам сілтеудің кездесетінін жасырмады. Бір-бірімізбен кінәласқанша осылай жиі жүздесіп, ортақ мүдде жолында ақылдасып жұмыс істеу әлдеқайда пайдалы дей келіп, Нұрғазы Әбенұлы ашық әңгімеге, сындарлы диалогқа жол бастап берді. Облыстық соттың судьялары И. Қуанова, Б. Омарова, Е. Максюта, А.Зенковский, А.Ақпанова сот жариялылығын, ашықтығын, анықтығын қамтамасыз ету, ақпарат құқығын жүзеге асыру, ар-намысты, абыройды, қызметтік беделді қорғау мәселелерін жан-жақты түсіндіріп, нақты дәлелдемелер келтірді. Олар өз сөздерінде заңда көзделген жағдайда істерді жабық қарау жүзеге асырылатынын, әйтпесе барлық сот сатыларында істі қарау ашық жүргізілетінін жеткізді. Азаматтарға, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне, азаматтық процестің басынан аяғына дейін қатысу, сот отырысы залында болып жатқан жағдайларды өз көздерімен көру, қалаулары бойынша жазып алу, стенограмманы және дыбыс жазуды пайдалану, сондай-ақ заң талаптарын сақтай отырып тікелей хабар жүргізу, киноға және суретке түсіру, бейнетаспаға жазу құқықтары берілген. Әр іс бойынша анықталған фактілерді бұрмалап жариялауға жол берілмейді. Десек те, басылым беттерінде сот қарайтын қандай да болсын іс бойынша алдын-ала пайымдаулар жасалып, сотқа ықпал ету жәйттерінің кездесетінін жасырмаймыз. Соның салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер және материалдар берудің соңы моралдық шығын талап етіп, соттасуға ұласып жатады, десті сот төрелігін орындаушылар. Әркім жариялылықты әрқалай түсінгенімен, заңдылықты сақтау — басты міндет. Судья Айгүл Ақпанова БАҚ өкілдерінің өз құқықтары мен міндеттерін толық пайдалана білмейтінін қынжыла айтты. Соңғы екі жылда жергілікті журналистерге қатысты 9 сот отырысы өтіпті. Талап-арыз берушілердің бәрі де ар-намыстарына нұқсан келгенін көлденең тартқан. Ал, сұраған ақпаратын беруден себепсіз бас тартқан лауазым иесі жайлы бірде-бір шағым түспеген.
Журналистер тарапынан да айтылған пайдалы ұсыныс-пікірлер аз болған жоқ. Әңгіме сотқа қатысушылардың суреттерін басу болмаса бейнетаспаға түсірілген бейнелерін көрсету жайына келгенде пікірталас тіпті қызып сала берді. “Алтын арқа” қоғамдық қорының жетекшісі Зәуре Жұмалиева былай деді:
– Бір отбасыға қарақшылық шабуыл жасаған Бековтардың қылмыстық ісіне қатысты үкім шыққанын бәріңіз жақсы білесіздер. Сот процесі кезінде қылмыскерлердің адвокаты С.Арапов өзін бейнекамераға түсірген облыстық ішкі істер департаментінің қызметкеріне қолын шығарған. Кейін департаменттің баспасөз қызметінің рұқсатымен осы сурет газеттерде жарияланды. Айтайын дегенім, С.Арапов сол басылымдарды сотқа беріп, жеңіп шықты. Судья түсіруге рұқсат берді. Адвокат та “үндемеген-келіскендіктің белгісін” танытты. Олай болса, жазықсыз жапа шегетіндей журналистердің қандай кінәсі бар? Судьялар Азаматтық кодекстің 145-бабын алға тартты. Онда сурет, бейне сол адамның меншігі болып табылатыны, оның рұқсатынсыз жариялауға болмайтыны жазылған. Алайда, заңның кей баптарын әлі де нақтылай түсу қажеттігін бәрі де мойындады.
Сөз арасында айта кеткен жөн, С.Арапов өзінің кәсіби қызметін атқару кезінде заң талаптарын өрескел бұзып, дөрекілікке жол бергені үшін адвокаттық лицензиясынан айрылды.
Журналистер сот процестеріне қатысқанда кей судьялар тарапынан құқықтары бұзылатынын, мәселен, үкімді диктофонға жазып алуға тыйым салатындарын, қызметтік куәлігін көрсеткеннің өзінде кедергілерге тап болатындарын тілге тиек етті. Екі жақ та бірлескеннің бірлігі мықты, ақылдасқанның айыбы жоқ деген ортақ ымыраға келді.
Облыстық соттың төрағасы Н.Әбдіқанов БАҚ өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін жинақтап, Жоғарғы Сотқа жіберетінін, алдағы уақытта да мұндай кездесулердің жүйелі ұйымдастырылатынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.