2010 жылы Қазақстан Конституциясы қабылданғанына 18 жыл толады. Ал Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы бірнеше қағидаттардан тұрады. Тұжырымдамалық негізінің бастысы қоғамның саяси тұрақтылығын, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтиды.
Қазақстандық патриотизм негізін қалыптастырады. Демократиялық тәсілмен Үкіметтің, биліктің өзгерістерін референдум немесе Парламенттің заң қабылдауы арқылы жүзеге асыруға болады. Осы принциптерді біздер түпқазық ретінде ұстауымыз қажет. Конституцияның түпкілікті қағидасы – Қазақстанды жан-жақты дамыту, қоғамды демократиялық жолмен алға бастыру. Біздер депутаттық қызметімізде заң жобаларымен танысқан сәттен-ақ өз ісімізді Конституциямен тікелей байланыстырып отырамыз.
Парламентке Үкіметтен жаңа заңдардың жобалары түседі, қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар ұсынылады. Кейде қоғамға аса қажетті заңдарды шығару үшін депутаттар да заң жобаларын әзірлеп, бастамашылық жасайды. Соның барлығы Ата Заңға сәйкес болуы тиіс. Яғни, заң шығарушылықпен айналысатын адамның жұмыс үстелінде Конституция жатады. Талқыланып жатқан заң жобаларына орай ел тұрғындарынан түсетін ұсыныстар да көп болады. Оны депутаттар жүйелеп, жұмыс тобына ұсынады. Соның ішінде қоғамға аса қажеттісін, Ата Заңға сәйкес келетінін қабылдаймыз. Кейде аздаған түзетудің өзі Конституцияға сәйкес келмей жатса, немесе басқа кодекстер мен заңдардың нормаларына қайшы келгенде, талқылаудың ұзаққа созылатыны, пікірталастар туындап жататыны анық.
Америка Құрама Штаттары өз конституциясына екі ғасыр бойы өзгеріс енгізбеген екен деген пікірді айтып жатады. Америка ешкімнің боданында болған жоқ. Әрине, әр мемлекеттің құрылған кездегі жағдайы әртүрлі болады. Сондай-ақ, ұстанған бағыттары да әртүрлі. Біздің мемлекетіміз бұрын Кеңес одағының құрамында болып келді. Ол жүйеден шығып, өз алдына тәуелсіздік алған тұста бірден дамыған елдердің ұстанымындай талаптарды қоя алмайтыны белгілі. Ол кезде көзқарас басқа болды.. 2007 жылы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер енгізілді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілерде кәсіби сарапшылардың талдауынан өткізіледі. Дамыған елдердің бірінде мынадай бір бап бар екен деген ұрандаған пікір бойынша кез келген толықтыруды енгізуге болмайды. Өйткені, халқымыз айтқандай, “әр елдің салты басқа”. Енгізілетін толықтыру қоғаммен, халықпен байланысты болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Ең бастысы, кім екеніне қарамастан, әр адам Конституция қағидаларын қатаң сақтауға міндетті. Біздің бәріміздің заңды білуіміздің маңызы зор. Ал оларды орындауымыздың маңызы одан да зор. Онсыз біздің өркендеген мемлекет орнатамыз, елімізде тәртіп орнатамыз деген ниетіміздің бәрі бекер. Мемлекет құру ісі – үздіксіз процесс, ол мемлекет канша өмір сүрсе, сонша уақыт жүргізіле бермек”, – деген сөзі ойымызды дәлелдей түседі.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты