ЕСКЕРТКІШ Қарапайым өңді, кең жауырынды, қолдары сүйел” деп таңдағаны зауыттың бас есепшісі болып шығады... Бас есепшінің қаланың қақ ортасында тұруына зауыт дирекциясы бірден қарсылық білдірді. Оның үстіне ол жарықтық есеп-қисаптан мүлт кетіп, ісі әне-міне сотқа тапсырылмақ екен. Таңдауға дирекция өзі кірісіп, еңбек көрсеткіші тәуір деген екі адамға тоқталған екен, оның бірі...
КЕЛІСІМ
Жылдың алғашқы күні: – Әй, Қапан! Сенің басыңда ми емес, Топан! – деді. Әкесі ұлына, Жеп қоярдай жұлына. Жасың болса отызға толды, Сендейлер қазір, Бес-алты баланың әкесі болды. Сенің бар білетінің, Тапқан таянғаныңды ішу, Содан соң айына бір рет, Айықтырғышқа түсу. Атышулы алқаш болдың, Мені де әбден сордың, Жөнге саламын деп, Қияли болдым. Ойбай, жүрегім! Осыдан өлем, білемін, Өзімнен бұрын құртайын, – деп, Келген жылды тойлап, Тәлтіректеп тұрған ұлын, Әкесі салып қалды. Одан әріге шамасы келмей, “Приступы” ұстап, Талып қалды. – Әке, – деді ұлы, Қайғырма бекер, Босқа берекең кетер, Тапқан табысыма “бірдеңе” әкеліп едім, Бөліп ішейік, басыңды көтер... Талып жатқан әкесі – Басын көтеріп алды, Ұлының “жомарттығына”, Қайран қалды: – Е, бәсе, Өстіп, үйге де қарайласу керек қой, Бәрін түсінесің, Жоқ емес сенде ақыл-ой! Бірін-бірі мақтап, Жылдың алғашқы күні “Ырыздықтарын” бөлісті, Әкесі мен баласы, Осылайша келісті.
Тұрлыхан КӘРІМ, Талдықорған.
КӨКСАУ КӘСІП
Өз басым қазіргі кәсібіме біржола ынты-шынты кіргіздірткен сол бір күнге ризамын. Сол күні, яғни жылдың соңғы күні ұнатып қалған қызымды қыдыртып жүріп тәуір дәмхананың төрінен бір-ақ шығардым. Содан тапсырыс беріп талтайып отырып, қызыма небір қызық-шыжықты айтып езу жиғызбай отыр едім, бір мылқау келіп бір жапырақ қағаз бен бір-екі зат әкеп, үстеліміздің шетіне қойып кетті. Әлгіге қызым көз жүгіртіп өткен соң алып қарасам, мүгедек жан мүсәпірлігінен хабар беріп жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық өтініпті. Ондағысы – қағаз үстіндегі қалам мен шырпыны сатып алсақ болды екен...
Ойланбастан қағаз үстіне екі есе құнын қойып қаламды қызыма, шырпыны өзіме бұйырттым. Мылқауым иіліп-бүгіліп ризашылығын білдіріп кете барып еді, бір көксақал көкем келіп қарсы отырды да, әйда кеп қолындағы ойын картасымен бал ашып бақылдасын кеп. Айтқандарына ауыз ашып, көңілімізге көктем орнап, көлдей асып-тасыппыз... Көксақал көкемнің көріпкелдігіне берерімді беріп “е, жарайды” деп желпінген шақта қолында “әзір-мәзір” фотоаппараты бар балаң жігіт “Қалайсыздар?” деп қарсы кеп тұр... Іле балаң жігіт жіті қимылдап жарығын екі-үш мәрте жарқ-жұрқ еткізіп еді, әзір-мәзір суретіміз алдымызда жатты... Ішімнен “пәлекеттер-ай-ә!” деп, оларға кеткеннің есебін бір тиянақтап, бұнымды ылдым-жылдым ұмытып, бикешімді биге шақырдым. Бидің түбін түсіріп желп етіп жайғасқанымыз сол, ортамызға қауға сақал тағы бір көкем келіп отырды да, басындағы тақиясын түзеп, қолындағы таспиығын тартқылаған күйі: “Бақыттың бағы алдарыңда. Бақыт құсы бүгін-ертең қонады!” дей келіп, соңын ет жүрек еңіретер батамен бітірді... Елжірегені сонша, қыз қапшығын қарманып жатыр екен, дереу алдын орап елгезектік таныттым. Не керек, биден буын босап, ішімдік “сырдың суын сирағымнан келтірмей” отырғанымда, бір бикеш бума гүлін көтеріп келе қалмас па. Алып беріп арқа-жарқа болдық... Өстіп отырып қызды-қыздымен оркестрге тапсырыс беріп едім, қызымның атын атап ойнап кеп берсін. Сөйтіп, көлдей көсіліп отыр едік, бір апай баласымен келіп жанымызда тұрып сыбызғысын сызылтсын-ай кеп... Біреуін бітіріп келесісін күйлей бастағанда, ес жинап есеп айырыса қойдым...
Не керек, осындайлардың тағы екі-үшеуі еміс-еміс есімде, бәрін базарлы етіп, жылдың соңғы күні дәмхананың “құрметті қонағы” боп кете барыппын. Ертесінде есеңгіреп жатып кешегіні көз алдыма көлбеңдете есептеп көрсем, көлденең келіп “қызмет көрсеткендерге” дәмханаға төлегенімнен көп есе шығынданыппын. Содан кешегі қилы-қилы “қызметтер” отырсам ойымнан, тұрсам тұла-бойымнан кетпей, “сатып алған” ауру болып жабысқаны... Сөйтіп, аурудан айығу керек, ары ойлап, бері ойлап, мен де жылдың алғашқы күні дәмханадан кәсіп таптым... Кәсібім – көңілі көктем үстелге барып “Жүз бір анекдот” атты жұқа кітабымды ұсына қоям да, көңілдері қош көргендерге таңдаған тақырыбына орай анекдотты майын тамыза суша сапырамын...
Мағжан ДАНИЯР, Алматы.
ЕСКЕРТКІШ
Қаланың қақ ортасына тек қара жұмысшының пішінін бейнелеген нән ескерткіш орнату керек деп шешім шығарылыпты. Қаладағы бірден-бір зауыт болғандықтан қойылар ескерткіш адамын бізден таңдау бұйырылыпты. Бұған дейін талай жұмысшының мүсінін бейнелеген мүсінші бізге келіп аралап көріп, “Мына кісінің келбеті келеді екен. Қарапайым өңді, кең жауырынды, қолдары сүйел” деп таңдағаны зауыттың бас есепшісі болып шығады... Бас есепшінің қаланың қақ ортасында тұруына зауыт дирекциясы бірден қарсылық білдірді. Оның үстіне ол жарықтық есеп-қисаптан мүлт кетіп, ісі әне-міне сотқа тапсырылмақ екен. Таңдауға дирекция өзі кірісіп, еңбек көрсеткіші тәуір деген екі адамға тоқталған екен, оның бірі ішуден аты алға кетіп, не керек, таңдаулары маған тоқтапты. Сөйтіп, мүсінші басыма кепкі кигізіп, қолыма қайла ұстатып екі ай әуреленіп еді, бір нәрсе бітірген болды. Қарасам, менің де сұлбам ұқсайды, әсіресе, кепкі мен соққыны айнытпай жасапты. Бітіргенін қоладан құю үшін арнайы зауытқа әкетіп, ескерткіштің ашылу салтанаты металлургтер күніне белгіленді. Содан металлургтер күні жақындап, ескерткіш жөнінде газеттер жазып, радио айтып, оның ашылуына орталықтан лауазымды адамдар да келетін болған... Құдай ұрып, тақаған күні “Ескерткіш дайын емес, қола жетпей қалыпты” деген хабар жетсін. Не керек, мені тиісті орын шақырып: – Ескерткіш дайын емес екен, мұнда біз ақылдаса келіп, ертең сол ескерткіштің орнына өзіңіз тұрасыз деп шештік – деп қайдағы жоқты тақап, көнбесіме болмады. Амал жоқ, басшылықты тыңдап өскен бас тұғырға тұрып, мүсінші үсті-басыма қола түстес бояу жағып, қолыма қайла беріп, басыма кепкі кигізіп, үстімді жапқышпен жауып қойды... Содан ел-жұрт түскі он екіде жиналып, шешендер сөз сөйлеп, оркестр ойнап барып жапқышымды сыпырды дейсің... Қадала қарап қызықтаған ел: –Семеновты айнытпай салыпты. – Тірісінде ескерткіші бар Семенов бақытты, өзі көрінбейді, келуге ыңғайсызданған болар, – деп жатыр. Көріп тұрмын, бәрі-бәрі “айнытпай салыпсыз” деп мүсіншіні құттықтап жатыр... Тамашалап ел кетті, төбеден өткен ыстық мынау... Не керек, шыдап, қараңғы түсісімен тұғырдан түстім. Үйге келіп, аһылап-үһілеп екі-үш кесе шайды сораптағаным сол, басекең келіп: – Тастай қашқаның не, дереу барып тұр! – дейді. – Темір емеспін, тірі пендемін! Күндіз тұрайын, түнде орнымда басқа біреу тұрсын, – деп, теректей құлап қорылға кеттім. Олар да ақылға келіп, түнде біреуді тұрғызыпты, ертесінде өзім барып қайта тұрдым. Содан екі күн, үш күн өтті – анау ескерткіштен хабар жоқ... Бесінші күні алдыма кеп пионерлер құрметті қарауылға тұрғаны... көресіні атаңа нәлет кептерлерден көрдім-ау. Түн түсіп көз байлана басекеңе барып: – Күні бойы дәм татпай тұру қиын, әсіресе, шөлге шыдай алар емеспін, – деп мұңымды шағып едім, ертесінде ескерткіш маңын сыпырып-сүртуге әйелімді қойып тәуір болды. Сүрткен болып жүріп су ұрттатады... Бұнысын қарауылда тұрған бір пионер байқап қалған екен: – Не, ескерткіштің ауызының қимылдағанын көрмеп пе едің! – деп едім, “Әрқашан дайынмын!” деп қолын шекесіне апара қарауылын тастай қашып ол кетті. Бір күні жұмыстағы Витюха келіп, қызулау: – Осылай тұра бересің бе, жүр сыра ішейік, – деп қылжақтайды... Көз алдыма көбікті салқын сыра келіп жұтынғанмен, беріспей: – Сен бұл тұрысымды түсінуші ме едің, жоғал әрмен! – деп қуып жібердім. Әр күн сайын алдым босамайды. Экскурссияға келгендер де тамашалайды. Отау құрғандар да тағзым етіп гүл шоқтарын қояды. Ал нағыз ескерткіштен әлі хабар жоқ... Жауында тұрып қатты тұмауратып едім, түнде дәрігер майлап-сипап, күндіз тұрған қалпымда үш мезгіл инесін пісіп кетті... Не керек, етім үйреніп, қызметтегі айлығым өсіп, жанымдағы әйелім екі жерден еңбекақы алып, тірлігіміз тәуірленгендей болды. Ішімнен ойлап та қоямын: “Несі бар, тұра берейін. Еңбекақым өсіпті. Әйелімді де жарылқады. Мұнда ел-жұртқа сыйлысың. Иіліп сәлем етеді. Қойғандары бума-бума гүл”. Осы оймен одыраңдап, бұрынғыдай бұлқынуды қойып, “қызметіме” жауапкершілікті күшейте, ескі жылды шығарып салып, ертесінде барсам, түнімен нағыз ескерткішті әкеп орналастырып қойыпты... Ішім ашып, басым салбырап жұмысыма кеттім.
Аударған: Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.