• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2011

Қасым ЖӘКІБАЕВ

1141 рет
көрсетілді

Барлық ғұмырын қазақтың театр және кино өнеріне сарп еткен Қазақ­стан­ның халық әртісі, «Парасат» орде­ні­нің иегері Қасым Әбекұлы Жәкібаев 82 жасына қараған шағын­да дүниеден өтті. Қазақ өнері тағы бір жампозынан айырылды. Сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі өнер жұлдызы Қасым Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жам­был ауданы, Қарғалы ауылында дү­ние­ге келген. 1944-1948 жылдары Ал­ма­ты көркем­сурет училищесінде білім алды. 1948-1984 жылдар аралығында балалар мен жасөспірімдер театрында, 1984-1994 жыл­ға дейін “Қазақфильм” киностудия­сын­да актер болып қызмет атқарды. Бұ­дан кейін өмірінің соңына дейін алғашқы еңбек жо­лын бастаған Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жас­өс­пірімдер театрында қызмет етті. Қасым Әбекұлының театрда алғашқы ойнаған рөлі А.Толстойдың “Алтын кілт” ертегісіндегі мысық Базилио бо­ла­тын. Содан бергі уақыт ішінде актердің шеберлігі өнерсүйер қауымның көз алдында биіктен биікке өрлеу үстінде болды. Отандық, шетелдік қойылымдар қата­рын­да ол сомдаған бейнелер: «Алтын сақада» – Сарман, «Есірткен еркеде» – Марат, «Ыбырай Алтынса­рин­де» – Жақай, У.Шекспирдің «Гам­ле­тінде» – Полонии, Ф.Шил­лердің «Зұлымдық пен махаб­ба­тында» – Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Қайрақбай, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдыда» – Бүкір, Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан-Есенейінде» – Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» – Шыңғысхан, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырында» Же­ңісбек, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілемінде» – Сайтан, Островскийдің «Жылы орынында» – Юсиф, Қ.Мұха­мед­жа­новтың «Қуырдақ ертең дайын» туындысында – Ережеп – осылай жалғасып кете береді. Болмысы бөлек, бітімі ерен, өнердегі өлшемі өзіне ғана тән халық әртісі 200-ге жуық рөлдерде ойнаған еді. Қасым Жәкібаев сонымен қатар, кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер болатын. “Дерсу Узала”, “Жансебіл”, “Қан мен тер”, “Үшеу”, “Дәнекер”, «Сұ­ра­пыл сұржекей», «Шоқ пен шер», “Отырар”, “Махаббат бекеті”, “Тоғысқан тағдыр­лар” фильмдеріндегі ол жарқыратып шы­ғар­ған рөлдер – кино өнерінің тарихында қалары шүбәсіз. Қасым Жәкібаев!.. Оның актерлік бол­мысы қазақ сахнасында бұрын-соңды бо­лып көрмеген өзгеше бір құбылыс екендігі сөзсіз. Өнер әлемінде ол сомдаған алуан бейнелерді театр мамандары талдағанда талантына бас иіп, тумысынан дара жара­тылғанын тілге тиек етумен келеді. Қай кезде, қандай сәтте, қандай жағ­дай­да көрсең де Қасым ағамыз: “Мен бір жұм­бақ адаммын, оны да ойла!” деген, Абай­дың ойлы сөзін айтушы еді. Сынай қарап, сиқырлы сөзі­мен буып алатын. Қысық көзі­нің өзінде ұшан-теңіз сыр жататын. Өнер тарланы бірде дана, бірде бала еді-ау! Жалт еткен жанары атақ пен даңққа күпініп, өзін-өзі тіпті, өз кейіпкерін ұмытқандай болып, дүйім жұрттың төбесінде бұл­ғақтап жүрген кейбір мейманасы асқан, өзімшіл де тәкаппар актер­лердің сұсын басып жіберуші еді. Жай ғана езу тартып тұрып, талайды тәубесіне келтіретін. Қазақ өнерінің қайсар ұлы, қарымды қайраткері Қасым Жә­кі­баев бейнесі кейіпкер кейпінде жылдармен жаңарып, ғасыр­дан ғасырға жалғасып, ұлтымен, ұрпағымен жасай береді. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы.   Өнердің алтын уығын қадаған жан Бүгін біздің театр ұжымы могикан­дар­дың соңғы тұяғын ақтық сапарға шығарып салады. Театрға алғаш келген кезімде мен 20 жаста едім, аға 32 жаста болатын. Теат­ры­­мыз 65 жасқа толса, бұл кісі бүкіл ғұмы­рын осы театрға арнаған адам. Театрды бір адам сүйді десе, ол – Қасым аға деп айтар едім. Ол кісі театрмен өмір сүрді. Кино деп өмір сүрді. Қасым ағаның өмірде көрген қи­ыншылығы өте көп еді. Осы жасқа жеткізген Алла тағаланың берген күш-қуаты болар, ол кісінің ұлы Кеңес Одағының идея­­сын ашық сынағаны үшін мерт бол­ғанда да, сондай трагедияны сахнада білдірмей, ел алдында өз өнерін кемел ойнап жүретін. Рухы құрыш алып еді... Қасым ағамен 50 жыл бір сахнада ой­надық. Алғашқы қойылымымыз Шахмет Құ­сайыновтың «Рабиға» пьесасы болатын. Сол кезде мен өз рөлімді ұмытып кетіп, Қасым ағаның ойынына қарап отыра­тын­мын. Өйткені, мұндай таланттар жүз жылда бір туатын нағыз дарын иесі еді. Қасым аға біздің театрдың алтын уығын қадаған, театрды биікке көтерген жан. Он­ың өзі де осы өнер ордасының алтын дің­ге­гіне, алтын қазығына айналды. Амал нешік. Алланың ісіне не шара. Тілеуіңіз қандай ақ еді. Осынау Рамазан айында ұзақ сапарға аттанып барасыз. Ағамыздың алды жарық болсын дейміз. Ол кісінің орны ешқашанда толмайды. Қош бол, аға! Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз жолдас болсын!.. Роза ӘШІРБЕКҚЫЗЫ, Қазақстанның халық әртісі.   Өмірі тек қана өнерден тұратын кісі еді Қазақ сахна және экран өнерінде Қа­сым Жәкібаевша ойнау мәнері қалып­тас­қан деуге болады. Ол не? Ол актердің өзіндік келбеті, өзіндік еркін көсілу, еркін ойнау, еркін шертілу белгілері деуге бо­лады. Ол қай рөлде болмасын, қағын­ды­рып, соғындырып, серпінді іс-әреке­тімен көрінеді. Жеті жасар баладан, жетпіс жас­тағы қарияға дейінгі аралық Қасым Жәкібаевқа бәрібір саналатын. Оның ішкі бай жан дүниесі, мол эру­ди­циясы, зерек интуициясы, парасат-пайы­мы, білгірлігі, көп оқығандығы, көңіліне тоқығандығы, рөлдердің кез-келгенінен айқын сезіліп жатушы еді. Актер менің ұғымымда екі жүрек иесі. Бірінші – оның өз жүрегі, екінші – кейіпкерінің жүрегі. Бүгін аса суық хабар естіп отырмын, актер жүрегі тоқ­таған екен. Бірақ оның кейіпкерлерінің жүрегі мәңгілікке соға беруге тиіс. Қазақ кино­сында, қазақ театрында ол жасаған образдар халқымыздың рухани, мәдени қорына зор үлес болып қосылғаны бек ақиқат. Образ демекші, бүгінгі күндерде образ жасау салты сахнада, экранда әлсіреп ба­ра­ды. Міне, осы осал тұста­рымызды то­лық­тыруда Қасым Жәкібаев­тың ерен шеберлігі көрерменнің көз алдында. Хал­қының жадында. Ол образ жасаудың қас шебері еді. Ел-жұрттың жадына қорға­сын­дай құйылып қалушы еді. Ел-жұрттың көкейінде түйіліп қалу­шы еді. Қазіргідей қайсыбір актерлері­міздің ор­ын­дауындағы сылдырқайрақ, жылтырақ, сырттай әше­кей­ге оранған рөлдер емес, Қасым Жәкі­баев жасаған бейнелердің бояуы қашанда қанық, һәм пси­холо­гиялық, эмоциялық жағынан жұп-жұмыр, арнайы халыққа лайық­тал­ғандай шына­йы шығушы еді. Ол күл­діргі рөлдерді көп кескіндеді. Соған қа­рап біз оны комик актер деп  бағаладық. Ол шын мәнінде кей­іпкерлердің траге­диялық хал-күйін келістіре мүсіндеуде де алдына жан салмаған суреткер. Көп сөзге жоқ, істің адамы еді. Өмірі тек қана өнерден тұратындай кісі еді. Биік интеллект, шалқар білім, батыс-шығыс, орыс әлеміндегі орасан жаңа­лық­тарды жүре­гімен сезіндіруші еді. Қай­тесіз, ажалға араша жоқ, оның дауасы да жоқ. Пенде біткен шарасыз, әйтсе де Шә­кен аға­сынан, Бәйділда ағасынан, Қалеки аға­сы­­нан, шүкір деп сөйлейік, ұзағырақ ғұмыр кешті. Сексеннің сеңгіріне шы­ғып, тоқ­санға бет алған тұста сергек жү­рек сертінен тайып, ғажайып актер Қа­сым Жәкі­баев мерт болыпты. Мүсірепов театры­ның аяулы ақсақалы, халқы­мыз­дың біртуар перзенті, талантты сахна және экран шебері Қасағамның топы­рағы торқа болғай! Алла тағала алдынан жа­рыл­қасын. Соңына зор рухани мұра қал­дырған елгезектей еңбекқор актердің мәңгілік бейнесі ол жасаған рөлдерде оның керемет шеберлігін тамашалаған көрермендердің жа­дын­да. Енді Жәкібаев әлемін тек оймен ғана шолуға мәж­бүр­міз. Өлім ойлан­ды­рып тастады. Қадір­мен­ді актеріміздің орны толмас қашанда. Ба­құл бол, Қасаға! Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.   Қайталанбас қасекең Иә, қазақтың хас тарлан талант­тарының бірі Қасым ағам көз жұмды. Қайран Қасекемнің жастық шағы есіме түсті. Біз ол кезде бұрынғы Калинин мен Коммунистік проспект бұрышындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратында жұмыс істеуші едік. Қасым аға қазақтың жастар театрының тұңғыш актерлерінің бірі еді. Біздер театрға келгенде, 70-ші жыл­дарда Қасекең жайнап тұрған жалын, ла­пыл­даған өрт болатын. Бетіне жан қарат­пай­тын. Тәртіпті әрі тәкаппар әртіс еді. Қасе­кең сол кезде актерлердің ішінде интеллек­туалды, оқығаны мен тоқығаны мол, білмейтін бәлесі жоқ, көргені көп әртіс еді. Ізденімпаз еді. Образды жасағанда, режиссер айтқанымен емес, өз түсінігімен, өзінің рөлге авторлығының арқасында бейнелер жасайтын. Мен ол кісіменен Сәбит Мұ­қановтың «Ботагөзінде», Бейімбет Майлин­нің «Шұғасында», Шахмет Құсайыновтың «Сертке сертінде», Қалтай Мұхамеджанов­тың «Өзіме де сол керегінде», Әнуар Әлім­жановтың «Махамбеттің жебесінде», Мұс­тай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» қойы­лымдарында және де басқа көптеген пьесаларда әріптес болып жұмыс атқардым. Әр­бір рөлін біріне-бірін ұқсатпайтын, еш­қа­шан да қайталамайтын, тұлғалы актер еді. Қасекеңнің қол шеберлігі аса таң қал­дыратын. Дайындық үстінде қай-қайдағы ағаштарды тауып алып, бәкімен ойып, бо­ла­шақ образының кескінін салып отырушы еді. Иә болмаса, газеттің шетіне болашақ об­ра­зына керекті детальдарды сызып қоюшы еді. Ағаның күлкісі баладай таза-тын. Күл­ген кезде, айтайын деген сөзінен өзі бұрын күліп, өзін өзі тоқтата алмаушы еді. Әңгіме айтқанда майын тамызып, шегіне жеткізіп, шеберлікпен айтушы еді. Біз асыл ағаға: «Сіз қазақтың Ираклий Андронниковінің өзісіз», дейтінбіз. Достыққа өте берік адам еді. Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Ес­ен­­құлов сынды театр әртістерімен дос­ты­ғы­на таң қалатынбыз. Өзі үшін емес, өзге үшін бәйек болып жүретін тынымсыз жан еді. Енді, міне, тынымсыз жүрек тоқтады. Қа­сым ағам қазақ театры мен киносында таза­лықтың, ізденімпаздықтың, жанкешті­лік­тің символы ретінде ұлы тұлға болып қала бермек. Қош, қадірмендім, топырағың торқа болғай! Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы  академиялық драма театрының директоры – көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.   Өнегесі өлмейді Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшы­рады. Қайран Қасым ағамыз 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Артында өлмейтін мұра қалдырды. Қарияның ойнаған рөлдерін атап шығу­дың өзі біраз уақытты алар еді. Ол үшін қызмет еткен театрдың барлық репертуа­рын атап шығуға тура келеді. Қасекеңнің кинодағы еңбегі бір төбе ғой. «Дерсу Узала», «Жансебілдің» өзі неге тұра­ды! Тек осы фильмдердің өзімен-ақ ол өнер тарихында қалады ғой. Біз әрқашан оны жоқтаймыз. Сонда оның қалдырған өнеріне жүгініп, сағыны­шы­мызды басамыз. Келешек ұрпақ та, қазақ өнерінде осындай ұлы тұлғаның болғанын, оның сол мұрасын көріп білетін болады. Оның өнері ешқашан да өлмейді, заманмен бірге жасай береді. Бірақ адам үшін ғұмыр шектеулі. Қасе­кең өмірден өтті. Оның бақилық өмірі, екінші өмірі басталды. Топырағың торқа бол­сын, нұрың пейіште шалқысын, аяулы азамат, өнер тарланы! Талғат ТЕМЕНОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры – көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.