Астананың іргесіндегі Нұра ауданының орталығы әлі Киевка атауынан арылмай келе жатқанымен затында жаңару бар екендігі аңғарылады. Тәуелсіздікпен бірге түлеген қазақы қалыптағы бейнесі ерекшелене түсуде. Аймақтың ең әдемі елді мекені екенін айғақтайтын кесін-келбетін соңғы жылдардағы ұлттық нақышты сәулеттендірулер одан сайын жарқыратып, көз тартқызады. Солардың қатарында киіз үй үлгісінде дөңгелентіп салынған қымызхана ғимараты сыртқы көркімен де, ішкі сәнімен де бөлек көрініп тұратын болды.
Бұл жергілікті жұрттың көптен бергі тілегі еді. Бір уақ Құланөтпес шөбі мен суының иісі аңқыған сары қымызды сапыртып, әңгіме-дүкен құрып, баяғы бабалардай көңіл желпінту енді соны қалаушы жанға жеңіл. Изенді аулынан күніне жеткізіліп тұратын қасиетті сусын мен жеңсік тағам түрлері қолма-қол келушілер алдына тартылады.
Осындай орынды алдында өздерінде ашқан «Отқанжар» ЖШС жетекшісі Қанат Отарбаевтың аудан орталығында да біреуінің уығын тігу ойда жүрген мақсаты болатын. Сәті түсіп, елдің мерейлі мерекесі жылындағы сый ретінде ұсынылуы тұрғындарды сүйсінтті.
Астана мен Қарағандыға шығаберіс көше төріндегі ақ отауда жыл бойы қымыз үзілмейді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды облысы.