• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2011

Тиімді жобаларға жол ашық

360 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі принциптерінің негізінде аймақтарды дамыту мен бизнесті қолдаудың ықпалды құралына айналып отыр. «Ақтөбе» ӘКК өз қызметін бастағаннан бергі аралықта облыста 20 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Оларды жүзеге асыруға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан 2,1 млрд. теңге бөлініп, өндірісті дамы­туға жалпы көлемі 3,1 млрд. теңге инвестиция салын­ды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен «Ақтөбе» ӘКК» акционерлік қоғамын дамыту мәселелеріне байланысты кеңесте кеңінен сөз болды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кеңесте «Қазхром» компаниясы» АҚ, «Батыс калий», «Ай Эр Джи Қазақстан», «Юбилейное», «Кеңдала Батыс» басшылары облыс аумағында пайдалы қазба­лар­ды іздестіру мен өндіру жобаларының жүзеге асырылуы туралы хабарлама жасаған. «Батыс-Геология» ЖШС бас геологы Юрий Тимофеев қазба бай­лығын пайдалану қызметіндегі бірлескен жоба­ларға тоқтала келіп, облыс аумағындағы геологиялық барлау, жаңа кен көздерін іздестіруде өзекті мәселелердің бар екенін жасырмады. Сондай-ақ, кеңесте үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясын­да жүзеге асырылып, «Ақтөбе» ӘКК тұсауын кескен жеті жоба жайы да айтылды. Оның төртеуі үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында іске қосылды. «Нефтегазстройизоляция» ЖАҚ басқармасының төрағасы Александр Иткин металл құрылымдары, лифтілік шаруашылық өндірістеріне байланысты жобалар­ды жүзеге асырудың тиімділігі туралы әңгімеледі, ма­гистралды құбырлардың құрылыста­рын күрделі жөн­деуге байланысты кәсіп­орын құру жоспар­ларымен ой бөлісті. «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-тың төрағасы Серғазы Есембаев бұрынғы жүн жуу фабрикасы аумағында құрылған ірі сауда-логистикалық және өндірістік орта­лықтың жобасы туралы баяндады. Еуропа даму бан­кінің өкілі Сакалаускас Дайнюс ақтөбелік кәсіпкер­лер­дің белсенділігін және жүзеге асырылатын жобалардың ауқымды­лығын айрықша атап өтті. Ол аталған банктің қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысына, «Ақбұлақ» және «Трансэнерго» АҚ-тың құбыр желілерін қайта жа­рақтандыруға ұзақ мерзімге инвестиция­лық бағдарла­ма­ға қатысуға әзір екендіктерін жеткізді. Өңір басшысы қала және ӘКК басшыларына атал­ған жобаларды, оның ішінде қоқыстарды өңдеуге байланысты қазіргі заманғы зауыт құрылысын жүзеге асыру үшін өзге елдердегі зауыттарды зерттеуге тап­сырма берді. Ол барлық жобаларды зерделеп, Қазақ­станның индустриялық картасына ең таңдаулыларын енгізуге ұсыныс жасауды сұрады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,    Ақтөбе облысы.