• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2011

Баспананың бағы ашылар сәт

353 рет
көрсетілді

Үкімет         

      

                                                                                                                         «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылуда Баспанаң болмаса, бағың жанбайды. Құс екеш, құстың да ұясы бар. Ал, адам тұрағы болса, мына заманда ерекше мәнге, сәнге ие. Кереметті қараңыз, ару Астанада әлем­дегі озық елдердегідей, «ақылды үйлер» де салына бастады. Оның ғажабын көрген де, көрмеген де арманда... Десек те, мұндай баспаналар баршамызға бірдей жетпейді және кез келгеніміздің оны сатып алуға әзір­ге мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан, барды бағалап, қолдағыны қадірлеуіміз ләзім. Билік осыған бас болып, елдегі тұрғын үйлерді жөндеуге, жаңартуға ден қойды. Ресми статистикаға жүгінер болсақ, көп қабатты тұрғын үйлердің кем дегенде 32 пайызы күрделі жөндеуге мұқтаж. Бұл дегеніңіз, тығырыққа тірелудің аз-ақ алды. Шиыра айтар болсақ, мемлекетке елдегі тұрғын үй қорының үштен біріне күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, ойда­ғыдай жүзеге асыру міндеті тұр. Бұған ағым­дағы жөндеуді қажетсінетін көп қа­батты үйлерді де қосыңыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық­тың келесі бір көкейкесті мәселесі – жы­лумен қамтамасыз ету. Қазақстанда жы­луды тасымалдау кезінде оның 17 пайызы тұты­нушыға жетпей, жоғалады. Бұған әбден то­зығы жеткен коммуналдық жүйе­лер кінәлі. Неге десеңіз, оның 60 пайызы күрделі жөндеуді қажетсінеді. Статистика агенттігінің мәліметтеріне көз салсақ, Қазақстанның тұрғын үй сек­торы бөлінген жылудың бар болғаны 40 пайы­зын ғана пайдаланады. Бұған қоса, сарапшылар­дың есептеуінше, ғимарат­тарда­ғы жылудың өндірістік емес шы­ғындары 30 пайызды құрайды. Анықтап айтар болсақ, көшелерді жылытудамыз. Зерттеушілер өткен жылы анық­тағандай, республикада жылудың шы­ғыны жылына бір шаршы метрге 270 кВт., яғни еуро­палық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Жылдуды ысырап ету жағынан біз ТМД елдерінің алдындамыз. Олай болса, шығар жолы қайсы? Бұған жауапты Мемлекет басшысының 2011 жылдың қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауында тікелей тапсырма ретінде айтылған міндетке орай дайындалып, қабылданған Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығын жаңғырту бағдарлама­сынан табамыз. Елбасы биылғы Жолдауында да «Көпте­ген жылдар коммуналдық сектор қалдық ұстанымымен қаржыландырылып келді. Осының салдарынан 2008 жылда коммуни­кациялардың 72 пайызы жөндеуді немесе алмастыруды қажет ететін деңгейге жетті. «Жол картасы» аясында біз 2009-2010 жылдарда ТКШ нысандарын жөндеуге қатысты үлкен жұмыстар жүргіздік. Енді осы жұмысты жалғастыру парыз. Су, жылу, электр және газбен жабдықтау жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүр­гізіп, сондай-ақ, тұрғын үй қатынас­тарының тиімді үлгілерін құруды қам­тамасыз етуіміз керек», деп атап көрсетті. Осылай дей келе, Президент 2009 жылы құрылған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл құжатты Үкімет үстіміздегі жылдың сәуір айында қабылда­ды. 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарлама үш бағыттан тұрады. Бірінші, «Жол картасы» талабына сай жылу-электр және газбен қамтамасыз етуді жаңарту. Екінші, көп қабатты үйлердің жөнделуін қамтамасыз ету. Үшінші, ТКШ саласының тиімділігін көтеру. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мемлекеттік инженерлік жүйе­лерді жаңарту бюджет қаржысына және тарифтік реттеуге негізделген кәсіпорындар­дың инвестициялық бағдар­ламаларын іске асырудың есебінен жүзеге асатынын айта­ды. Жеке меншіктегі инженерлік жүйелерді жаңарту тарифтер есебінен орындалады. Тұрғындардың ком­муналдық қызметтерді пайдалануына жол ашатын жаңа инженерлік жүйелер құрылыстарын салу бюджеттік қаржы есебінен атқарылмақ. Кәсіпорындар­дың тарифтер есебінен қалыптасатын шы­ғын­дары 71 пайыз, яғни 452 млрд.теңгені құрамақшы. Инженерлік жүйелерді жаңар­туға бюджеттен 184 млрд. теңге бөлінеді. Оның республикалық бюджеттен бө­лінетіні – 166 млрд. теңге де, жергілікті бюджеттен бөлінетіні 18 млрд. теңге болмақшы. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтула­рын­ша, жөндеу жұмыстарын қаржыланды­ру мен сапасын бақылаудың, пәтер иелері, кондоминиум нысандарын басқарушы органдар мен жергілікті билік секілді рынокқа қатысушылардың баршасы үшін де барын­ша оңтайлы жобалар мұқият іздестірілді. Олардың арасында анағұрлым тиімдісі ретінде екі механизм дұрыс деп танылды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің департамент директоры Василий Масловтың сөзіне қарағанда, үйлерді күрделі жөндеуге бағыт­тал­ған бірінші механизм бойынша әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорацияларды капи­тал­дандыру үшін республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге трансферттер бөлі­неді. Бұл жағдайда ПИК пен ӘКК ара­сында шарт жасалады. Пәтер иелері жөн­деудің жалпы құнының 15 пайызы мөлше­рінде алғашқы жарналық төлем жасайды. Бұл қаржыны ПИК мердігер орындаған жөндеу жұмыстарына төлейді. ӘКК мердігерге жалпы жұмыс көлемі құнының 85 пайызына төлем жасайды. Осы бірлескен қаржыландырудың есебінен мердігер үйдің жөнделуге жататын көлемінің бүкіл жұмы­сын атқарады. Шартта белгіленгендей, пә­тер иелері көрсетілген мерзім аясында жинақтау есебінде ай сайынғы жарнаны аударып отырады. Жинақтау есеп-шотында қорланған қаржы орындалған жұмыстың төлемі ретінде ӘКК-ге аударылады. Тұр­ғын­дар тарапынан қайтарылған сома өзге үйлердің жөн­делуіне жұмсалады. Келешекте ӘКК рөлін екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы институттары, ТКШ-ның даму қорлары алатын болады. Бұған қатысты тұжырымдаманы Дүниежүзілік банк әзірлеуде. Екінші механизм бойынша тұрғын үйлерді ағымдағы жөндеу ісіне республикалық бюджеттен облыстық әкім­діктерге 7 жыл мерзімге 0,1% жылдық ставкамен несие ұсынылады. Қала әкімдігі мем­лекеттің 100 пайыз қатысуымен мамандан­дырыл­ған өкілетті орган – акционерлік қоғам немесе ЖШС құрады, болмаса қазіргі бар АҚ-тарды немесе ЖШС-ларды тартады. 2011 және 2012 жылдарда қала әкімдігі ЖШС-ларды капиталмен қам­тамасыз етеді. Келесі жылда­ры оған әкімдік несиелер бере бастайды. Тапсырыс беруші саналатын ПИК пен аталған ЖШС өзара шартқа оты­рады. Пәтер иелерінің жалпы жина­лы­сы­ның келісімімен ЖШС жөндеу жұмыстарын атқара­тын қосымша мердігерлерді жинай­ды. Бір сөзбен айтқан­да, ЖШС өз күшімен және қосымша мердігерлерді тарту негізінде жылжымайтын ор­тақ мүлікті жөндеудің барша шаруаларына кіріседі. Тұрғын үйлерді жөндеудің аталған механизмдерін жүзеге асыруда мемлекет тұрмысы төмен азаматтарды да ұмыт­пайды. Табыстары аз зейнеткерлер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне кондоминиум нысан­дарына қа­райтын жал­пы мүліктерді жөндеу мен жарналарды жинауға кететін шы­ғын­дарды өтеу үшін атаулы тұр­ғынүйлік жәр­демдер көрсе­тіледі. Бұл мақсатқа Үкімет рес­публикалық бюджеттен алдағы он жылда 109 миллиард теңге бөлмекші. Тұрғын үйлерді жөндеу бюджеттік қаржыларды пай­дала­нуды көздейтіндіктен, олардың қайтарылуын қам­тамасыз ету мақсатында 2011 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының қол қоюымен «Тұрғын үй қатынас­тары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Дегенмен, қабылданған бағдарлама­лар мен құжаттарды пәтер иелерінің қол­дауынсыз, яғни сіздер мен біздерсіз жүзеге асыру қиынға соғады. Жасыратын не бар, жылжымайтын ортақ мүліктерді бабында ұстап тұруға кететін шығындарды төлеуге қатысқысы келмейтін азаматтар арамызда баршылық. Қолданыс­тағы заңдарда негізінде оларды сот арқылы төлетуге мәжбүрлеу де қарастырылған. Мәселен, 2010 жылы басқару органдары­ның талап-арыздары негізінде жылжымай­тын ортақ мүліктерді жөндеуге жұмса­латын жарналарын төлеме­ген пәтер иелерінен 350 миллион теңгеден астам сома сот арқылы өндіріліп алынды. 2011 жылы республиканың барлық облыс орталықтарында көп пәтерлі тұрғын үйлерді терможаңарту жұмыстары қолға алына бастады. Бұл дегеніңіз, төбені, кіреберістерді және ғимараттың іргетастарын жөндеу деген сөз. Осы шаралардың арқа­сында ғимараттың жылуды пайдалануы кей жерлерде екі есеге азайды. Осыдан барып коммуналдық қызмет­тер үшін жасалатын төлемдер ғана емес, жылу ресурстарының шығыны да қысқарды. Республикамыздың тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы саласындағы жаңа қатынастар үлгісін құру мен бірлесе қаржы­ландырудың арнайы тетіктерін жасау арқылы алдағы он жылдың аясында елдегі 11 620 көп қабатты тұрғын үйлерді жаңартуға болады. Сонда күрделі жөндеуді қажетсінетін нысан­дар­дың үлес салмағы 2015 жылы 32-ден 22 пайызға төмендейді. Одан соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш тағы да 10 пайызға азаяды. Жалпы алғанда, республикалық бюджеттен он жылдың ішінде тұрғын үй-коммунал­дық саланы реформалауға 533 миллиард теңге жұмсалмақ. Осы жұмыстар арқылы он жылдан соң елде 11 600 көп қабатты тұрғын үй жаңарып, жасарады. Смағұл РАХЫМБЕК, журналист. Астана.