Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астанадан шыққан «Менің Қазақстаным» арнайы пойызын кеше Арқалық вокзалында қала жұршылығы салтанатты жағдайда күтіп алды. Арқалыққа атбасын бұрған халықты құттықтаған қала әкімі Теміржан Төлеубаев ел егемендігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген шаһардың 55 жылдық мерейтойының қарсаңындағы «Нұр Отан» ХДП мұрындық болған игі бастамаға ризашылығын білдірді. Құрамында есімі елге белгілі әнші-сазгерлер – Алтынбек Қоразбаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Сембек Жұмағалиев және әйгілі «Гүлдер» ансамблі, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов секілді спорт саңлақтары бар делегацияны жергілікті жұртшылық асқан қонақжайлылықпен қарсы алды.
Арнайы шарадан соң «Менің Қазақстаным» арнайы пойызының «жолаушылары» өз жұмыстарын бастап кетті. Вокзал ғимаратында әуелі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Ернар Мырзақұлов тұрғындармен жолығып, олардың талап-тілектері мен денсаулығына қатысты өзге де сұрақтарына жауаптар берді. Арқалық қаласына қарайтын ауылдық округтерден де кеңес алуға келген халық қарасы мол болды.
Мұнан кейін «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалындағы қабылдаулар да қарапайым халықтың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектеріне арналды. Мұндағы халықтың санында да есеп болмады. Түрлі мәселелермен кезек күткен жұртшылыққа партияның орталық аппаратынан келген өкілдер өздерінің тұшымды кеңестерін беріп отырды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына дейін Арқалықта атқарылған және атқарылуға тиіс жұмыстар көңіл қуантады. Мәселен, соңғы бес жылда бес тұрғын үй кешені пайдалануға берілсе, жуырда мерзімінен бұрын жаңа тоғыз қабатты, елу төрт пәтерлі тұрғын үй өз иелерін таппақшы. Олардың ішінде бұрынғы пәтер кезегінде тұрғандар мен жас мамандар бар екен.
Кешкісін қала халқы орталық «Наурыз» алаңында «Менің Қазақстаным» арнайы пойызымен жолға шыққан еліміздің эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, ерекше көңіл күймен тарасты.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Суретті түсірген Виталий САЯПИН.