ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛА МА?
Жаңа басталған жылға үміт үлкен. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жылды ядролық қарусыздандырудың басы санап отыр. Жұрт бұл мәселе осынау қарудың көп жинақталған жері АҚШ пен Ресейдің ықтиярымен ғана шешіледі деп есептейді.
Ал ядролық қару тек сол екі елде ғана емес, Ұлыбритания, Франция, Қытай да ядролық державалар. Олардың қатарына Үндістан мен Пәкстан да қосылды. Израильдің де ядролық оқтұмсықтары жетерлік деген сөз айтылады. КХДР-дағы ядролық бағдарламаға қатысты әңгімеден жұрт шаршаған. Олардың өздері қаруымыз бар деп қорқытады. Көп адам оны жай қорқыту деп күдік білдірсе де, егер ол шындық болса, қайтеміз деген қауіп талайлардың ұйқысын қашырады. Ал бұл қаруға әзірге ие бола қоймаған Иранның ядролық дақпырты бәрінен де қорқынышты.
Сөйтсе де осынау қаруды қысқарту, оған тосқауыл қою, жалпы ядролық үрейдің қыспағынан құтылу шын мәнінде жоғарыдағы екі елдің қолында деген сөздің де жаны бар. Кезінде осы екі ел жаппай қарулану жөнінде жарысқа түсіп, Жер шарын төңкеріп жіберетіндей қару қорын жасағанда, олар ешкімге сендер қоя тұрыңдар деп айта алмады. Тіпті өздерінің одақтастарының да сондай қаруға ие болғанын іштей құптаған да болар.
Енді сол қарудан құтылудың жолы да осы екі елге барып тіреледі. Ең алдымен олар біз осылай қаруларымызды қысқартып жатырмыз, сендер де солай етіңдер десе, олардың сөздері де өтімді болары анық. Тіпті қажет болған кезде өздерінің қарулы әлеуетін алға тоса отырып, басқаларға талап та қоюға мүмкіндіктері бар.
Кезінде ядролық қаруды шектеуге нақты қадам да жасалғаны белгілі. КСРО-ның күйреуі қарсаңында сол елдің соңғы басшысы Михаил Горбачев пен АҚШ-тың сол кездегі президенті үлкен Джордж Буш “Старт-1” келісіміне қол қойған болатын. Олар өз қаруларын қысқарта отырып, бір-біріне қарсы мұндай қаруды қолданбауға келіскен. Келісімге қол қойған екі қайраткер де биліктен кетті. Оның үстіне КСРО-дай алпауыт держава да күйреді. Рас, оның мұрагері ретінде Ресей үлкен қару әлеуетіне ие болып қалды. Ядролық қаруды ауыздықтауға байланысты осы екі ядролық супер державаның бастамашылық қадамдар жасауға мүмкіндіктері мол.
Жақсы ма, жаман ба, сол “Старт-1” келісімі белгілі дәрежеде екі ел арасындағы ядролық қаруды шектеуге негіз қалады. Бірақ сол келісімнің мерзімі өткен жылдың аяғында бітіп отыр. Екі ел басшылары оны ұзартуға әрекет жасай қоймады. Рас, АҚШ президенті Барак Обама да, Ресей президенті Дмитрий Медведев те бұл салада келіссөз жүргізуге әзір екендіктерін мәлімдеді.
Жұрт назары қазір биылғы мамырда Нью-Йоркте өтетін ядролық қаруды таратпау проблемасына арналған NPT (Nuclear Non-Prolіferatіon Treaty) конференциясына ауып отыр. Сонда жан-жақты келісімге де жетуге болғандай. Бірақ 2005 жылы өткен осындай конференция тек айтыс-тартыс, кінәласулармен ғана біткен. Олай болмас үшін жетекші ядролық державалар күні бұрын нақты ұсыныстар әзірлеп, соның төңірегінде әңгіме қозғап, нақты келісім жолын іздесе екен дейсің.
Ядролық қаруды шектеу, оның тарауына жол бермеу мәселесінде біздің еліміздің ұстанған бағыт-бағдары айқын. Тәуелсіздікке қол жеткен кезде-ақ өзімізде болған ядролық қарудан бас тартқанымыз белгілі. Және үнемі оны шектеу, ядролық қарусыз аймақ құру жөнінде бастамалар жасап келеміз. Әсіресе, біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылда ұсыныс-пікірлеріміз де салмақты болмақ. Ядролық қаруға тосқауыл қою жолындағы күресте біздің үлкен орнымыз бар. Жұрт бізден сол орнымызға лайық әрекет күтеді.
ҚАЙРАТКЕР АДАМЗАТТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАЙДЫ
Жыл айрығында әлемдік мәселелер көңілге оралады. Оған қандай қайраткер қандай ықпал жасады деген ой да кес-кестейді. Бір мемлекеттің, бір ұлттың шеңберінен шығып, өзінің іс-әрекетімен әлемдік ауқымда көрінген талай тұлғалар бар. Солардың бірі – Франция президенті Николя Саркози.
Францияның өзі де әркез тарихтың шиыршық атқан кезеңдерінде айтулы оқиғалардың бел ортасында жүреді. Сөйтсе де оны басқарған тұлғалардың ішінде есте қалатындары да бар, кейбіреулерін бірден еске түсіру қиын. Бүгінгі беталысына қарағанда, Саркози алдағы уақытта бірден еске түсетіндер қатарынан орын алатын шығар.
Жаңа жылдың алдында Саркозидің президенттік мерзімінің жартысы өтті. Әрине, бұл – өз ісіне есеп беретін де, жұрт президентке баға беретін де мерзім. Саркозидің өзі ұстанған бағытының дұрыстығына сенімді. Ойымдағыны жүзеге асырып келе жатырмын, тіпті болмағанда сол үшін күресіп келе жатырмын дейді. Сірә, жұрттың да бағасы соған саяды.
Саркози қашан да нақтылықты қалайды. Айтқан сөзін ешқашан да желге ұшырмайды. Сайланарда жұртқа 490 түрі уәде берген екен. Орындалғаны да бар, біршамасы жүзеге асу үстінде. Ең бастысы, ұмытылғаны жоқ. Сайланғаннан кейін де 732 шараға бастамашылық көрсетіпті. Жұрт олардың да орындалатынына сенеді.
Әлемдік дағдарыс Саркозиге де сын болды. Франция экономикалық қыспаққа түссе де, есеңгіреген жоқ. Банктер банкротқа ұшырамады. Басқа біраз елде жетекші кәсіпорындар тұралап қалғанда, жұрт білетін француздардың “Рено”, “Пежо”, “Ситроен” автокөліктері сатылып жатыр, жұмыс орындары қысқарған жоқ. Оларға мемлекет көмекке келді. Жалпы, бұл елде экономика жеке меншіктің ғана қолында емес, жартысы мемлекеттік сектордың үлесінде.
Саркозиді әлем жұртшылығы ең алдымен халықаралық мәселелердегі белсенділігімен танып отыр. Қандай да халықаралық шиеленіске әліптің аяғын күтпей бірден араласып кетеді. Сонысымен де ерекшеленеді. Кавказда кенеттен бұрқ ете қалған Грузия мен Ресей арасындағы соғыстың шарпуы басылмай жатып, Саркози тоқтау айтып, араға жүрді.
Еуропаның біріккені керек. Оның өзіне ғана емес, бүкіл әлемге керек. Қарт құрлықта жетекші, әлеуетті елдер шоғырланған, олар ынтымаққа бастамашы болса, әлемдік тыныштыққа негіз қаланады. Кезінде әлдебір субъектілік сезім ауанымен Франция НАТО-дан бөлініп қалса, Саркозидің белсенді бастамашылығымен Еуропа қауіпсіздігінің кепілі саналатын әскери одаққа ол қайта қосылды. Еуропаның экономикалық кірігуі үшін де Саркози жанын салды. Ол Лиссабон шартының мақұлдануы үшін біраз тер төкті, Еуропалық Одақ жаңа сипатқа көшті – оның президенті сайланып, экономикалық кірігуі бұрынғыдан да нақтылана түсті.
Соңғы кезде Францияның жеке елдермен қарым-қатынасы да бұрынғыдан әлдеқайда өрістей түскеніне жұрт куә. Президент Саркози әлемнің әр тұсынан жиі көрінеді. Африкаға барса, ол өз елінің бұрынғы отаршылдық саясатын көксемейтіні де анық. Қара құрлықтағы тәуелсіз елдермен жаңа қарым-қатынас жасағысы келетінін де әр сапарынан аңғарасың. Азияда да шаруасы көп екен. Саркозидің біздің елімізге сапары кезінде де жұрт біраз жайды ұққандай болды. Ол өз өлшемдерін тықпалай келген жоқ, екі жаққа тиімді ұсыныстарды алға тосты. Франция президенті жайында байыпты да парасатты қайраткер ретінде әсерде қалдық.
Әсіресе, мынау телеарна дегендер әлем қайраткерлерін халыққа жақындатып жіберді ғой. Олардың кездесулерін, басқосуларын көрсеткенде, көпшілігін жұрт жазбай таниды. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – Николя Саркози. Ірілігінен емес-ау, шап-шағын денесімен де жұрттың ортасында ерекшеленіп тұратыны оның әлемдік ауқымдағы салмағынан деп қабылдаған жөн болар.
Мамадияр ЖАҚЫП.