Семейде үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында тәртіп бұзушылық 36,6 пайызға артты. Бұл еліміз бойынша төрт облыс көрсеткішін қоса есептегендегіден де артық көрінеді. Сондықтан жағдай дабыл қағарлықтай болып тұр. Оған қоса ұрлық-қарлық та көбейе түскен. Аталған қылмыстың 90 пайызы қаламен жапсарлас «Шығыс» саяжайында орын алған. Мұнда тұратын 25 мың адамның тең жарымына жуығы тіркеуде жоқ. Яғни, саяжай тұрғындарының көбі сайда саны, құмда ізі жоқ адамдар деген сөз. Ал мұндағы полиция болса аталған саяжайда тәртіп орната алмай дәрменсіздік танытуда. Әйтпесе қаланың екінші жағындағы Бобровка кентінде жағдай мүлде басқаша. Онда жыл басынан бері ешқандай қылмыстық оқиға тіркелмеген. Демек, тәртіп бар жерде қылмысқа жол берілмейді. Сонда «Шығыс» саяжайын бақылайтын полиция қызметкерлері не бітіреді? Олардың жұмысын кім қадағалайды?
Тәртіп демекші, қылмыстың өрши түсуіне түрлі заңсыздықтар да бірден-бір себеп пе дейміз. Мәселен, Семейде сыраханалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Барлық 56 сырахананың тек екеуінде ғана рұхсат қағазы бар және онда адамдар қауіпсіздігін ойлайтын ешкім жоқ. Әлі күнге дейін жарықтандырылмаған көшелер де қылмыстың өрши түсуіне себепші болуда. Сөйтіп, алғашқы жартыжылдықта қала бойынша 149 ұрлық пен 9 кісі тонау дерегіне жол берілген. Соған сәйкес жеңгетайлық та жанданып тұр.
Міне, осының бәрі жуырда қалалық әкімдікте өткен ведомствоаралық комиссияның жиынында кеңінен айтылды.
Бірақ, қалай десек те, бір жиынмен барлық мәселе шешілді деуге болмас. Яғни, ендігі жерде сөзден іске көшетін кез жетті деп білеміз. Әйтпесе, еліміздің рухани орталығы болып есептелетін Семейді мұндай келеңсіздіктердің ұшпаққа шығара қоймайтыны түсінікті. Сондықтан тәртіп сақшылары өздері де тездетіп қорытынды шығарады деген ойдамыз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.