Британия премьері Дэвид Кэмерон парламентте сөз сөйлеп, бүкіл елді қамтыған көшедегі тәртіпсіздіктерге қарсы күрестің жоспарын ұсынды.
Лондон тәртіп сақшыларына суатқыштарды, резеңке оқ пен көз жасауратқыш газды белсенді пайдалануға рұқсат ете отырып, бұзақы жастарды ауыздықтау үшін полицияның құзырын күшейтпек ниетте. 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада қарсаңында біз бұзақылардың британ ұлтының да, біздің жастарымыздың да өкілдері емес екендігін бүкіл әлемге дәлелдеуіміз керек, деп мәлімдеді ол.
Аппарат сынақтан өтпей қалды
АҚШ-та әлемдегі ең жылдам ұшатын Falcon HTV-2 ұшу аппаратын сынау осымен екінші рет сәтсіз аяқталды.
Жақында Калифорниядағы америкалық «Ванденберг» әскери-әуе базасынан арнайы зымыран тасығыштың көмегімен ұшырылған аппарат Тынық мұхитқа құлады, делінген осы аппаратты жасаумен айналысқан қорғаныс министрлігінің перспективалы зерттеу бағдарламалары басқармасының хабарында. Ұзындығы 3,7 метрді құрайтын, сағатына 21 мың шақырым шапшаңдықпен ұшатын аталмыш ұшақ Пентагонның ниетінше ядролық бомбаны планетаның кез келген нүктесіне бір сағатқа жетпейтін уақытта жеткізуге тиіс болатын.
Ливия елшілігіне шабуыл
Швецияның полициясы Стокгольмдегі Ливия елшілігін шабуыл жасай отырып, басып алды.
Жеті адам тұтқындалды. Осының алдында белгісіз біреулер Ливия оппозициясын қолдайтын ұрандарды дауыстай отырып, ғимаратты басып алған болатын. Олар өзді-өзімізге қол жұмсаймыз немесе елшілікті өртеп жібереміз деп қорқытты. Полиция алғашында тәртіп бұзушылармен келіссөз жүргізген болатын. Бірақ қылмыскерлердің бірі тұтанғыш сұйық құйылған шөлмекті терезеден лақтырған сәтте бірден штурм басталды.
Румын азаматтарына шектеу қойылды
Еурокомиссия Испанияның осы жылдың 1 тамызынан бастап 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін елдің жұмыс күші рыногына Румыния азаматтарының келуіне уақытша шектеу қою жөніндегі шешімін қуаттады.
Онда аталған шешімнің Испанияда қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген румындарға қатысы жоқ екендігі, бірақ болашақта оның елдің бүкіл өңірлері бойынша күшінде болатыны атап көрсетілген. Оған елдегі ІЖӨ-нің бұрын-сонды болмаған дәрежеде құлдырауы және жұмыссыздық деңгейі себепкер болған. Дегенмен, испандық сарапшы-рекрутшылар елдің жұмыс күші рыногын бұдан былай Қытай, Болгария және Молдова сияқты елдерден келген еңбек ресурстары басады дегенді айтып отыр.
Тимошенконың кісі өліміне қатысы бар ма?
АҚШ прокуратурасында қазіргі кезде 2009 жылы Ресеймен арадағы газ келісімінде өкілеттігін асыра пайдаланған үшін сотта ісі қаралып жатқан экс-премьер Юля Тимошенконың атышулы кісі өліміне қатысы болуының мүмкіндігі туралы ақпарат бар.
Бұл жөнінде Украина бас прокурорының бірінші орынбасары Ренат Кузьмин хабарлаған. Әңгіме 1996 жылы Донецк әуежайында әйелімен атып өлтірілген парламент депутаты Евгений Щербань туралы болып отыр. Бұл қылмыс әлі күнге дейін ашылған жоқ. Украинаның бас прокуратурасы қазіргі күні қылмыстары үшін АҚШ-та жазасын өтеп жатқан экс-премьер Павел Лазаренконы осы іске тапсырыс беруші деп айыптайды. Ал Тимошенко болса 1990 жылдары Лазаренкомен іскерлік және саяси қарым-қатынастарда болған.
Үміткерлер саны 54-ке жетті
Қырғызстанда 54 үміткер елдің жоғары мемлекеттік лауазымы үшін ресми түрде орталық сайлау комиссиясына өз өтініштерін берген.
Бұл туралы жұма күні РИА Новости агенттігіне Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының өкілі хабарлаған көрінеді. Елдегі президент сайлауы 30 қазанға белгіленген. Бұл сайлау Құрманбек Бакиевті тағынан тайдырғаннан кейінгі билікті заңдастыру бағытындағы кезекті саты болмақ. Қазіргі уақытта республиканы басқарып отырған өтпелі кезең президенті Роза Отунбаеваның өкілеттігі 31 желтоқсанда аяқталады. Президент лауазымына кандидаттар ұсыну 16 тамызға дейін жалғасады.
Келісімге қол қойыларына үмітті
Корея Халық Демократиялық Республикасы таяу уақыттарда жаңадан ядролық сынақтар өткізуді жоспарлап отырған жоқ.
Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ким Сон Хванның мәлімдеуінше, ел үкіметі Солтүстік Кореяның ядролық талдаулар саласындағы қызметін мұқият қадағалап отыр. Сол себепті КХДР-дың үшінші рет ядролық сынақ өткізуге дайындалып жатқандығы туралы ақпарат жоқ. Солтүстік Кореяның Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен шығатынын мәлімдеген жалғыз мемлекет екенін айта отырып, министр КХДР-дың ядролық сынақтарға тыйым салатын келісімге тез арада қол қоятынына сенім білдірді.
Солшыл радикалдың әрекеті
Полиция Эстония қорғаныс министрлігі ғимаратында қарудан оқ атқылаған адамның есімін атады.
Ол 57 жастағы армениялық азамат болып шықты. Эстония премьері Андрус Ансиптің айтуынша, ол адам заңгер болып жұмыс істеген және Бірлескен солшыл партияның мүшесі болған. Оқиға 11 тамыз күні орын алған болатын. Ер адам қорғаныс министрлігіне кіріп келіп, оқ ата бастаған және күзетшіні кепілдікке алған. Оқиға болған жерге полиция күштері тартылып, арнайы бөлім қызметкерлері шабуыл жасамақ болған кезде қылмыскер өзін-өзі атып өлтірген. Зардап шеккен ешкім жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.